Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпарат

Әкімдер мектебі: Жергілікті басқарудың жаңа кезеңі

Қазақстанда жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мақсатында маңызды реформалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – ауыл және аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Әкімдер мектебі» бағдарламасының іске қосылуы. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және әкімдерді тікелей сайлау жүйесін жетілдіру туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.

Елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгеннен бері, бұл лауазымға жеке сектордан, яғни мемлекеттік қызметте бұрын жұмыс істемеген азаматтар көптеп келе бастады. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда ауыл әкімдерінің 60%-ы жеке сектор өкілдері. Бұл өз кезегінде жергілікті басқару жүйесіне жаңа көзқарас пен тың идеялардың келуіне жол ашуда.

Дегенмен, тәжірибесі аз жаңа әкімдерге басқарушылық дағдыларды дамыту қажеттігі туындап отыр.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалы 10 модульден тұратын 140 академиялық сағаттан құралған бағдарламады өткізеді.

«Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы әкімдерді оқыту  бойынша 7 модульді қамтитын 100 академиялық сағатты оқытатын болады.

Оқыту барысында әкімдер аймақтық саясат, мемлекеттік басқару, жергілікті экономиканы дамыту, салық жүйесі, инвестиция тарту, цифрлық басқару және тәуекелдерді басқару секілді өзекті тақырыптар бойынша білім алады. Бұл – ауылдық округтер мен аудандық маңызы бар қалалардың әлеуетін арттырып, экономикалық және әлеуметтік дамуға жаңа серпін береді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай ауыл әкімдерін сайлау кезінде тек халықпен етене жақын болу жеткіліксіз екенін, ең бастысы жоғары жауапкершілік пен кәсіби даярлық маңызды екенін атап өтті. Бұл көзқарас «Адал азамат» қағидатына сәйкес, жергілікті басқару органдарының әділ және тиімді қызмет етуіне негіз болады.

Бүгінгі күні, Алматы облысында 134 әкім қызмет атқаруда, оның 131-і ауылдық округтерді, 3-еуі аудандық маңызы бар қалаларды басқарады. Олардың негізгі міндеті – ауылдық жерлерде экономикалық өсімді қамтамасыз ету, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Осы мақсатта әкімдерге өнімдерді сертификаттау, сату нарығын кеңейту және аймаққа инвестиция тарту секілді маңызды дағдыларды меңгерту көзделуде.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай өткізген жиында осы бағдарламаның маңыздылығына тоқталып, әкімдердің кәсіби деңгейін арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Әкімдер мектебі» – жергілікті басқару жүйесін нығайтудың маңызды қадамы. Білікті және тәжірибелі әкімдер – ауылдардың дамуының негізгі қозғаушы күші. Егер бұл бастама толыққанды іске асырылып, әкімдер қажетті білім мен дағдыларды меңгерсе, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және жергілікті экономика салаларында айтарлықтай оң өзгерістер болатыны анық.

Әкімдердің біліктілігі – өңірлердің өркендеуі! 

Сейдалиев Нурсултан Акылбекович

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

    Алматы облысы бойынша

      Департаментінің басшысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button