Қасіретті күннің қаһармандары: «Чернобыль – менің қасіретім» кітабының тұсаукесері

Қайғы мен ерліктің, азап пен адамгершіліктің астасқан тұсы – Чернобль апаты. 1986 жылдың сәуірінде болған ядролық жарылыс ХХ ғасырдың ең алапат техногендік апаты ретінде тарихқа енді. Бұл оқиға бүкіл әлемге қасірет әкеліп, мыңдаған адамның тағдырын өзгерткен сәт болып қалды. КСРО-ның сол кезеңдегі саяси жүйесі апаттың ауқымын жасыруға тырысса да, шындық уақыт өте келе ақиқатын ашты. Чернобль – тек Украина аумағы емес, бүкіл Кеңес Одағына ортақ қасірет. Сол апаттың салдарын жоюға Қазақстаннан да мыңдаған сарбаз жіберілді. Олардың көпшілігі арнайы дайындықсыз, қорғаныс құралдарынсыз, өлім мен өмірдің арасында жүрген бейбіт күннің батырлары еді.
Сол батырлардың бірі – Мұхиддинов Нұрхайын Мұхиддинұлы. Чернобль апатына қатысып, от пен радиацияның ортасында жүріп ерлік көрсеткен азамат. Бүгінде бейбіт өмірде ел ішіндегі қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрген тұлға. Алайда бұл ерлікті ұрпаққа жеткізу, тарихты тірілту – тек ауызша айтумен шектелмеуі тиіс. Оның дәлелі – жақында Алатау қаласында өткен тағылымды шара – ел жадынан өшпеуі тиіс тарихи оқиғаны қайта жаңғыртты.
2025 жылдың сәуір айында Алатау қаласында «Чернобль – менің қасіретім» атты деректі-естелік кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шара – тек кітапты таныстыру емес, тұтас ұлттың тарихына тағзым, ерлікке құрмет, ұрпаққа ұлағат ұсынған тағылымды сәт болды. Кітап авторы – белгілі қаламгер, әлеуметтанушы Мұрат Төлентаев. Ол бұл еңбекті жазу үшін 1,5 жыл көлемінде жан-жақты зерттеу жүргізіп, Нұрхайын Мұхиддинұлымен тығыз байланыста болып, құжаттар мен куәгерлер естеліктерін жинаған. Бұл – құлақпен естіп емес, көзбен көріп жазылған, ақиқатты арқау еткен шығарма.
«Бұл кітапты жазу – мен үшін жай ғана жазушылық міндет емес, жүректен туған жауапкершілік еді. Себебі мен өз көзіммен көріп, бірге жүрген, тыныс-тіршілігін ішінен зерттеген тұлға туралы жаздым. Мен – естігенге сенбейтін адаммын. Тек көзбен көріп, жүрекпен сезінген шындық қана мені қалам алуға итермелейді. Нұрхайын Мұхиддинов ағамен таныстығым осыдан 3-4 жыл бұрын басталды. Алғашында жай ғана «Чернобль ардагері екен» деген ақпараттан басталған қызығушылық, уақыт өте келе терең тарихи, адами, азаматтық танымға ұласты. Менің зерттеуім барысында түсінгенім – бұл кісі тек апаттың куәгері емес, сонымен бірге тұтас ұрпаққа өнеге боларлық тұлға. Оның тағдыры – бір адамның ғана емес, бір дәуірдің, тұтас бір халықтың төзімі мен күресін бейнелейді. Кітапты жазуға 1 жылдан астам уақытым кетті. Бұл аралықта мен тек деректер жинап, сұхбат алып қана қоймай, ел ішіндегі тарихи жадымызға қатысты құжаттар мен куәліктерді сараладым. Әрбір бет – өмір, әрбір тарау – тағдыр. Кітап бірнеше бөлімнен тұрады. Алдымен Нұрхайын ағаның балалық шағы, ауылдағы қарапайым өмірі, ата-әжеден алған тәлім-тәрбиесі баяндалады. Бұл тараулар арқылы оқырман оның ішкі дүниесімен, адамдық болмысымен танысады. Одан кейін – Чернобль қасіреті. Бұл тарау – ауыр. Себебі апаттың адам өміріне, жан-дүниесіне, ұрпақ болашағына қалай әсер еткенін жазу оңай емес. Мен бұл жерде эмоцияға емес, шындыққа сүйендім. Кітаптың келесі тарауларында ағаның апаттан кейінгі өмірі, қоғамға қосқан үлесі, еліміздің әр өңіріндегі ардагерлерге қолдау көрсету жолында атқарған еңбегі туралы жазылды. Ол кісі – үнсіз батыр. Даңқты іздемеген, тек елі үшін еңбек еткен азамат. Осындай адамдардың өмірін жазу – мен үшін құрмет әрі парыз. Біздің облысымызда Чернобль апатына қатысқан ерлер бар екенін өз көзіммен көріп, біліп, олардың тағдыры айтылуы керек деген берік сенім мені осы кітапты жазуға бел буғызды. Бұл еңбек – тек естелік емес, елдік қасиетті, ұмытылмауға тиіс шындықты баяндайтын шежіре.
Егер осы кітапты оқыған бір жас өз елін сүюге, тарихын құрметтеуге, елі үшін қызмет етуге шабыт алса – менің мақсатым орындалды деген сөз» ,- деп кітап авторы жүрек тебіренте пікірін білдірды.
Шара аясында Нұрхайын Мұхиддиновтың ерлігіне арналған волейболдан қалалық турнир ұйымдастырылды. Құйған ықшам ауданындағы №8 мектеп және қала аумағындағы басқа да мектеп командалары қатысып, спорт алаңын ерлікке тағзым алаңына айналдырды. Бұл турнир – 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан тағылымды бастама. Жыл сайын Чернобль ардагерлеріне арналған осындай рухани-мәдени, спорттық шаралар өтіп тұрады. Бұл – бүгінгі бейбіт өміріміздің іргетасын қалаған жандарға деген құрметтің белгісі. Сол ардагерлердің рухына бас иіп, тірілерінің ерлігін дәріптеу – біздің азаматтық борышымыз. Жарыс барысында оқушылар тек спорттық қабілеттерін ғана емес, концерттік бағдарламада рухани-мәдени дүниетанымдарын да көрсетті. Ұлттық киімдегі жас бүлдіршіндер ән айтып, домбыраның құлағында ойнады. Сондай-ақ іс-шара аясында ардагердің құрметіне ашылған шағын музей бөлмесі көпшіліктің назарын аударды. Мұнда Чернобль апаты кезінде пайдаланылған жабдықтар, фотосуреттер, тарихи құжаттар, әскери формадағы суреттер мен марапаттар қойылған. Бұл музей – тек бір адамның емес, тұтас кезеңнің куәсі. Әсіресе мектеп оқушылары мен ұстаздар үшін бұл бөлме – сабақтан да құнды, көзбен көріп, жүрекпен сезінетін тарих.
Тұсаукесерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген Чернобль ардагерлері қатысты. Республика бойынша Чернобль қоғамының төрағасы Мұстафа Құсайын Дәуітұлы, Жетісу облысы Кербұлақ ауданының, Жамбыл ауданының және Алматы облысына қарасты тоғыз ауданның ардагерлері бас қосты. Бұл – бір-бірімен тағдырлас жандардың жүздесуі ғана емес, тарихи мұра мен бірліктің нышаны. Олардың әрқайсысы – көзбен көрген, жанымен сезген сұмдықты айтып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күннің бағасын ұғындыруға тырысты.
«Чернобль – менің қасіретім» атты кітап бірнеше тараудан тұрады: Нұрхайын Мұхиддиновтың балалық шағы, әскери қызметі, апат аймағындағы көрген сұмдықтары, елге оралғаннан кейінгі қоғамдық қызметі мен отбасы құндылықтары. Бұл – бір адамның тағдыры арқылы тұтас дәуірдің көрінісін бейнелейтін, парақтаған сайын ойландыратын дүние. Автор әрбір оқиғаны терең сезіммен, нақты дерекпен өрнектей отырып, оқырманды үнсіз тебіреніске жетелейді.
«1986 жылдың 26 сәуірі – Чернобыль апаты болған күн. Мен ол кезде Ленинград облысында ішкі әскер қатарында әскери борышымды өтеп жүрген едім. Апаттан кейін, 2 мамыр күні әскери дабылмен оянып, апат аймағына жіберілдік. Сол кезден бастап Чернобыль жерінде екі жыл бойы қызмет атқардым. Бәрі көз алдымда: уайым мен үрей, радиациядан қорғайтын киім, қаңырап қалған қалалар, үнсіз көшелер. Бұл оқиға менің өміріме ғана емес, бүкіл әлемге үлкен із қалдырды. Бүгінде сол күндердің куәсі ретінде 30 жылдан бері Чернобыль ардагерлері қоғамының төрағасымын. Бұл тек лауазым емес, жүрекпен атқаратын жауапкершілік. Ардагерлердің ерлігі мен ерен еңбегін ұмыттырмау – басты мақсатым», — дейді Нұрхайын Мұхиддинов.
Чернобль – бір елдің ғана емес, тұтас адамзаттың тарихындағы ауыр таңба. Алайда сол қайғыны арқалаған батырлар болғанда ғана ол тарих ұмытылмайды. Ал осындай іс-шаралар сол тарихты ұрпақ жадында сақтау үшін маңызды. «Чернобль – менің қасіретім» – бұл тек кітаптың атауы емес, бұл – мыңдаған адамның тағдырын сыйдырған үнсіз шындықтың көрінісі.
Бүгінгі ұрпақ сол шындықпен танысқанда ғана бейбіт күннің құнын ұға алады. Тарихты танып, тағдырды түсінген ұрпақ барда мұндай игі бастамалар жалғасын табатынына сенім мол.
Карима Мейрамбекқызы