Еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды
Үкіметтің азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамалары – еліміздің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар.
2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарының аясында жүзеге асырылатын ірі жобалар, әсіресе, «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі, көлік-транзит инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Бұл тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, тұрғындардың өмір сапасына да оң ықпалын тигізетіні анық.
Сонымен қатар, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мен білім беру саласындағы реформалар ерекше маңызға ие. Ауылдық жерлерде медициналық нысандар салу, жаңа мектептер ашу – аймақтардағы теңсіздікті азайтып, азаматтардың өз болашағына сенімді болуына негіз қалайды.
Мемлекет тұрғын үй мәселесін шешуге айрықша назар аударуы да құптарлық. Әсіресе, «Отбасы банкін» дамыту арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға жеңілдетілген тетіктерді ұсыну – халықтың көптен күткен бастамасы. Бұл тек баспанаға қолжетімділікті арттырып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына да ықпал етеді.
Әлеуметтік инфрақұрылым мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобалардың Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылуы – қаржыны елдің игілігі үшін тиімді пайдалану деген сөз. Дегенмен, бұл қаражаттың ашық және мақсатты жұмсалуын бақылау – қоғамның міндеті.
Қоғамдық ұйым жетекшісі ретінде, осы бастамаларды іске асыруда ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтық қоғам өкілдерін талқылау процесіне қатыстыру маңызды деп санаймын. Әрбір инфрақұрылымдық және әлеуметтік жоба халықтың талап-тілегін ескере отырып жүзеге асырылғанда ғана оның тиімділігі арта түседі.
Мұндай бастамалар еліміздің болашағын айқындайтын әрі халықтың әл-ауқатын арттырудың басты құралына айналуы тиіс. Қоғамдық ұйымдар осы процестерді бақылауда ұстап, тұрғындармен кері байланыс орнату арқылы олардың мүддесін қорғауға белсенді қатысуы қажет.
А. Бекходжаева — «Азаматтық-әлеуметтік базис «Болашақ» ҚБ