Қоғамдық тұрақтылық – бәрімізге ортақ жауапкершілік
Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде этносаралық келісім мен тұрақтылықты ерекше қастерлейді. Бұл құндылықтарымызды сақтау – әрбір азаматтың, соның ішінде журналистер мен қоғам белсенділерінің де басты міндеті.
Жақында әлеуметтік желіде Темірлан Енсебектің ісіне байланысты қызу талқы басталды. Оның Qaznews24 парақшасында жариялаған материалдары, өкінішке қарай, қоғамдағы пікірталастың шегінен шығып, ұлттық мәселелерге тиіп кетуі қоғамда алаңдаушылық туғызды.
Біріншіден, сөз бостандығы – біздің елімізде заңмен қорғалатын құқық. Алайда бұл құқық басқа азаматтардың ар-намысы мен құқығын шектеуге негіз бола алмайды. Ешбір жағдайда сөз бостандығы ұлттық, діни немесе этностық келеңсіздік тудыруға пайдаланылмауы тиіс.
Екіншіден, әрбір шығармашылық иесі жауапкершілік пен адамгершілікті басшылыққа алуы қажет. Әзіл немесе сатира адамдарды ойландырып, жақсылыққа жетелейтін құрал болуы керек, ал арандатушылыққа жол бермеу – қоғамның тұрақтылығының кепілі.
Темірлан Енсебекке қатысты қылмыстық іс оның жеке басына үлкен сабақ болады деп сенеміз. Біз жас азаматтың өмірін бұзбай, оған ескерту сипатында жеңілдеу жаза қолдануды қолдаймыз. Бірақ мұндай әрекеттердің қоғамға теріс әсер ететінін әрбір адам түсінуі тиіс.
Қоғамдық келісім – нәзік тепе-теңдік. Біз бәріміз бір елде өмір сүреміз, сондықтан ортақ болашағымыз үшін бір-бірімізге құрметпен қарауымыз керек. Провокация, жала жабу немесе басқа ұлтты кемсіту ешқашан еркіндік немесе шығармашылық деп бағаланбауы тиіс.
Іле ауданының қоғамдық медиация төрағасы М.Сейдалиев