Алматы облысының жаңалықтарыЗнай нашихМерекелер

ӘСКЕР — МЕНІҢ ЕКІНШІ ҮЙІМ

Әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің тірегі, мейірім мен парасаттың символы. Қай салада болмасын, нәзікжандылар өз еңбегімен, қайсарлығымен және кәсібилігімен ерекшеленеді. Әсіресе, ерлік пен табандылықты талап ететін әскери салада қызмет ететін арулар – нағыз батыр аналар, асыл жарлар, аяулы қыздар. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз Отан қорғау ісінде аянбай тер төгіп жүрген әскери саладағы нәзік жандылармен сұхбаттасқан едік. Олар үшін бұл мамандық – жай ғана жұмыс емес, бүкіл өмірлік ұстаным, үлкен жауапкершілік жүктейтін абыройлы міндет.

– Аида Ергенбайқызы, ең алдымен өзіңіз жайлы білгіміз келеді? Қай жақтың тумасысыз? Отбасыңыз? Әскери қызметке қалай келдіңіз?

– Мен, Казымбаева Аида Ергенбайқызы, 1978 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келдім. Балалық шағым туған жерім Ырғайты ауылында өтті. Сол жерде білім алып, тұлға ретінде қалыптастым. Әскерге, шен тағуға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Қатал тәртіп пен жауапкершілікке толы бұл саланың маған жақын екенін ерте түсіндім. Дегенмен, менің әскери өмірге қадам басуыма жолдасымның ықпалы ерекше болды. Ол да әскери қызметкер еді. Сол кісімен тағдыр тоғыстырып, бірге өмір сүріп, әскери қызметтің мән-маңызын, оның әрбір деталі мен қиындығын жан-жақты сезіне бастадым. Жолдасым маған әрдайым қолдау көрсетіп, осы салаға келуге шабыт берді. Өкінішке қарай, 2018 жылы қызмет бабында қаза тапты. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қайғы болды. Өмірімнің ең үлкен тіректерінің бірі – үш балам үшін әрі қарай күресуді жалғастырдым. Олар – менің ең басты қуанышым, ең үлкен мотивациям. Бүгінде ұл-қыздарымды өзім тәрбиелеп, олардың жарқын болашағы үшін еңбек етіп келемін.

Әскери салада қызмет етіп жүргеніме биыл 24 жыл толыпты. Бүгінгі таңда ұшу деректерін бақылау және жазу аппаратурасының техникалық қызмет көрсету маманы қызметін атқарып келемін. Бұл тек уақыт өлшемі ғана емес, өмірімнің мәні, адалдықпен атқарған еңбегімнің көрсеткіші. Әрбір жыл мен үшін ерекше кезең болды – кәсіби тұрғыда шыңдалдым, өмірдің түрлі сынақтарынан өттім, ерік-жігерімді, төзімділігімді шыңдадым. Осы уақыт ішінде мен тек қызметкер ғана емес, әскери ортада өз орнымды тапқан тұлға ретінде қалыптастым. Білімім де бұл салаға сай келді. Тараз қаласында заң мамандығын тәмамдадым. Қазіргі таңда мен тек әскери саладағы қызметімді ғана емес, отбасылық өмірімді де қатар алып келемін. Жақында апа болатынымды естіп, ерекше қуанышқа бөленіп жүрмін. Бұл да өмірдің бір әдемі кезеңі деп білемін.

Әскер – менің екінші үйім. Бұл сала мені тек мықты етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге маған темірдей төзімділік, табандылық, ең бастысы – өзің таңдаған жолға деген адалдықтың маңызын үйретті десем артық айтпаспын.

– Қызмет барысында әйел адам ретінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

Көпшілік әскери қызметті тек ерлік пен тәртіпке негізделген күрделі сала деп ойлайды. Расында, мұнда қатаң тәртіп, жоғары жауапкершілік бар. Бірақ өз басым бұл саланың әйел адамға ешқандай ерекше қиындық тудырғанын сезінбедім. Әскери ортада әйел адамның орны бөлек. Біз тек қызметкер ғана емес, анамыз, жармыз, әпке-қарындаспыз. Сол себепті ұжымдағы ер азаматтар бізге ерекше ықыласпен, құрметпен қарайды. Алайда мен үшін қызметтен гөрі офицердің жары болу әлдеқайда қиын болды. Әскери өмір тек қатаң тәртіп пен міндеттен ғана тұрмайды. Ол – тұрақсыздық, үнемі көшіп-қону. Біз бір жерде тұрақты тұрмадық. Мемлекет тарапынан уақытша баспана берілген сәттер болды, кейде өзіміз пәтер жалдап тұруға мәжбүр болдық. Өз үйіміз болмады. Бұл тек менің ғана емес, көптеген әскери қызметкерлердің отбасына ортақ мәселе. Әрбір көшкен сайын жаңа ортаға бейімделу, жаңа ортада балаларды тәрбиелеу оңай болған жоқ. Офицердің әйелі болу – тек жолдасыңа сүйеу болу емес, отбасының берекесін сақтап, балаларды жалғыз тәрбиелеу деген сөз. Жолдасым жиі іссапарларда, командировкада жүрді. Кейде балаларымызға әрі әке, әрі ана болуға тырыстым. Оның жұмыс кестесі қатаң, міндеттері күрделі болғандықтан, біз отбасылық өміріміздің алғашқы жылдарында бірге көп уақыт өткізе алмадық.

Мен үшін бұл қиындықтардың ешқайсысы әскери қызметімнен ауыр болған жоқ. Себебі мен өз жұмысымды жан-тәніммен жақсы көремін. Бұл сала маған тәртіпті, жауапкершілікті ғана емес, өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, мықты болуды үйретті. Сондықтан мен әскери өмірді таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.

– Аида ханым, әскери қызмет пен отбасылық өмірді қалай қатар алып жүрсіз? 

Білесіз бе, менің ойымша, ең бастысы – жұмыс пен отбасылық өмірді араластырмау. Кез келген салада, әсіресе, әскери қызметте эмоцияны басқару, әр нәрсені өз орнында қалдыру өте маңызды. Қызмет уақыты аяқталған соң, үйге келгенде жұмысты сыртта қалдыру керек. Себебі отбасы – мейірім мен жылулықтың орны. Сондықтан мен үшін басты қағида – жұмысты жұмыста, отбасыны отбасында қалдыру.

Әйел адамға әскери салаға келуге қорқудың қажеті жоқ. Бұл мамандықты таңдаған жанға ең алдымен батылдық, жігер, шыдамдылық, жинақылық керек. Әрине, тәртіпке бағына білу де аса маңызды. Мұнда сен тек өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін, ел қауіпсіздігі үшін жауап бересің. Әскери қызметтің өзіндік талаптары бар – біз 24/7 режимінде жұмыс істейміз. Кез келген сәтте, түнде де, демалыс күні де шақырту болуы мүмкін, мен сол кезде бірден жиналып, аттануға міндеттімін. Бұл жерде «Менің балам бар, бара алмаймын» деп айта алмайсың. Өйткені, бұл – жауапкершілік, қызметтік борыш. Менің балаларым да мұны жақсы түсінеді. Олар кішкентай кезінен анасының әскери адам екенін, менің жұмысымда қатаң тәртіп бар екенін біліп өсті.

– 24 жыл әскери қызметте жүрген азаматша ретінде, сіздің ойыңызша әскери қызметтегі әйел адамдарға қандай өзгерістер мен жақсартулар қажет?

– Бүгінде әскери қызметтегі әйел адамдарға қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған деп санаймын. Біз де басқа салалардағы әйелдер сияқты бала күтімі бойынша демалысқа шыға аламыз, жүкті әйелдерге әскери киімсіз жүруге рұқсат беріледі, ал 7 жасқа дейінгі баласы бар аналар түнгі кезекшілікке қатыспауына болады.

– 8 наурыз сіз үшін нені білдіреді? Әскери ортада бұл мереке қалай аталып өтеді?

– 8 наурыз – біз үшін өте ерекше күн. Себебі жыл сайын ер азаматтар бізді ерекше құрметке бөлеп, өздерінің өнерлерін арнайды. Әсіресе, бұл күндері жоғары лауазымды басшылардан бастап, ұшқыштар мен әріптестеріміз біз үшін ән шырқап, өнер көрсетеді. Бұл – біз үшін ерекше көңіл күй сыйлайтын сәттер. Күнделікті өмірде қатаң тәртіп пен әскери міндеттің аясында жүргенде, мұндай жылы лебіздер мен сыйластық ерекше әсер қалдырады. Сол бірнеше күннің ішінде біз өзімізді нәзік, құрметке лайық жан ретінде сезінеміз. Сол себепті мен 8 наурыз мерекесін ерекше жақсы көремін. Бұл күн – тек аналар мен аруларға арналған мереке ғана емес, әйел адамның еңбегіне деген құрметтің белгісі деп білемін!

Сұхбатыңызға рақмет. Өзіңізді келе жатқан 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұлт қауіпсіздігі үшін атқарып жатқан еңбегіңіз жемісті болғай!

 

Карима Даутқан

Басқа жаңалықтар

Back to top button