Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлық — елдің рухани-мәдени дамуына да тікелей әсер ететін үлкен кедергі

Сыбайлас жемқорлық – тек экономикалық немесе саяси мәселе емес, ол елдің рухани-мәдени дамуына да тікелей әсер ететін үлкен кедергі. Жемқорлықпен күрес – әділетті қоғам құрудың маңызды негізі. Біздің елде бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Алайда, шенеуніктердің ұсталғаны туралы жиі айтылуы қоғамда терең ой тудырады. Бұл, бір жағынан, ашықтықтың белгісі болса, екінші жағынан, мәселеге әлі де түбегейлі өзгеріс қажет екенін аңғартады.

Мәдениет саласының өкілі ретінде айтарым, жемқорлықпен күрес тек құқықтық тетіктермен шектелмеуі тиіс. Бұл құбылыстың түбіне үңілсек, оның мәдениет пен сана деңгейіне байланысты екенін байқаймыз. Халықтың құқықтық сауатын арттырумен қатар, адамгершілік құндылықтарды, адалдық пен жауапкершілік мәдениетін насихаттау маңызды. Бұл міндетті тек мектеп немесе жоғары оқу орындарына жүктеу жеткіліксіз. Оған театр, кино, әдебиет және өнердің барлық салалары қатысуы тиіс.

Өнер мен мәдениет арқылы қоғамның сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға болады. Мәселен, әдеби шығармаларда, театр сахнасында, кинода жемқорлықтың жеке адамның тағдырына және қоғамға тигізетін зардабы көркем түрде көрсетілсе, бұл халықтың санасына тереңірек әсер етеді. Тарихымыздағы және бүгінгі күндегі адал қызметкерлердің, әділ тұлғалардың бейнесін үлгі етіп ұсыну да маңызды.

Сонымен қатар, жемқорлықпен күресте мәдениет саласы ашықтықтың үлгісін көрсетуі керек. Мемлекеттік қаржының мәдени жобаларға жұмсалуында, гранттар бөлуде және өнер ұйымдарының қызметінде барынша ашықтық болуы қажет. Бұл басқа салаларға да үлгі болары анық.

Жемқорлық – рухани құндылықтар дағдарысының көрінісі. Сондықтан бұл мәселемен күрес тек заңды шаралармен емес, ұлттық сананы жаңғырту және адамгершілік қағидаттарын нығайту арқылы жүргізілуі тиіс. Мәдениет – осы күрестің алғы шебінде тұратын күш.

Төркен Кененқызы — ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы

Басқа жаңалықтар

Back to top button