Алматы облысында 223 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды
2024 жылы экологиялық 129 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде табиғатты пайдалануда 300 заң бұзушылық анықталған. Сәйкесінше, 6 млрд. 107 млн теңге айыппұл салынған.
Сандарды сөйлетер болсақ, өткен жылы экологияны реттеу мәселелері бойынша 500-ден астам шағым түскен екен. Өтініштер өз ретімен қаралды, дейді Алматы облысы Экология Департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов.
Облыстың бас экологы атмосфералық ауаның ластануына әкеп соғатын бірнеше себептерді атап өтті. Спикердің айтуынша, жылу электр орталықтары 16-17 тонна зиянды бөлінді шығарады екен. Сондықтан оны көгілдір отынға ауыстыру қажет, дейді. Жоспар бойынша келер жылы жылу электр орталықтары газға қосылуы тиіс.
«Облыста 282 елдімекеннің 134-не газ тарту қажет. Бұлда экологияға өзіндік әсерін береді. 2030 жылға қарай мәселе шешімін табады деген ойдамын»,-дейді Қонысбек Ескендірұлы.
Алматы облысы экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовтың айтуынша, Алматы облысының экологиялық жағдайын жақсарту үшін кешенді Жол Картасы бекітілген.
Бас құжаттағы басты бағыт, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге ден қою. Облыста тұрмыстық қалдықтардың тек жиырма пайыздан астамы ғана қайта өңделеді, Мұның алдын алмаса, экологияға келетін кері әсері арта түспек. Айта кетейік, облыс көлемінде 223 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Бүгінгі күні бұлардың санын азайту жұмыстары жүргізілуде.