БОЯМАСЫЗ ТАҒДЫРЫН ЖЫРҒА ҚОСҚАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасы аясында 23 сәуір «Ұлттық кітап күні» деп бекітілді. Елімізде алғаш рет атап өтілетін атаулы күнге орай ауданымыздағы барлық кітапханаларда ұлттық кітап апталығы ұйымдастырылып, ашық есік күні өтіп жатыр. «Ұлттық кітап күні» мерекесі аясында Іле аудандық кітапханасында «Кітапхана түні – 2025» әдеби-жұлдызды кеш өтті. Кітапхана аудан тұрғындарына құшағын кеңінен ашып, оқырмандарды қызықты да тылсым әлеміне тартты. Кітапхана өзінің сүйікті оқырмандарына дәруменді жақсы көңіл-күй, минералды-позитивтік қарым-қатынас, микроэлементтік шығармашылық және тез меңгеретін пайдалы білім көздерін ұсынды.
Кітапхана түні оқырмандарға кітапхана қорындағы өлкетану бағытындағы әдебиеттерді, өлкемізден шыққан шығармашыл тұлғалардың кітаптарына арналған «Ауылым алтын бесігім» кітап көрмесін таныстырудан басталды. Мәдени шара «Әдеби шаңырақ» алаңында жалғасын тауып, жас ақын, Қараой ауылындағы №49 орта мектептің кітапханашысы Мағрипа Сандуғаштың шығармашылығын насихаттауға арналған «Жайқалған гүлімін бөктердің» атты әдеби кеш өтті. Кешке жергілікті ақындар, «Іле таңы» газетінің тілшілері, «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары және кітапханашылар қатысты. Кешті Іле аудандық кітапхана директоры Бұдұғұлова Қарлығаш Тұранқызы ашты. Ол өз сөзінде «Бүгін ойымыз сергіп, жанымыз жадырап, рухымыз дүр сілкініп, жақсы отырыс, әдемі рухани сырласу, жан дүниені байытатын сырлы да сазды кеш өтеді деп ойлаймын. Кітапханашылар арасында да шығармашылыққа бейім, ақын қыздардың болғанына қуанамыз» — дей келе, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қ. Тұранқызының сөзінен кейін көрермендер Мағрипа Сандуғашқа көкейлерінде жүрген сұрақтарна жауап алды. Шара барысында ақын қыз Мағрипа жүрекжарды туындыларын оқып, кітапхананың ішін жалынды жырға бөледі.
Оқырмандардың көңілін толқытқан сұрақтардың дені ақынның туған елі мен білім алған ордасы, жыр жолындағы ұстаздары туралы болды. Мағрипа Сандуғаш 1988 жылы 22 желтоқсанда ҚХР Санжы облысы, Шонжы ауданы, Қарасай ауылында дүниеге келген екен. Ол 2003 жылы ата-анасымен бірге атажұртқа оралып, Алматы облысы, Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылына қоныстанады. Сол ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің түлегі. 2007-2010 жылдары Талдықорған қаласындағы «Бизнес, құқық және жаңа технологиялар» колледжінде, 2013-2016 жылдары Шымкент қаласындағы «Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы» университетінің қазақ тілі мен әдебиет факультетінде білім алған. 2009-2017 жылдары Ескелді аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінде тілші, 2017 жылдан 2021 жылдың тамыз айына дейін аудандық кітапханада библограф болып қызмет атқарған. Бүгінде Алматы облысы, Іле ауданы Қараой ауылындағы №49 орта мектепте кітапханашы.
Мағрипа жас та болса бас болып, көптеген байқауларда оза шауып, жүйріктігімен көзге түсіп, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтсақ, 2005 жылы облыстық Абай оқуларында арнайы Алғыс хатпен, 2006 жылы М.Мақатаев атындағы республикалық жас ақындар мүшәйрасында II дәрежелі дипломмен, 2009 жылы облыстық «Нұрлы көш» және нұрлы тіл» мүшәйрасында III дәрежелі дипломмен, 2010 жылы «Поэзия менімен егіз бе едің?» облыстық мүшәйрада «Жас дарын» номинациясымен, 2012 жылы республикалық М.Мақатаев атындағы мүшәйрада Алғыс хатпен, 2015 жылы облыстық Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында ынталандыру жүлдесімен, 2016 жылы облыстық «Дін бірлігі – тәуелсіздік тірегі» облыстық жыр мүшәйрасында арнайы дипломмен, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай М.Мақатаев шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен онлайн мүшәйрада III дәрежелі дипломмен, 2017 жылы Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана – бейбітшілік бесігі» атты облыстық мүшәйрада арнайы дипломмен, «Бақ қала – Талдықорған» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасында II дәрежелі дипломмен, Т.Молдағалиев шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық онлайн мүшайрада III дәрежелі дипломмен, 2018 жылы облыстық «Салт пен дістүр – дін тірегі» атты мүшәйрада II дәрежелі дипломмен, 2020 жылы Ж.Жақыпбаевтың 75 жылдығына орай өткізілген «Жырлайды жүрек» атты облыстық мүшәйрада арнайы дипломмен, 2021 жылы М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» облыстық байқауында дипломмен марапатталған.
Өлеңдері «Әсем қала Талдықорған», «Поэзия менімен егіз бе едің?», «Тау мен өзен жырлары» жыр жинақтарына енген. 2019 жылы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың қолдауымен «Балауса сезім» атты жеке тұңғыш кітабы жарық көрген.
«Кітапхана түні» әдеби-танымдық кешінің негізгі аудиториясы жастар болды. Ел ертеңі болып, халықты ізгілік пен мейірімге, даналыққа шақыратын жастар кітапханадан тамаша шығармашылық-демалыс аумағын көріп, қазіргі заманауи кітапхана – тек кітап қоймасы ғана емес, нағыз білім беру және ойын-сауық орталықтары екеніне тағы да көз жеткізді.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ