Президент Тоқаев пен Гурбангұлы Бердімұхамедов Түркістандағы өнеркәсіп көрмесінде «БЕНТ» компаниясының өнімдерімен танысты

Түркістандағы SPK Turkistan индустриялық паркінде өткен инвестициялық жобалар көрмесі аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халқ Маслахатының төрағасы Гурбангұлы Бердімұхамедов бірқатар өндірістік экспозициялармен танысты. Көрменің ерекше назар аудартқан қатысушыларының бірі – теміржолға арналған темірбетон шпалдар мен рельстік бекіткіштер өндіретін еліміздегі жетекші кәсіпорын — «БЕНТ» ЖШС болды.
Нақты айтқанда, Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарықтарын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.
Осы арада осы салада талай жыл өнімдерін әлеме танытып үлгерген «БЕНТ» өнеркәсіптік компаниялар тобының жетекшісі Дінмұхамед Құзиев көрмеге келген мәртебелі меймандарға кәсіпорын жетістіктерін таныстырып, оның өңір теміржол саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
– «БЕНТ» ЖШС – Қазақстандағы ең ірі темірбетон шпалдар өндіретін зауыт. Біз он бірден астам түрлі шпал түрлерін, соның ішінде үш патенттелген өнім шығарамыз. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 900 мың шпалдан асады. Бұдан бөлек, Fasteners Group компаниясы роботтандырылған желіні пайдалана отырып, толық рельстік бекіткіш жиынтығын шығарады. Тоғыз жылдық жұмысымызда бірде-бір шағым түспегені – өніміміздің сенімділігін айғақтайтын басты көрсеткіш, – деді Дінмұхамед Құзиев. Оның айтуынша, компания бүгінде Қырғызстан нарығының рельстік бекіткіштерге деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр, сондай-ақ Өзбекстан мен Ресейге тұрақты түрде экспорт жасайды. Иран және басқа да мемлекеттермен ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл бағытта тиісті министрліктердің қолдауы бар.
«БЕНТ» басшысы Түрікменстандағы теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобаларға қызығушылық білдіріп, бауырлас ел аумағына тікелей өнім жеткізуге, ал болашақта – өндірісті жергіліктендіруге дайын екенін жеткізді.
Аталған көрме индустриялық паркте жүзеге асып жатқан 36,5 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны қамтыды. Олар ауыл шаруашылығы техникасы, жиһаз, есік және тоңазытқыш өндірумен айналысады. Келесі кезеңде жалпы инвестиция көлемі 39 млрд теңгеден асатын тағы 13 жобаны іске қосу жоспарланған.
Бағдат ШОЙБАС