Мемлекеттік қызметтегі әдеп – абырой мен сенім кепілі

Қоғамдағы әрбір адамның өзара сыйластығы мен әдептілігі – өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Ал мемлекеттік қызметшілер үшін әдеп нормаларын сақтау – тек моральдық қағида ғана емес, қызметтік міндет. Себебі, олар – ел мүддесіне қызмет ететін тұлғалар, халық пен билік арасындағы алтын көпір.
Мемлекеттік қызметші үшін әдептілік – оның кәсібилігінің ажырамас бөлігі. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексі – осы саланың басты ережесі. Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі және күнделікті өмірдегі мінез-құлқына қойылатын жаңа стандарттарды белгілейді.
Мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс кезде де Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы тиіс. Ол өзін кез-келген ортада сыпайы, сабырлы, ұқыпты ұстап, өзінің лауазымдық мүмкіндіктерін жеке басының пайдасына қолданбауы керек. Өйткені оның әрекеті – тек өзінің ғана емес, жалпы мемлекеттік қызметтің беделіне әсер етеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жеке өмірі де қоғам назарынан тыс қалмайды. Олар өз ортасында жүріс-тұрысымен, мәдениетімен өзгеге үлгі болуға тиіс. Бұл – жауапты әрі маңызды міндет. Халықпен тікелей жұмыс істейтін маман ретінде мемлекеттік қызметші тек кәсіби біліктілігімен емес, адами қасиеттерімен де ерекшеленуі қажет.
Мемлекеттік қызметші – биліктің бет-бейнесі. Әдеп кодексі – оның қызметін айқындайтын басты құжат. Сондықтан әрбір қызметші оның талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Бұл тек жеке тәртіп мәселесі емес, мемлекеттік қызметтің абыройы мен қоғам сенімінің кепілі.
Біз, әдеп жөніндегі уәкіл ретінде, мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары мәдениет пен әдептілік қағидаларын насихаттау арқылы олардың кәсіби және моральдық деңгейін арттыруға ықпал етеміз. Әрбір мемлекеттік қызметші өз Отаны – Қазақстан Республикасына адал қызмет етіп, халықтың сенімін ақтауы тиіс. Тек сонда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығайып, мемлекеттік қызметтің беделі биіктей түседі.
Асқар САДЫҚОВ
Іле ауданының әдеп жөніндегі уәкілі,