Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет жұмысына байланысты айтқан сындарлы пікірі халықтың көңіліндегі ойды жеткізіп отыр. Әсіресе, экономикадағы жетістіктер мен азаматтардың тұрмыс сапасы арасындағы тығыз байланысты ерекше атап өткені құптарлық. Шынында да, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кез келген жетістіктің басты өлшемі – қарапайым халықтың күнделікті өмірінде нақты сезілетін оң өзгерістер.
Ақсақалдар кеңесі ретінде біз жергілікті жерлерде осы реформалардың тиімді жүзеге асуын жіті қадағалап отырамыз. Үкіметтің экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы бастамалары ауыл-аймақтың да игілігіне айналуға тиіс. Ауыл шаруашылығы мен жергілікті инфрақұрылымды дамыту мәселесі, әсіресе, аудан тұрғындары үшін аса маңызды. Сондықтан Үкіметтің бұл бағыттағы жұмыстары жүйелі әрі батыл қадамдарға негізделуі керек.
Президенттің «Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны жай сөз жүзіндегі жетістік деуге болады» деген сөзі – баршамызға ой саларлық. Әкімдер мен жергілікті басқару органдары халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, әр бастаманың шынайы нәтижеге бағытталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Ақсақалдар әрқашан елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға үлес қосып келеді. Біз осы бірліктің арқасында ғана барлық қиындықты жеңіп, алға қойған мақсаттарға жете аламыз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа шешімдер қабылданатынына сенім білдіреміз. Өз тарапымыздан, ақсақалдар ретінде, жастарға бағыт-бағдар беріп, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға әрдайым дайынбыз.
Елдің болашағы – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Қай салада болсын, шынайы еңбек пен адалдық қана мемлекетті нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттырады.
М.Сейдалиев
аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі