НӘЗІКТІК ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ КЕЙІПКЕРІ

Әскери қызмет – тек ер азаматтардың үлесіндегі сала деген түсінік әлдеқашан өзгерді. Бүгінде бұл жауапты мамандықты таңдаған нәзікжандылар арамызда аз емес. Олар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай еңбек етуде. Қатал тәртіп пен темірдей талапқа қарамастан, аналық мейірімін, әйелге тән нәзіктігін жоғалтпаған бұл арулардың әрқайсысы – қайсарлық пен батылдықтың, адалдық пен жанқиярлықтың үлгісі. Әскери форма киген әйелдердің қызметі сырттай қатал әрі салмақты көрінгенімен, оның ішінде төзімділік пен жанкештілікке толы сан қилы сәттер бар. Бүгінгі сұхбатта біз әскери форма киген арулардың қызмет жолындағы қызығы мен қиындығы, ерлермен тең дәрежеде атқарып жүрген міндеттері, сонымен қатар отбасылық өмірі жайлы әңгіме өрбітеміз. Әскердегі әйел адам тек сарбаз емес, ол – ұлттың тірегі, рухының биіктігі. Ендеше, олардың қызметі, өмірі және армандары жайлы сұхбатымызға назар салыңыз.
– Нурия, қайырлы күн! Сізді келе жатқан 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, бақыт, табыс тілейміз! Бүгінгі сұхбатты өзіңізден бастасақ, қай өңірдің тумасысыз? Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен, Калмухамбетова Нурия Жолдасбайқызы, 1984 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым Ақтөбе қаласында өтті, білім алып, тұлға ретінде қалыптастым. №42 орта мектепті тәмамдап, кейін М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында жоғары білім алдым.
Әскери салаға деген қызығушылығым бала кезден басталды. Бұл мамандықты саналы түрде таңдадым деп айта аламын. Отбасымызда әпкем әскери қызметте болды, оның әскери формасын киіп, сап түзеп тұрғанын көрген сайын мен де дәл сондай болғым келетін. Оның қызметіне деген жауапкершілігін, өз ісіне адалдығын байқап, менде де осы салаға деген қызығушылық пайда болды. Сол қызығушылық уақыт өте келе арманыма айналып, мені бүгінгі кәсібіме жетеледі.
Оқуымды аяқтаған соң, 18 жасымда бірден әскери қызметке орналастым. Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма биыл 20 жыл толыпты. Бұл уақыт мен үшін тек тәжірибе жинақтаған жылдар емес, сонымен қатар, өзімді шыңдаған, әр қадамымда жаңа нәрсені үйренген, кәсіби түрде өсіп, жетілген кезең болды. Әскер тек мамандық емес, бұл – өмір салты, бұл – тәртіп, жауапкершілік және адалдықтың символы.
Тұрмыс құрмағанмын. Бұл салада әйел адам үшін өзін толыққанды көрсетуге мүмкіндік бар. Жас кезімде әскери форма киген әпкем секілді болуды армандаған болсам, бүгінде өзімнің сол арманымды жүзеге асырғаныма қуанамын. Әскери қызмет – менің таңдауым, менің өмірім.
– Әскери қызмет барысында әйел азаматы ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Әскери өмір сіздің мінезіңізді өзгертті ме?
– Бұл қызметке аяқ басқан әр адам тәртіпке, әскери жарғыға бағынуды, кез келген жағдайға дайын болуды үйренуі керек. Әскери ортада нәзіктікке, әлсіздікке орын жоқ. Барлығы тәжірибемен, уақыт өте келе қалыптасады, бастысы – төзімділік пен өз мамандығыңа деген адалдық деп ойлаймын.
Мінезіме келер болсам, әрине, өзгеріс бар. Әскери қызмет – адамның болмысын, көзқарасын, тіпті өмір сүру салтын өзгертетін ерекше мамандық. Бұл салаға 18 жасымда, жап-жас, өмірге басқа көзқараспен қарайтын кезде келдім. Ол кезде әскери тәртіптің қаншалықты маңызды екенін, бұл қызметтің қандай жауапкершілік жүктейтінін толық түсінбеген шығармын, бірақ тырысып бақтым.
Әскери орта мені мықты, сабырлы, салмақты, жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптастырады десем артық айтпаспын. Уақыт өте келе мен де өмірге деген көзқарасымды өзгертіп, кез келген жағдайда салқынқандылық сақтауды, қиындықтарды эмоциямен емес, ақылмен шешуді үйрендім.
– Әскерде не болмаса өмірде өзіңізге үлгі тұтатын, шабыт беретін тұлға бар ма?
– Өте жақсы сұрақ. Біздің ата-бабаларымыз қайсар, ержүрек жандар болғаны бәрімізге мәлім. Қазақ тарихында әйел адамның тек ошақ қасында ғана отырмай, ел қорғаған, күрескен, ерлік көрсеткен кездері аз емес. Қайсарлық – біздің қанымызда бар қасиет. Әсіресе, өзімнің жерлесім, халқымыздың батыр қызы Әлия Молдағұлованы ерекше үлгі тұтамын. Оның есімі кішкентайымнан жадымда жатталып, оның ерлігі туралы оқып, өлеңдерін айтып өстім. Әлия – тек бір елдің ғана емес, бүкіл халықтың мақтанышы. Ол қайсарлықтың, батылдықтың, отансүйгіштіктің жарқын үлгісі. Жас болса да, елін қорғау үшін қолына қару алып, соңына дейін күресті. Оның өмір жолы, ерлігі әрбір жауынгерге, әрбір әскери қызметкерге үлкен өнеге деп білемін..
Мен қазақтың батыр қыздарының ізін жалғап, өз қызметімді лайықты атқаруға тырысамын. Осы салада жүрген барлық нәзік жандыларға батыр аналарымыздың, ержүрек қыздарымыздың жолын берсін деп тілеймін!
– Нурия ханым, өзіңіз білетіндей әскери салада әйел азаматтардың саны күн санап артып келеді, «әскери сала әйел адамға тән емес» дейтіндерге көзқарасыңыз қандай?
– Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі қоғамда әйелдердің мүмкіндігі өте мол. «Әскери сала – әйел адамға тән емес» деген пікірдің ескіргенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әйелдер тек отбасы мен ошақ қасында ғана емес, ел қорғаны бола алатынын көрсетіп келеді. Егер адамға өз мамандығы ұнап, әскери қызметші болуды қаласа, неге өз арманына қадам жасамасқа?
Қазір мемлекет тарапынан да, әскер басшылығы тарапынан да әскери саладағы әйелдерге барлық жағдай қарастырылған. Әйелдер – кез келген салада өз орнын таба алатын мықты жандар. Олардың әскери салаға көптеп келуі – қоғамның бұл мамандыққа деген көзқарасының өзгергенін, әйелдерге сенімнің артқанын көрсетеді. Сондықтан бұл үрдісті қолдаймын және әскери салада қызмет еткісі келетін қыз-келіншектерге еш қорықпай, өз армандарына қадам басуға кеңес берер едім.
– 8 наурыз қарсаңында еліміздің барша қыз-келіншектеріне, аруларға айтар жылы лебізіңіз болса мархаббат!
– Қымбатты арулар, нәзік жанды қыз-келіншектер, қадірлі әріптестер! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – тек сұлулық пен нәзіктіктің ғана емес, мейірім мен махаббаттың, даналық пен парасаттың, төзім мен қайсарлықтың мерекесі. Осы мерекеде сіздерге шынайы алғысымды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Жүректеріңізді қуаныш, жүздеріңізді бақыт нұры әрдайым жарқыратсын! Әр күндеріңіз сәттілікке, махаббат пен шаттыққа толы болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Карима Мейрамбекқызы