Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық валюта бағамы мен экономикалық тұрақтылық мәселелері жөніндегі пікірі еліміздің болашақ дамуына бағытталған ұтымды ұстаным екенін көрсетеді. Экономиканың нақты секторы мен еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беру – халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі кепілі.
Ұстаз ретінде мен бұл мәселеге білім беру саласы тұрғысынан қарағым келеді. Экономикалық өсім мен ұлттық валюта тұрақтылығы – білім мен білікті мамандардың сапасына тікелей байланысты. Президенттің аймақтардағы экономикалық ахуалды терең түсінетін, тәжірибелі мамандардың қажеттігі туралы сөзі өте орынды. Осы орайда, елімізде мектептен бастап экономика, қаржы сауаттылығы және кәсіпкерлік негіздерін оқытуға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл болашақта экономикамызды жаңа деңгейге көтере алатын жас буынды дайындаудың алғышарты болар еді.
Сонымен қатар, білім беру саласы еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделіп, жоғары оқу орындары мен колледждер жергілікті экономикаға қажетті мамандарды даярлауы тиіс. Мәселен, ауылдық жерлерге экономистер, агрономдар, инженерлер сияқты нақты өндіріс саласына қажет мамандар керек. Бұл білім беру мекемелері мен экономика арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Президенттің «Нарықтық механизмдерді қолдану» және «алтын-валюта қорын ысырап етпеу» саясаты – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізі. Дегенмен, бұл шараларды жүзеге асыруда еліміздің адами капиталының рөлі ерекше. Сондықтан білім беру жүйесі экономикалық реформалардың басты тірегі болуы тиіс.
Еліміздің дамуы үшін әрбір азамат – оқушы, студент немесе ұстаз – өз саласында тиімді жұмыс істеуге ұмтылуы керек. Президенттің реформаларының түпкі мақсаты да – осы: әр азаматтың мүмкіндігін арттырып, қоғамды ортақ игілікке жұмылдыру. Біз, ұстаздар, осы идеяны қолдай отырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен дұрыс бағыт беру арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз қажет.
С.Д Жарқынбеков
46 орта мектебінің директоры