НАШАҚОРЛЫҚ – АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУ

Нашақорлық – адамзаттың қас жауы. Бүгінде дүние жүзі осы ғасыр дертінің алдын алу мақсатында түрлі шаралар қолданып, мәселені шешудің жолын іздеуде. Елімізде де нашақорлықпен күрес кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» — деген болатын.
Есірткіге еліктейтіндер, негізінен, жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін. Алайда жастар қорықпай, жастықтың буымен есірткінің дәмін татып көруге ұмтылып, жас организм есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Біз бала тәрбиесін мектепке қарай ысырып қойғанбыз, содан кейін сол мектепті кінәлаймыз. Бұл – үлкен қателік. Қайта біз мектептің және мұғалімнің беделін, мәртебесін көтеруге ықпал етуіміз керек. Біз бала тәрбиесін уыстан шығарып алдық. Өзара ұғыну психологиясы ескерілуден қалып бара жатқандығын, отбасында ата-ана мен бала бір-біріне суық, рухани адамгершілік тұрғысында отбасында дағдарыс қалыптасты. Бірақ, бұл дағдарысты көпшілік сезіне бермейді. Өйткені, әркім өз кемшілігін өзі көріп, түзей алмайды.
Осы орайда, нашақорлықтың, зиянды әдеттердің, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Нашақорлық – қоғам дерті» атты сурет және эссе байқауы өтті. Сайыс барысында 66 сурет, 55 эссе жұмысы қабылданып, жас дарындар өз өнерлерін сынады. Он саусақтан бал тамған жас суретшілер нашақорлықтың қорлыққа бастайтын жол екенін, өз өмірімен қоса өзгенің де өміріне қауіп төндіретінін қылқалам арқылы жеткізсе, эссе байқауында білім алушылар өз ойын кестелі сөзбен өрнектеп, замандастарын ғасыр дертінен аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, тереңнен ой толғады.
Сайыс қорытындысына сай, сурет байқауында №7 орта мектептің 8 «Е» сынып оқушысы Клыпина Вера жүлделі І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінсе, №29 орта мектептің 11 «В» сынып оқушысы Александрова Арина ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал, №24 лицейдің 8 «А» сынып оқушылары Қанапия Нұрасыл мен Мырзабек Еркежан ІІІ орынды бөлісті. Эссе байқауы бойынша №36 орта мектептің 9 сынып оқушысы Серікқызы Сабинаның жұмысы үздік деп танылды. №48 орта мектептің 9 сынып оқушысы Алмасбек Сандуғаш ІІ орынға табан тіреп, №22 орта мектептің 9 сынып оқушысы Үсен Әйгерім ІІІ орынды місе тұтты. Жеңімпаздар аудандық Ішкі саясат бөлімі басшысының арнайы дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
А. ЕРГЕШБАЙ