Бірыңғай уақыт белдеуі туралы мәселенің күн тәртібіне шығуы – еліміз үшін өзекті тақырыптардың бірі
Қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде, бұл мәселеде мемлекеттік органдардың халықпен ашық диалог орнатуға талпынысын оң бағалаймын.
Уақыт белдеуін өзгерту тек сағат тіліне қатысты мәселе ғана емес. Бұл шешім азаматтардың тұрмыс сапасына, еңбек өнімділігіне, білім беру мен денсаулық сақтау саласына да тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай маңызды мәселе сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен терең зерттеліп, жан-жақты талқылануы тиіс.
Парламент пен Үкіметтің бұл бағыттағы әрекеттері, атап айтқанда, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, азаматтардың пікірін ескеруі – ашықтық пен жауапкершіліктің көрінісі. Қоғамдық ұйымдар да бұл үдеріске белсене қатысып, түрлі өңірлердегі тұрғындардың ұстанымын жеткізуге дайын.
Еліміздегі әртүрлі аймақтардың өзіндік ерекшелігі бар екенін ескерсек, уақыт белдеуі мәселесі өңірлердің экономикалық және әлеуметтік жағдайына бейімделіп шешілгені жөн. Сонымен қатар, уақыт белдеуінің өзгеруі табиғаттың цикліне, халықтың еңбек және демалыс режиміне сай келуі маңызды.
Қоғамдық ұйым ретінде, біз бұл процестің толық ашық өтуін, барлық тараптардың пікірінің ескерілуін және қабылданатын шешімнің халық мүддесіне сай болуын қолдаймыз. Уақыт белдеуі сияқты стратегиялық мәселелерде халықтың пікірін тыңдап, олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдау – еліміздің одан әрі дамуындағы маңызды қадам.
Б.С Бесиров — “Іле ауданының Ауған соғысы ардагерлері” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі