Аудан жаңалықтарыАуыл тынысы

Президенттің азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған реформалары елдің тұрақты дамуына оң серпін береді. Әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру салаларының дамуы қоғамның барлық топтары үшін маңызды.

Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мәселесі көп жылдан бері назар аударуды қажет ететін өзекті бағыттардың бірі. Бұл жобаның жалғасуы – ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау мен медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді. 460 мың оқушыға арналған жаңа мектептердің салынуы білім беру саласының сапасын жақсарту арқылы жас ұрпақтың болашағына салынған инвестиция деп айтуға болады.

Баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жоспар да ерекше маңызға ие. «Отбасы банкін» «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін толыққанды даму институтына айналдыру – баспана мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған нақты әрі тиімді шешім.

Сонымен қатар, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы – тек экономикалық дамуды емес, сонымен қатар, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін қадам. Президенттің Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға назар аударуы – мемлекеттің қаржылық ресурстарын ел мүддесіне сай бағыттаудың көрінісі.

Бұл реформалар – тек статистикалық көрсеткіштерді жақсартуға емес, елдің әр азаматының өміріне нақты өзгерістер әкелуге арналған қадамдар. Сондықтан бұл бастамаларды қоғам тарапынан қолдау аса маңызды. Ел болашағы үшін әр азаматтың өз үлесін қосып, бастамаларды іске асыруда белсенді болуы – уақыт талабы.

Қ.Б Каршалова

аудандық тілдерді дамыту орталығының жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button