АУДАН ӘКІМІ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫН СЫНҒА АЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Қ.С.Жақсымбетовтың төрағалығымен Іле ауданы әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің орындалуы талқыланып, алдағы жылға қойылған стратегиялық міндеттер белгіленді. Ауданның экономикалық өсімі оң динамиканы көрсеткенімен, кейбір салаларда қаражаттың толық игерілмеуі, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарудың баяу жүруі, су үнемдеу технологияларын енгізудегі кемшіліктер атап өтілді. Су үнемдеу технологиясы бойынша Басерке округін алсақ болады. Дәл қазір Байсерке ауылдық округінің аумағының аясы тарылған. Суармалы жерлердің барлығы дерлік жаңадан құрылған Алатау қаласының территориясына өтіп кеткен. Өткен жылғы Байсерке округі әкімшілігі тарапынан берілген су үнемдеу технологиясының игерілеуі де осы аумақтық шекаралардың бөлінуіне тікелей байланысты. Оны кеңейтілген отырыс барысында Байсерке ауылдық округінің әкімі Мұрат Тоғызбаев баяндады. Ал Байкент, Ащыбұлақ округтеріне келсек, кәсіпкерлер келісім шартқа отырғанымен суды үнемдеу технологиясының бағасы тым қымбат деп кейіннен бас тартқан. Нәтижесінде, жауапты бөлімдер мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, кейбір лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара қолдану ұсынылды.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау және білім беру салаларының жұмыстары қаралып, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында бірқатар міндеттер қойылды. Аудандық медицина саласы да үлкен сынға ұшырады. Аудандық орталық аурухананың басшысы Бауыржан Ысқақтың да өз айтары бар. Мысалы, нәрестелер өлімінің күрт өсуі жүктілігі тіркелу мерізімнен асып кеткен пациенттер, әрі көршілес аудандардың тұрғындары екенін анықталған. Одан қалса Алматы облысы аймақтық балалар ауруханасы да біздің ауданда орналасқандықтан көрсеткіштің өсуі заңдылық деп отыр. Алдағы уақытта аталған мекемелердің жұмыстары әлеуметтік желілермен жергілікті БАҚ өкілдері арқылы қатаң бақылауға алынады. Кеңейтілген отырыста тағы бір маңызды салалардың жұмыстарына назар аударылды. Ол әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру, инвестиция тарту, салық базасын кеңейту және ауылдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері күн тәртібінде тұратын болады. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасарларына, бөлім басшыларына және округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді. Жиын қорытындысы бойынша әкімдік қаулысының жобасы мақұлданды.
Бағдат ШОЙБАС