Жаңа технологиялық кезеңге дайындық және қоғамдық келісімнің маңызы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөздері – елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бағыттарды айқындап берген мәлімдеме. Мемлекет басшысы көтерген мәселелер – әрбір мемлекеттік қызметкер мен қоғам өкілдерінің жұмысындағы басымдықтар.
Жаппай цифрландыру мен жаңа технологиялық кезеңге дайын болу – қазіргі заманның басты талабы. Бұл – экономиканы нығайту мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудың негізгі жолы. Әсіресе, өңірлерде цифрландыруды дамыту ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және жергілікті басқару салаларының тиімділігін арттырады.
Қоғамдық медиатор ретінде айтарым, бұл реформаларды жүзеге асыруда қоғам мен биліктің арасындағы байланысты нығайту аса маңызды. Әрбір азаматтың мүддесін ескере отырып, халық пен билік арасындағы сенімді қарым-қатынас орнату – ел тұрақтылығы мен дамуының негізі. Тұрғындардың мәселелерін уақытылы тыңдап, әділ шешім шығару арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға болады.
Үкімет пен әкімдердің жұмысын экономиканың даму көрсеткіштерімен қатар, халықтың өмір сапасына қарай бағалау – уақытылы және дұрыс шешім. Бұл тәсіл мемлекеттік қызметтердің халыққа жақын болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуге халықтың белсенді қатысуы үшін қоғамдық тыңдаулар мен пікірталастарды күшейту қажет деп есептеймін.
Ел Президентінің көрсеткен бағыттары – ұзақ мерзімді тұрақтылық пен прогресске апаратын сенімді жол. Бұл жолда қоғам болып, бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек.
Іле ауданының қоғамдық медиатор төрағасы М.Сейдалиев