МЕНІҢ ӨМІРДЕГІ ӨНЕРІМ…
Ауыл театрын көркем сөзбен дестелесек, «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп бағалауға толық негіз бар шығар. Өнердің бесігі – ауыл. Әңгімеміздің негізіне айналғалы отырған Іле ауданыныдағы Ақши халық театры өзінің құрамын жас актерлермен толықтырып, жарты ғасырда бір дүр сілкініп, жасарып қалғаны бар. Жайдақ жастар емес, кілең өнердің тасын өрге сүйреген дүлдүлдер. Солардың бірі жас актер Диас Төлепберген. Жақында ғана «Қажымұқан» филімінде бас кейіпкердің жас балуан кезін сомдады. Жұрттың қызығушылығын тудырған жас актерді газет бетіне шығарып таныстырғымыз келді. Жалпы, кейіпкерді емес, адамды тану маңызды.
– Диас Төлепберген, бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Бала кезімде мен КамАЗ жүргізуші болсам деп армандайтынмын. Егер дәл осылайша үлкен жетістікке жетсем, оны үлкен армандарымның бірі санайтын едім. Сол кезде «шіркін, солай болсам ғой» деп қиялдайтынмын. Кейін 5-сыныпта оқып жүргенде біздің мектепте Ержан Исатаев деген ұстазымыз болды. Ол №13 орта мектептің аты аңызға айналған ұстаздарының бірі еді, көпшілік оны жақсы білетін. Сол ұстазым бір күні менің дәлізде келе жатқанымда ән айтып тұрғанымды байқап, тоқтатты да:
– Сенің дауысың бар екен ғой. Ән айт, концерттерге қатыс, осы жолды таңда, – деді.
Осы кісі менің өнерге деген сүйіспеншілігімнің оянуына үлкен ықпалы етті.
Мектепте оқып жүрген кезден бастап әншілікке қызықтым. Әнші боламын деп армандадым. Бірақ КамАЗ жүргізуші болу арманым да ұмытылған жоқ. Ән айтып жүріп, «бір күні КамАЗ жүргіземін» деп ойлайтынмын. Ержан аға сол арманымды да, өнерге деген сүйіспеншілігімді де қолдады. Осылайша, мектеп қабырғасындағы ұстазым Ержан Исатаевтың арқасында өнерге аяқ бастым.
– Мамандығыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Мектепті тәмамдаған соң, Жүргенов атындағы өнер академиясына түстім. Академияда мықты ұстаздардан тәлім алдым. Музыкалық театр актері мамандығы бойынша оқыдым. Ұстазым – Қазақстанның халық әртісі, профессор, танымал режиссер Есмұхан Обаев еді.
Академияда бізді музыкалық драмаға бағыттады. Бұл – сіз бір жанрда ғана шектелмейсіз: әрі театр, әрі кино актері бола аласыз. Мен музыкалық драманы таңдадым.
– Егер өз салаңызды өзгерту мүмкіндігі болса, қандай мамандықты таңдар едіңіз?
– Егер мамандықты қайта таңдауға мүмкіндік берілсе, осы өнер саласын қайта таңдар едім. Өйткені, бұл менің жан-дүниеммен ұштасқан сала. Өнер мен үшін тек кәсіби бағыт емес, өмірімді мәнді ететін, ішкі әлемімді ашатын және сезімдерімді жеткізуге мүмкіндік беретін құрал. Әрбір жаңа туынды мен үшін жаңа тәжірибе, жаңа әлем. Өнермен айналыса отырып, өмірдің мәнін тереңірек түсінемін. Сондықтан, бұл саланы таңдау – менің өмірімнің маңызды бөлігі.
– Бос уақытыңызда не істегенді ұнатасыз?
– Хобби ретінде тауға шыққанды ұнатамын. Тауға барып, ойымдағы ауыртпалықты шығарып, сергіп қайтамын. Бұл мен үшін ерекше демалыс. Табиғат аясында, ішімдегі бар ауыртпашылықты шығарып, ойымды жинап, бойымды түзеп қайтамын. Кітап оқуды да ұнатамын. Том-томдап кітап оқимын демесем де, өзіміздің классиктерыіміздің драмалық шығармаларын оқуға әуеспін. Соның ішінде, есте қалған кітаптарымның бірі – «Махаббат қызық мол жылдар». Әзілхан Нұршайықовтың бұл туындысы араға жылдар салып оқысаң да, әр кез жаңа бір қырынан ашылады.
– Кітап демекші, қазір қоғам «Жастар кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Бұл пікір туралы ойыңыз қандай?
– Бұл пікірмен толық келісу қиын. Әр адам әртүрлі, оқитындар да бар, оқымайтындар да бар. Менің ойымша, кітап оқу адамның санасы мен қызығушылығына байланысты. Әр адамның кітапқа деген қарым-қатынасы түрліше. Өйткені, бұл процесс тек уақыт өткізу ғана емес, ол адамның ішкі дүниесін байытуға, ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі. Жастарды кітап оқуға қызықтыру үшін бала кезден дұрыс бағыт беру керек деп ойлаймын. Егер балаларға әдебиеттің маңызы мен қуатын түсіндіріп, дұрыс үлгі көрсетсе, олар кітапқа қызығушылық танытады. Алайда, адам мен кітап оқығым келеді деген ойға өзгенің қысымымен емес, өзінің ішкі түйсігімен келгені абзал. Оқудың мәні тек мәжбүрліктен емес, шынайы қызығушылықтан туындауы керек. Өзіңе қажетті ақпаратты іздеп табу, жаңа әлемдерге саяхат жасау – бұл жеке таңдау мен ерікті үдеріс.
– Көп жағдайда адамның соған қарап бой түзейтін кумирі болады. Сізде ондай шабыттандыратын адам бар ма?
– Мен үшін ең үлкен үлгі – әкем. Әр ер азамат өзінің әкесіне қарап бой түзейді. Кішкентай кезімде «әкем сияқты болсам екен, әкем сияқты сөйлесем, жақсылық жасасам екен» деп армандайтынмын. Әкемдей болмасам да, сол кісіден көп тәрбие алдым, адалдық пен еңбекқорлықтың маңызын ұқтым. Әкемнің өмірге деген көзқарасы, қиындықтарға мойымай, әрдайым дұрыс жол табуға ұмтылуы маған үлкен сабақ болды.
Ал өнер жолында маған үлгі болған тұлғалар көп. Мысалы, «Қажымұқан» фильмінде бірге ойнаған Әділ Ахметов ағамыз. Ол кісі фильмде Қажымұқанның әкесін сомдады. Оның сахнадағы және кино саласындағы шеберлігі мен үшін үлкен үлгі еді. Әділ ағамызбен жұмыс істей отырып, оның өнерге деген шынайы қарым-қатынасын, кәсібилігін және өз ісіне деген адалдығын байқадым. Бірде өзіне: «Сіз менің өнердегі бағыт-бағдар берушімсіз», – деп айтқаным да есімде. Бұл мен үшін үлкен мәртебе еді.
Өнердегі тағы бір үлгі тұтатын адамым — актер Дулыға Ақмолда. Ол кісінің сахнадағы әрбір рөлді қалай терең сезініп, кейіпкерін шынайы етіп жеткізетінін ерекше бағалаймын.
– Өміріңізде сіздің ойыңызды түбегейлі өзгерткен оқиға болды ма?
Мен үшін «армандар орындалады» деген ұғым бұрын аса түсініксіз еді. Мысалы, бір киімді алсам ғой, үй немесе көлік иемденсем ғой деп армандау маған біртүрлі көрінетін. Себебі, ақшаң болса аласың, болмаса алмайсың — осындай қарапайым қағиданы ұстанатынмын. Бірақ, бұл түсінігім бір оқиғадан кейін түбегейлі өзгерді.
Академияда оқып жүрген кезімде бір адамға қатты ғашық болдым. Ол арманшыл еді. Екеуміз сөйлесіп отырғанда, ол: «Мен осындай тұлға болғым келеді, мына мақсатқа жеткім келеді, мынандай жылға дейін жоспарларымды жүзеге асырамын» деп, бәрін қағазға жазып қоятын. Жоспарларын қайта-қайта оқып, соған сенетін. Ал мен оның бұл әрекетін түсінбейтінмін. «Неге бәрін жазып жүрсің? Бәрібір болмайды ғой», деп ойлайтынмын.
Бір күні ол қағазға жазған армандарының бірінде: «Мен әлемдік деңгейдегі үлкен жобаның бас жүлдегері атанамын», — деп жазыпты. Әрине, оған мен түбегейлі сенбедім. Бірақ уақыт өте келе көз алдымда сол бір жанның армандары бірінен соң бірі орындала бастағанын көрдім. Сол кезде таңғалып: «Шынымен-ақ армандар орындалады екен ғой,» деп іштей мойындадым.
Содан бері мен де армандауды үйрендім. Армандарды жазып, мақсат қылып қоюдың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Менің ең үлкен армандарымның бірі – 30 жасқа дейін әкеме көлік сыйлау болатын. Сол арманымды орындаған кезде өзіме деген сенімім одан сайын артты.
Ол адам маған армандаудың құдіретін және сол арманға жету жолында еңбек етудің қаншалықты маңызды екенін үйретті. Қазір мен өз мақсаттарымды айқындап, өзіме сенім артуға тырысамын. Арман – жай қиял емес, ол сенімді жоспарлар мен нақты қадамдарға айналғанда ғана орындалатынына көзім жетті.
– Өзіңіздің жағымды және жағымсыз қасиеттеріңізді айта аласыз ба?
– Шынымды айтсам, өзімді мақтап немесе керемет адам ретінде көрсетуден аулақпын. Бірақ достарымның айтуынша, мен ақкөңіл, айтқан сөзімде тұратын адам екенмін. Мүмкін, расымен солай шығар! Жақындарыма, таныстарыма көмектесуге, қолдау көрсетуге әрдайым дайынмын. Адамдарға қуаныш сыйлағым келіп тұрады, бұл, бәлкім, табиғатымнан дарыған қасиет шығар.
Бірақ, кемшіліктерім де жоқ емес. Мысалы, бірбеткейлігім бар. Айтқанымнан қайтпаймын, тіпті кейде өзімнің дұрыс еместігімді білсем де. Бұл мінезім кей жағдайларда пайдалы болғанымен, кейде шынымен кесірін тигізіп жатады.
Тағы бір осал жерім – шыдамсыздық. Кейде бәрін бірден шешіп, нәтижені жылдам көргім келеді. Ұзақ күту – мен үшін ең қиын нәрселердің бірі. Осы шыдамсыздығымның кесірінен кейде жақсы мүмкіндіктерді уыстан шығарып алған кездерім де болған. Кейін ойланып, «қап, бекер асыққан екенмін» — деп сан соғып қалатын сәттерім көп.
Жалпы, әр адамның бойында жақсы-жаман қасиеттер қатар жүреді ғой. Ең бастысы өзіңнің кемшіліктеріңді мойындап, олармен жұмыс істеу. Қазір өзім де шыдамдылықты үйреніп, бірбеткейлігімді азайтуға тырысып жүрмін. Уақыт өте келе жақсы нәтижелерге жетемін деп сенемін.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Шынайы болу – мен үшін ең маңызды қасиеттердің бірі. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, бірақ шынайылық – мені өз-өзіммен үйлесімде ұстайтын басты қағидам. Айтқан сөзімде тұру, уәдемді орындау – бұл менің өмірлік принципім. Егер біреуге уәде берсем, қанша қиын болса да, соны орындауға тырысамын. Меніңше, адамның сөзі – оның айнасы. Сөзіңе сенім болмаса, қалғанының да құны жоқ деп ойлаймын.
Бір шешім қабылдасам, оны өзгертпеймін. Кейде бұл мінезім бірбеткейлік немесе қырсықтық деп қабылдануы мүмкін. Бірақ мен үшін бұл – беріктік, өз ұстанымдарыма деген адалдық. Тіпті, кейде шешімім дұрыс болмауы да мүмкін. Бірақ мен одан сабақ алуға тырысамын. Әрбір қателік – өсудің бір жолы. Дұрыс не бұрыс екеніне уақыт төреші. Ал шешімге адал болу – өзіңді құрметтеу деп түсінемін.
– Адам өз жолында өмірден түңілу деген сәттерді жиі өткереді. Сол сәттерде салыңыздың суға кетпеуіне нендей ойлар немесе әрекеттер көмектеседі?
– Мен Нұрлан Әлімжанов деген кісінің сұхбаттарын көп тыңдаймын. Бір сөзінде ол: «Актерлік те, әншілік те – менің қос қанатым. Егер актерлік жағымнан сүріне жаздасам, әншілігім сүйеп тұрғызады. Ал әншіліктен әлсіресем, актерлігім қолғанат болады», — деген еді. Бұл сөздер маған қатты әсер етті, себебі мен де дәл осындай ұстанымдамын.
Мен ән айтып жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Осы жылдар ішінде ақындармен келісіп, сазгерлермен бірге 100-ге жуық ән жаздым. Бірақ сол әндердің бәрі жарыққа шықса да, халық арасына таралып танымал болған емес. Сол кездері: «Мен бұл әндерді кім үшін жазып жүрмін?» – деп өзіме сұрақ қойып, қолымды бір сілтегенім бар. Бірақ дәл сондай сәттерде Нұрлан Әлімжанов сияқты тұлғалардың сұхбатын көріп, олардың сөздерінен мотивация аламын. Мұндай сөздер маған жігер беріп, қайтадан өзімді қайрайды.
Өнер мен үшін – сүрінген кезде қайта тұрып, алға жылжуға көмектесетін тірек. Әншілік те, актерлік те өмірімнің маңызды бөлігі, екеуі де мені алға жетелеп, шабыттандырып келеді. Бұл менің кәсіби де, рухани да қанатым.
– Өнер жолында жеткен үлкен жетістігіңіз қандай?
– 2019 жылы Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы фильм түсіру мақсатында үлкен кастинг жарияланды. Мұндай ауқымды жобада өзімді сынап көру мүмкіндігін жібергім келмей, мен де қатысуға шешім қабылдадым. Кастингке қатысып, бір жарым ай бойы іріктеулерден өттім. Екі мыңға жуық адамның арасынан Қажымұқанның жас кезін сомдау мәртебесі бұйырды. Бұл рөл менің өнер жолымдағы ең маңызды жетістіктерімнің бірі болып қала береді.
Алайда, мен мұны тек бастама деп білемін. Өнер жолында арман мен мақсат ешқашан сарқылмайды. Әрбір жетістік – жаңа белестерге талпынудың негізі. Қажымұқан рөлі маған шабыт сыйлап қана қоймай, одан әрі дамуға және жаңа шыңдарға жетуге ынталандырды.
– Өнер жолыңызда тағы қандай кейіпкерлерді сомдадыңыз?
– Театр сахнасында әртүрлі рөлдерді сомдап, өзімді түрлі қырымнан сынап көрдім. Атап айтсам, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымында Баянның әкесі Қарабайдың рөлін сомдадым. «Айман-Шолпан» қойылымында Көтібар батырдың бейнесін алып шықтым.
Жақында осы Іле аудандық Мәдениет үйінде сахналанған «Қол» атты қойылымда Оң қолдың рөлін сомдадым.Сондай-ақ, «Құдалар» қойылымында Сейітмәлік есімді рекеттің бейнесін ойнадым.
Кино әлеміндегі дебютім – толық метражды Қажымұқан фильмінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының жас кезін сомдау болды. Одан бөлек, «Ақ жауын», «Замандастар», «Бөрі» сияқты сериалдардың эпизодтық рөлдерінде бой көрсеттім. Мен ойнаған әрбір жоба мен үшін ерекше тәжірибе мен шабыт көзі болды.
– Алдағы уақытта қандай рөлдерді сомдағыңыз келеді?
– Шығармашылық жолымда бір типтегі кейіпкерлердің рөлін сомдай беруден ада болғым келеді. Себебі ол актерге шығармашылық тұрғыда шектеу қояды. Әрбір актер үшін ең басты нәрсе – даму, жаңа қырларын ашу, өз-өзін үнемі сынау. Мәселен, егер мен мықты батырдың рөлін сомдап жүрген болсам, оған қарама-қарсы романтикалық кейіпкердің бейнесіне ену мен үшін ерекше тәжірибе болар еді. Ол мейірімді, ішкі әлемі терең адам болуы мүмкін. Мұндай рөлдер адамның эмоциялық диапазонын кеңейтіп, жан-жақтылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл менің шығармашылық жолымды байытып, өзіме де жаңа қырларымды ашуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Себебі кейде күтпеген рөлдер актер үшін үлкен серпіліс береді. Өзімді осындай сынаққа салып, өзгеше кейіпкерлердің бейнесін сомдау арқылы жаңа биіктерге жеткім келеді. Бұл мен үшін өнердегі және өмірдегі келесі қадам болар еді.
– Киноға немесе қойылымға дайындалу барысында кейіпкерге ену үрдісі қалай жүзеге асады?
– Рөлге дайындалу – аса жауапты әрі терең шығармашылық процесс. Кейіпкердің болмысын түсіну үшін оның өмірін, ортасын және мінез-құлқын зерттеуге ерекше мән беремін. Егер сатушының рөлін сомдау керек болса, базарға барып, сол жердегі сатушылармен әңгімелесемін, олардың қимыл-қозғалысын, сөйлеу мәнерін бақылап, олардың әлеміне енемін. Ал түрмеде отырған адамның бейнесін көрсету қажет болса, сол ортадан шыққан адамдармен сөйлесіп, олардың оқиғаларын тыңдап, психологиясын түсінуге тырысамын.
Актер тек мәтінді жаттап алып ойнап шықпайды. Көрерменнің сенімін жаулап алу үшін кейіпкердің ішкі сезімдерін, ой-өрісін, әрекеттерінің себептерін терең түсіну қажет. Себебі өзіңді толқытпаған, жан-дүниеңнен өтпеген рөл өзгені де тебірентпесі анық. Көрермен жалғандықты бірден байқайды.
Мысалы, біз «Айман-Шолпан» қойылымын қойған кезде, базар сахнасын шынайы жеткізу үшін арнайы зерттеу жүргіздік. Бірнеше күн бойы базарға барып, сатушылардың қимыл-әрекеттерін, бір-бірімен қарым-қатынасын, сөйлеу мәнерін бақыладық. Бұл бізге олардың табиғатын түсініп, шынайы бейнелеуге көмектесті. Әрине, образды ойдан құрастырып ойнауға да болар еді, бірақ ол жағдайда көрермен шынайылықты сезбес еді. Осындай дайындық кейіпкердің өмірін өзің арқылы өткізіп, оның болмысын жеткізуге мүмкіндік береді.
– Өнер үнемі даму үстінде жүретін салалардың бірі. Қалай ойлайсыз, бұл саланың дамуына нендей жағдайлар кедергі болады?
– Өнер саласының дамуына кедергі келтіретін негізгі жағдай – өзара қолдаудың, шынайы достық пен ынтымақтастықтың жетіспеуі. Кейде қызғаныш пен өзімшілдік басым түсіп, талантты мойындау орнына, біреулердің өсуіне кедергі жасалады. Оған қоса кей аға буындар да жас таланттарға орын беруге асықпайды. Мұның да өзіндік тигізер әсері бар. Аға буын өкілдері жастарға қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуі керек. Жастардың жігері мен батылдығы аға буынның тәжірибесімен үйлессе, өнер биікке көтеріледі. Өнердегі шынайы бәсекелестік – өзгелерді төмендету емес, өзіңді жетілдіру. Ал шынайы өнер адалдық пен өзара қолдаудан туындайды.
– Егер сіздің өміріңіз туралы кітап жазылса, оның атауы қандай болар еді?
– Негізі өмірімнің әрбір сәті бір сабақ, бір жол. Сол сабақтар менің тұлға болып қалыптасуыма әсер етті. Өнермен ұштасқан өмір жолымда түрлі сезімдерді бастан өткердім – шабыт, қиындық, жеңіс, жеңіліс. Бірақ сол сәттердің барлығы менің жан-дүниемді байытып, өнерге деген махаббатымды одан әрі күшейтті.
Сондықтан егер бір күні өзімнің өмірім мен шығармашылығым жайлы кітап жазатын болсам, оның атауын «Менің өмірдегі өнерім» деп қояр едім. Өмірдің өзі үлкен өнер емес пе? Әрбір қадам, әрбір шешім – бұл белгілі бір дәрежеде шығармашылық.
– Өнер жолын таңдауға бекініп отырған жас өнерпаздарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Өнер жолына қадам басам деп отырған жандарға айтарым егер өнерді жан тәніңізбен шын сүйсеңіз ғана бұл салаға қадам басыңыз. Егер қалтамды қалыңдатамын немесе атаққа ие боламын деген оймен басқа дүниені көздесеңіз, онда бұл жолға түспей-ақ қойғаныңыз абзал. Өнерде ешқашан тұрақтылық жоқ: әр рөлге қайтадан дайындалу, әр күні жаңа нәрсе жасау керек. Сондықтан, өнерді шын жүрегіңізбен сүюіңіз қажет.
– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы уақытта өнерден бөлек, бизнес саласына қадам басу туралы жоспарым бар. Өйткені, өнер жолында тұрақтылық жоқ, ал өмір бойы тек сахнада өнер көрсетумен айналысамын деп нақ айта алмаймын. Өнер – менің жан дүниемнің бір бөлшегі, жүрегіме жақын сүйікті ісім болып қала бермек. Бірақ бизнес арқылы болашағымның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өмірімнің берік іргесін қалағым келеді.
Әрине, бұдан басқа да көптеген мақсаттарым мен жоспарларым бар.Әзірге, тек осы жоспарыммен ғана бөлісе аламын.
– Сөз соңында, айтар ойыңыз, тілегіңіз болса, жолдасаңыз!
– Әр адам өз өмірінің суретшісі. Сондықтан шын жүрекпен, адал өмір сүріңіздер. Өз ісіңізді сүйіп істеңіз, алға қойған мақсатыңыздан таймаңыз. Еліміздің мәдениеті мен өнеріне жанашыр болайық! Жаңа жыл жаңа бақыт әкелсін!
– Сұқбаттасқаныңызға рақмет!
Диана ҚАНАТҚЫЗЫ