АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ — ЕЛ БІРЛІГІ, ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ ОРТАСЫ
Ауданымызда Қазақстан халқы аудандық ассамблеясы жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды. Кеңестің құрамына жергілікті қоғамдастықтың, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылған. Оның төрағасы болып абыз ақсақал, көрген білгені мол, ғұмырын мемлекеттік ішкі саясат саласына арнаған Мақсат Сейдалиев тағайындалды. Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі маңызы жоғары саяси-қоғамдық мазмұндағы кеңес, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында басында ел ағалары тұратын халықтық жиын.
Өткен жылдары бұл мәселені Президентіміз Қ.Тоқаевтың өзі мұрындық болып, әр ауданда ардагерлер ұйымынан бөлек, ақсақалдар кеңесі құрылуы туралы бастама көтерген болатын. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің үлкен көлемде отырысы өткен болатын.
Аталған жиында алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсақалдар кеңесі құрылатындығы аталған болатын. Осыған орай, кеше Өтеген батыр ауылында аудандық Ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға аудандық Арадагерлер ұйымының төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Әмзе Исаев, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мақсат Сейдалиев, қоғамдық келісім және даму орталығы КММ Іле ауданы бөлімінің басшысы, аудандық аналар кеңесінің төрағасы, Мейрамгүл Жәбиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Тоқашбаев және кеңес мүшелері қатысты. Осы тұста жаңа кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы Мақсат Сейдалиев кеңестің төрағасы болып бекітілгенін атап өткен жөн.
Жиында алғаш болып сөз алған Мақсат Сейдалиев: «Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңдаАссамблея еліміздің саяси өміріне әр түрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы қазақстандықтарды тарту мақсатында жаңа тәсілдерді енгізуді жетілдіруде. Өнеркәсібі дамыған, миграциясы ауқымды Алматы облысының ірі аудандарының бірі болып саналатын Іле ауданы үшін өте қажетті деп санаймын. Еліміздің біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің, ғылыми-сарапшылық топтың, медиация кабинетінің, ассамблея жастарының орны ерекше. Ал, жаңадан жасақталған Ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық» – дейді.
Кеңестің алғашқы отырысында атқарылатын негізгі міндеттер белгіленіп, сараланды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдармен, азаматтық, қоғамдық институттармен бірлесе отырып, қазақстандық бірегейлікті нығайту, жұртшылықты қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, екіжақты сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту, мемлекет пен қоғам арасында келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша «кері байланыс» тетіктерін қолдану жоспарлануда. Елжандылықты, патриотизм идеяларын жастар арасында насихаттау, әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, шешуге ықпал жасау, этномедиацияны жүзеге асыру, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде тәлімгерлік тәжірибені енгізу сияқты міндеттер жүзеге асырылмақ. Бұл орайда, жергілікті қоғамдық қатынастарды, өзекті проблемаларды зерделеудің, тұрмыстық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастықтардың бірлескен шешімдерін іздестірудің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық ұйымдарда тұрғындардың мүдделерін білдірудің, мемлекеттік, құқық қорғау, білім беру және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жаңғыртудың маңызы зор. Азаматтардың қоғамдық, құқық қорғау ұйымдарымен, оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді органның өңірдегі өкілімен тығыз байланыс орнату да белгіленген. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері кез келген адамға қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелерді шешу бойынша ақпараттық көмек көрсете алады. Оның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі жас буынның жалпы мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін арттыру, атқарылатын іс-шараларға жүйелі түрде қатыстыру болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте атап өткендей, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Өкінішке қарай, жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Сондықтан ақсақалдар кеңесінің әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларына, отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне белсене араласады деген сенімдеміз. Құқық бұзушылыққа, теріс әдеттерге бейім жасөспірімдер мен отбасыларды анықтап қана қоймай, алдын алу шараларын ұйымдастырудың маңызы айрықша. Мемлекеттік тілдің беделін көтеруге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесу бағытында да іргелі міндеттер тұр.
Жиын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Тоқашбаев сөз алып, қашанда үлкенін сыйлаған халқымызға Ақсақалдар кеңесі керектігін айтып, төрағамен бірге жұмыс жоспарын бекітіп, алдағы жоспарларды айқындап берді.
Өз тілшіміз