Цифрландыру кезеңіндегі аналар рөлі және әлеуметтік әл-ауқат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөздері еліміздің даму бағытына жаңа серпін береді. Әсіресе, жаппай цифрландыру дәуіріне дайындық мәселесі – уақыт талабы. Бұл процесс тек экономиканы ғана емес, әр отбасының күнделікті өмірін, тұрмыс сапасын және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын қамтиды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы ретінде айтарым, цифрландыруды енгізуде аналардың белсенділігі мен әлеуметтік рөлі ерекше маңызды. Аналар – отбасының тірегі ғана емес, өскелең ұрпақтың тәрбиешісі. Сондықтан, цифрландыру үдерісі отбасыларға жаңа мүмкіндіктер ұсына отырып, олардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс.
Президенттің Үкімет пен әкімдер жұмысының нәтижесін халықтың тұрмыс сапасына қарай бағалау туралы пікірі – орынды әрі әділ шешім. Әсіресе ауылдық жерлерде аналар мен балалардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аудару қажет. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау жүйелерін цифрландыру арқылы қызметтерді барша халыққа қолжетімді ету – басты міндеттердің бірі.
Қоғамдағы тұрақтылық пен даму үшін отбасылардың жағдайын жақсартуға, аналардың белсенділігі мен мүмкіндіктерін арттыруға күш салуымыз керек. Президент көрсеткен бағытты қолдай отырып, барлық азаматтардың игілігі үшін еңбек етуге дайынбыз.
Іле ауданының аналар кеңесінің төрайымы М.Жабиева