ЕЛ АМАНАТЫ БӘРІНЕН ДЕ БИІК
Елімізде 1993 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік территориялық құрылымы туралы» және «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті және атқарушы органдары туралы» Заңдары қабылданып, жергілікті мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енді.
Өкілетті органдар – мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары болып аталды. 1994 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасында жергілікті өкілетті орган – бірінші шақырылым депутаттарының мәслихат-жиналыстарына сайлау өткізілгені белгілі. Осы уақыт ішінде жергілікті мәслихаттағы депутаттық корпус деп аталатын үлкен армия еліміздегі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Олардың қатарында киелі Іле ауданының аудандық мәслихат бөлімі де елдің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Заманмен бірге жаңарып, жарыса дамуда. Осыған орай алдағы келе жатқан Аудандық мәслихаттың 30 жылдығына орай аудандық мәслихат төрағасы Кәрібаев Мұхит Бақытұлынан сұхбат алып, көпшілік оқырманға ұсынып отырмыз.
– Мұхит Бақытұлы, мәслихат мемлекеттік басқарудың жергілікті органы ретінде ел дамуында қандай жұмыстар атқара білді?
– Сонау тарихтан бастасақ, алғашқы шақырылым депутаттарынан бастап, күні бүгінгіге дейін ел экономикасының тоқыраған, халық сұранысының асқақтаған уақытында аудан халқымен біте қайнасып, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстарға белсене араласып, еліміздегі саяси өзгерістердің алғашқы жылдарында мәслихаттың оңтайлы жұмыс атқаруына өздерінің сүбелі үлестерін қоса білді. Бүгінгі күні аудандық мәслихат тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган болып отыр. Аудан халқының қалауын, ықтиярын білдіріп және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілеп, әрі атқарылу барысын бақылап келеді. Депутаттарымызбен біріге отырып, Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен жаңа жобалардың іске асуына белсене араласып келеді.
– Мәслихаттың негізгі атқаратын міндетіне тоқталыңызшы?
– Іле аудандық мәслихаттың негізгі міндеттері – тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының, жергілікті бюджет және олардың атқарылуы туралы міндеттерді талқылау және қарау. Халық өкілдері депутаттардың жұмыстарын тиімді, сапалы ұйымдастыру, сайлаушылардың талап-тілектерінің орындалуына ықпал жасау, жергілікті өзін-өзі басқарушы органдар өкілдерінің мемлекеттік басқару жұмыстарына араласуына жағдай жасау, ықпалдастыру және жергілікті атқарушылық бағыттағы нормативтік-құқықтық актілер қабылдау және бекіту.
– Осы тұста айтыңызшы, аудандық мәслихат депутаттары немен айналысады және олардың ауданның дамуына ықпалы қандай?
– Депутаттар қоғамдағы проблемаларды мұқият зерттеп, олардың түйінін шешу үшін сайлау округіндегі тұрғындармен, өкілетті және атқарушы орган қызметкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, түрлі мәселелерді көтеріп, жаңа бастамаларды қолға алып келеді. Өткен жылы 19 наурыз күні ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы депутаттары жаңадан жасақталды. Сегізінші шақырылымның депутаттары өз жұмысына кіріскелі бері бірқатар мәселелердің шешімінің табылуына өз үлестерін қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауаשּׁкершілік және маңызды міндет», – деп атап өтіп, бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Әлбетте, барлығымыздың мақсатымыз – ел-жұрттың амандығы, тыныштығы, халықтың әл-ауқатының артуы, елдің экономикасының көтерілуі, ауылдарымыздың гүлденуі. Сондықтан, бір мақсатта бірлесіп жұмыс жасауға міндеттіміз.
– Өз қызметтеріңізде заңға қаншалықты иық сүйейсіздер?
– Әрине, еліміздің Конституциясында «Жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды» деп көрсетілген. Ауданымыздың жергілікті өкілді органы, Іле аудандық мәслихаты өз қызметінде еліміздің Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңын және де басқа заңнамалық актілерін, аудандық мәслихаттың регламентін басшылыққа алып, жұмысын абыроймен атқаруда. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау республикалық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістерге сәйкес аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша өткізілді.
Ауданымыз бойынша 27 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланды. Депутаттық корпустың құрамы 51% — ға жаңартылды. Маслихаттағы әйелдердің үлесі 22% (6 адам), жастар – 7,4% (2 адам) құрады.Гендерлік құрамы: ерлер – 78% (21 адам), әйелдер – 22% (6 адам). Этникалық құрамы: қазақтар – 23 адам, орыстар – 1 адам, басқа ұлттар – 3 адам. Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» №432 Жарлығына сәйкес, Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылып, Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылды және оның атауы Алатау қаласы болып өзгертілгені барлықтарыңызға мәлім, нәтижесінде Алатау қаласының мәслихаты құрылып, Іле аудандық мәслихатының құрамынан жаңа қаланың құрамына кірген сайлау округтерінің 5 депутаты шығарылды.
– Жиі сессия мен дөңгелек үстелдер өткізесіздер. Сессияның маңыздылығы қандай?
– Сессия жергiлiктi өкiлдi органдар қызметiнiң негiзгi нысаны ретiнде өз құзыретiндегi мәселелер шешiлетiн жұмысымызда басты орынды алады. Бүгінгі күні аудандық мәслихатта үш тұрақты комиссия құрылып, жұмыс істейді. Бірінішісі, бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс, байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік мәселелері туралы төрағасы Рахимбаев Айбек Амангелдіұлы. Екіншісі, халықты әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тіл мәселелері туралы төрағасы Ысқақ Бауыржан Ербозымұлы, үшіншісі депутаттық этика, өкілеттік, заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіп және қоғамдық қатынастар мәселелері туралы төраға Сұлтан Данашұлы Жарқынбеков. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында мәселелер қарар алдында ауылдық және кенттік округтерге баратын уақытша комиссия құрылуы тиіс. Мәслихаттар белгілі бір саяси және әлеуметтік шешімдердің қабылдануына немесе қабылданбауына шын мәнінде әсер етіп, қоғам өмірінің тиімді құрамдас бөлігіне айналғанын атап өткен жөн. Азаматтардың әлеуметтік белсенділігі арқылы жергілікті маңызы бар барлық мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін, сол арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысуын ынталандыратын жергілікті өзін-өзі басқару. Атқарушы билік органдарының барлық шешімдері мен өңірді дамыту бағдарламасы сессияға шығар алдында жұмыс комиссияларында талқыланады. Сондай-ақ, депутаттар елді мекендердің жол жөндеу және абаттандыру сапасы бойынша әлеуметтік аудит жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер, мердігерлер және қоғамдық кеңес өкілдерінің қатысуымен тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысы өтті. Сегізінші шақырылым депуттары сайланғалы бері аудандық мәслихаттың 29 сессиясы, тұрақты комиссия отырысы өткізілді. Аудандық мәслихаттың құзыретіне сәйкес бүгінгі күнге дейін 107 шешім, қабылданды, оның ішінде 7-і нормативтік-құқықтық сипатта. Айта кету керек, сессияларды қарауға материалдарды дайындаудың тәсілдері жаңартылды, бұл депутаттардың дайындық процесіне қатысуынан көрінеді. Сонымен қатар, барлық сессия материалдары электронды пошта арқылы интернет арқылы жіберіледі, бұл сессия материалдарын алдын ала зерделеуге және нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Заң талаптарына сәйкес мәслихат сессияларында бюджеттің атқарылуы туралы есептер тыңдалып, оған жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы аудан әкімнің есебі қабылданды. Аудандық мәслихаттың сессияларында аудандық бюджетті бекіту және нақтылау өкілеттігі де жүзеге асырылады. Өткен жылы аудан бюджеті 4 рет нақтыланды. Жүргізілген барлық нақтылаулар, ең алдымен, мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша қолданыстағы бюджеттік үнемдеуді қайта бөлуге және өңірдегі басым мәселелерді шешуге қаражат бөлуге қатысты болды. Заңнаманың қарқынды дамуына байланысты аудандық мәслихаттың қабылданған нормативтік құқықтық шешімдері әзірлеуші органдармен бірлесіп тұрақты негізде бақылауға алынып, оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар уақытылы енгізіліп отырады.
– Депутаттардың қабылдаулары да жиі өтіп тұрады. Халықтың талап, арыздары, өтініштері өз межесіне жете ме?
– Біз халықтың талабын орындау үшін жұмыс жасаймыз. Жыл басынан бері аудандық мәслихат депутаттары өз округтерінде 300-ден астам азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындарды жеке қабылдау барысында тұрғындардың көптеген сұрақтары жедел түрде шешілуде. Өтініштердің 85%-ы оң шешімін тауып, 15%-ы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес түсініктемелер берілді. Талдау көрсеткендей, өткен жылдармен салыстырғанда әлеуметтік мәселелер бойынша өтініштер азайған. Әртүрлі органдарға әлеуметтік сипаттағы 38 депутаттық сауал түрлі мекемелер мен бөлімдерге жолданып, тиісті жауаптар алынып, тұрғындардың өтініштері қанағаттандырылды. Аудандық мәслихат депутаттары өз сайлау округтерінде барлық талаптарды сақтай отырып, ай сайын бір реттен кем емес сайлаушылармен кездесіп, олардың өтініштері мен мұң мұқтажын тиісті органдармен бірлесе шешуге атсалысуда. Аудандағы көмекті мұқтаж ететін азаматтарға аудандық мәслихат депутаттары өз тараптарынан демеушілік көмектер де көрсетіп тұрады. Депутаттар волонтерлық топтарда белсенді болып, ел басына қиын қыстау жағдаййларда белсенділік танытып, ауданымыздың бірлігі мен халықтар достығның бір жағадан жең шығарып, бірлік пен азаматттық, татулық пен берекенің ұйытқысы болуға әрдайым дайын екендіктерін көрстеуде.
– «AMANAT» партиясы мен фракция мүшелерінің жұмыстарына тоқталсақ?
– Іле аудандық депутаттық фракция мүшелері «AMANAT» партиясы Іле ауданының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған «Жол картасының» аясында салынып жатқан нысандардағы құрылыс жұмыстарының жайы және сауда орындарында тұрғындардың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын зерделеу жұмысына белсене атсалысып отырды. Сонымен қатар, ,«Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Заңгерлік көмек» жобаларына, «Мектепке жол» акциясына қолдау көрсетіп, оқушыларға мектеп оқу құралдарын алуға демеушілік көмектер көрсетілді, аудан тұрғындарының мәселелерін тиімді әрі оңтайлы шешуге күнделікті белсене атсалысуда. Халықпен 38 көшпелі кездесу ұйымдастырылды, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша 46 рейд жүргізілді. Мұқтаж азаматтарға консультациялық көмек көрсету мақсатында фракция мүшелері партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 76 азаматты қабылдады, мәселелердің оң шешілуіне ықпал етті, ауызша, заңдық кеңестер берілді.
– Аудандық мәслихаттың өзінде қанша қызметкерлеріңіз бар?
– Бүгінгі күні аудандық мәслихат аппараты – 5 мемлекеттік қызметшіден тұрады. Аппарат қызметшілері депутаттық корпустың қызметіне ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық қызметті, депутаттық өкілеттіліктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Мәслихат аппараты тұрақты комиссиялардың отырыстарын, сессияларды, депутаттық оқуларды, дөңгелек үстелдерді ұйымдастырды. Мәслихат аппаратына келіп түскен 219 хат қаралып, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға әр түрлі мәселелер бойынша 198 хаттар дайындалып, жіберілді. Мәслихат аппаратымен жеке және заңды тұлғалардан 73 өтініш келіп түсіп, (жер мәселесі, жарықтандыру, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша) заң аясында кеңестер мен тиісті жауаптар берілді.
– Міне, аудандық мәслихатымыз 30 жасқа келіп отыр. Мерейлі датаға орай өз тарапыңыздан жылы лебізіңізді білдіре кетсеңіз?
– Биыл еліміздің жергілікті өкілді органдары – мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Іле ауданы мәслихаты мен депутаттары ауданымыздың осы жылдары тұрақты дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Депутаттар мен аудандық мәслихат қызметкерлерін өкілді органның 30 жылдық мерекесі қарсаңында еліміз Қазақстанның игілігіне атқарып жүрген жұмыстарыңызда табыстар тілеймін. Біздің жұмысымыздың бағасын болашақ береді. Барлық әріптестеріме отбасыларына береке, жұмсыстарына табыс, қажымас қайрат тілеймін!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Бағдат ШОЙБАС