Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту туралы айтқан ойлары отандық бизнестің болашағына деген сенімді күшейтеді. Мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдау шараларын жетілдіріп, экономикалық қылмыстарды қылмыс санатынан шығаруы, заңсыз тексерулердің алдын алуға басымдық беруі – кәсіпкерлікке деген жаңа көзқарастың белгісі.
Әсіресе, Президенттің «Басынан бастап реттеу» тәсілін енгізуі кәсіпкерлікті жүргізуді жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам. Бұл бизнеске деген сенім артып, жаңа бастамаларға жол ашуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен кепілдендірілген қарыздар арқылы шағын және орта бизнестің дамуы еліміздегі жұмыспен қамту мәселесін шешуде ерекше рөл атқаруда.
Сонымен қатар, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артуы – біз үшін мақтанарлық жетістік. 2024 жылы 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тарту – экономиканың тұрақтылығы мен мемлекеттік басқару тиімділігінің көрінісі. Бұл көрсеткіш Қазақстанды халықаралық деңгейде сенімді серіктес ретінде танытады.
Ірі бизнес пен шағын бизнестің үйлесімді дамуы, сондай-ақ кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің артуы – қоғамның барлық саласына оң әсер етуде. Мемлекет пен бизнестің тиімді ынтымақтастығы арқылы білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада шешімін тапқан көптеген бастамаларды атап өтуге болады.
Мен, кәсіпкер ретінде, Мемлекет басшысының бизнеске қысым көрсетпеу туралы ұстанымын толығымен қолдаймын. Кәсіпкерлік ортада әділдік пен ашықтық қамтамасыз етілсе, бұл саланың ел экономикасына қосар үлесі еселенетіні анық. Ал кәсіпкерлер, өз кезегінде, заң аясында жұмыс істеп, қоғамның дамуына үлес қосуы тиіс.
Қазіргі реформалар мен Президенттің батыл бастамалары отандық бизнестің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл – кәсіпкерлер үшін сенім мен ынталандырудың мықты негізі.
Н.Л Түймелиев — жеке кәсіпкер