Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыМәдениетМерекелер

ОРАЛХАННЫҢ ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІРІ

Оспанова Оралхан Орынбекқызы 1976 жылы 5 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы, Бухара облысы, Тамдыбұлақ ауданында дүниеге келді. 1983 жылы В.И. Ленин атындағы орта мектепке барып, Ұшқұдық қаласындағы Н.К. Крупская атындағы музыка мектебінде домбыра класын бітірді.

1992 жылы Талдықорған облысы, Көксу ауданына қоныс аударып, 1993 жылы Жетіжал орта мектебін бітірді. 1996-1999 жылдары Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде дәстүрлі ән-терме сыныбында білім алды. Кейін Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдады.

Еңбек жолы және шығармашылық белесі

Оралхан Орынбекқызы еңбек жолын 1999 жылы Жамбыл облысы, Сарытауқұм ауылында музыка пәнінің мұғалімі болып бастады. 2005-2008 жылдары Іле ауданы, Ақсай ауылында домбыра үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарды. 2008 жылдан бастап Ақсай ауылдық Мәдениет үйінің директоры қызметін атқарып келеді.

Оралхан Орынбекқызы ауыл жастарын өнерге баулып, шәкірт тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Оның шәкірттері республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда. 2017 жылы «Ауылым – алтын бесігім» байқауында Ақсай ауылдық Мәдениет үйі «Ең үздік мәдениет үйі» номинациясын жеңіп алды.

Өнерге сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол 2017 жылы «Ана жүрегі» медалімен, 2019 жылы «Қазақстан Патриоты» медалімен, 2020 жылы «Қазақ мәдениетінің қайраткері» атағымен марапатталды. 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаліне ие болды. 2023 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Өнерлі отбасы – ұрпаққа үлгі

Тұрмыста, сүйген жары – қазақтың жыршылық-жыраулық өнерін насихаттаушы, термеші-жыршы Сәбит Дабылов. Үш баланың ардақты анасы, олардың екеуі бүгінде жоғары білім алып жатқан студенттер. 2010 жылы ұлттық мәдени мұраны дәріптеу мақсатында жарық көрген «Қазақтың 1000 әні» жинағына Сәбит Дабыловтың орындауындағы «Бетегелі бес төбе» әні енгізілді.

Ал 2014 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Дала дауысы» фестивалінде ол «Үздік дәстүрлі орындаушы» атағына ие болып, қазақ өнерінің биік белесін тағы бір мәрте бағындырды.

Оралхан Орынбекқызы ұлттық өнерді дамыту мен болашақ ұрпаққа жеткізуді өмірлік мақсаты санайды. «Ертеңіме сеніммен қарап, табандылық таныту. Үйренем деген жан болса, білгеніңді аяма» деген ұстанымы оның шығармашылық жолының басты бағыты болып келеді.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button