Без рубрики

САҒЫНЫШЫ МӘҢГІЛІК ТАРҚАМАҒАН

Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегімен, өзгеше өлең өрісімен келген арынды ақыны, жыр дүлдүлі, халқымыздың аяулы перзенті Төлеген Айбергенов қамшының сабындай аз ғана ғұмырында жыр көгіне самғап шығып, жасындай жарқ еткен дара талант, сара сөздің саңлағы еді. Ол ХХ ғасырдың орта тұсында қазақ әдебиетіне құбылыс боп келіп, поэзиядағы сұлулық пен сезімнің кір шалмаған шынайы тазалығын, ойдың әрі соны, әрі тереңдігін, қазақ жырының рухын тағы бір биік белеске көтеріп тастады. Мағжан, Ілиястардан кейін поэзияда бояуы сұйылып бара жатқан ұлтымыздың тілі Төлегеннің өлеңдерінде күн шалған қырғауылдың қанатындай құлпырып, түрлене түсті.

Ұлттық поэзияда өзіндік қолтаңбасы қалған, қайталанбас дара тұлға туралы ғалымдар мен ақын-жазушылар тебірене толғана жазды, болашақта да ақынның шығармашылы жайлы жазыла бермек. Қазақтың қабырғалы жазушысы Әбіш Кекілбаев «Төлеген – сөз жоқ, талант. Дара талант, сара талант. Т. Айбергенов творчествосы қазақ өлеңінің техникасына, методикасына өзіндік жаңалықтар енгізді. Ал, Т.Айбергеновтегі теңізді теңселтіп, шалқарды шайқалтардай қуатты екпін қазақ поэзиясына ежелден тән қасиеті, бірақ, соңғы жылдары қазақ топырағында әр алуан жақсы ақындар қанша көбейгенмен, осы бір қазақша айтқанда аруақты серпін, арқалы өлең Қасымнан кейін көрінбей кетіп еді. Біздің қолымызда қалған бір-екі жұқа кітап – Т.Айбергенов талантының шалқар дариясы емес, асау арналы басы ғана еді. Оның көк телегей көл болып шалқуын көруді тағдыр біздің маңдайымызға жазбапты», — десе, Төлегеннің сырлас ақын ағасы Сырбай Мәуленов «Төлеген өлеңдерінде жалынды жігер, дауылды қайрат, ыстық ынтық, қайнар құштарлық лақылдап жатады, кең тыныс шалқар шабыттың лебі еседі. Өлеңнің ішкі музыкалық сазы, еркін ырғағы іштей қабысып, сырттай табысып жатқан бай ұйқасы, тегеурінді екпіні, ақындық тапқырлығы Төлеген өлеңдерін биіктете түседі. Ақынның өмірге көзқарасы, әрбір ұсақ детальдан үлкен мазмұнды ұғынып, творчестволық қалыбына салып сомдап соға білуі кейбіреулер алара қарайтын техника аттарының өзін ойнатып, қарапайым нәрсеге көркемдік, әдемілік қасиет сипат бере алатындығы оқушыны қатты қуандырады. Ақын өлең жазамын деп азапқа түспейтін секілді. Көңілде піскен ой көкірегінен өлең боп ағып жатқандай. Әрине, ол өлеңді жеңіл жазды деп айта алмаймыз, азапқа түсіп, ауыр жүк арқалап, жаны қиналып жүріп жазды. Бірақ шеберліктің өзі әрі қарапайым секілді, әрі жеңіл сияқты етіп кедір-бұдырсыз өлең жасауда жатыр ғой. Табиғилық та, өміршеңдік те осында тұрғандай» — деп, ақын өлеңінің қуаты мен көркемдік қасиетін айшықтап көрсетеді.

Өткен аптада Іле ауданы, Екпінді ауылындағы Төлеген Айбергенов атындағы №48 орта мектептің базасында Алматы облыстық «Т. Айбергенов оқулары» сайысы өтті. Төлегеннің жырын халыққа насихаттап, бұл сайыстың ең әуелі мектепішілік, одан аудандық деңгейге көтеріліп, қазіргі таңда облыс көлемінде өткізілуіне мұрындық болып жүрген жан – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жангабоев Нұрбек Серикбойұлы. Жүрегі жырға құмар, ақынжанды жас Нұрбек Серикбойұлы осыдан он шақты жыл бұрын өзі студент бола тұра Төлегендей жасын ғұмыр ақынның шығармашылығы насихатталмай жатқанына налып, бастама көтеріп, ең алғаш өзі білім алып жүрген колледжде студенттер арасында Төлеген Айбергенов оқуларын өткізіпті. Кейін Іле ауданына мұғалім болып жұмысқа орналасып, мектепішілік Айбергенов оқулары сайысын өткізіп, оқушылардың ақын шығармасымен сусындауына үлес қосады. 2021 жылы аудандық Білім бөлімінің әдіскері Молдагулова Ақмарал Құрманжанқызының бастамасымен «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығы құрылып, Н. Жангабоев Т. Айбергенов оқуларын «Жаңа толқын» ұйымдастыратын жарыстардың тізіміне қостырып, 2021 жылы Іле ауданында тұңғыш рет аудандық Айбергенов оқулары өтеді. 2023 жылы «Т. Айбергенов оқулары» байқауы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, биыл үшінші рет облыстық Төлеген Айбергенов оқулары өтті. Әдеби байқауға облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан, облыстық білім беру ұйымдарынан 70 оқушы қатысты. Бұл байқау ақын шығармашылығын кеңінен насихаттап, оқушылар мен мұғалімдердің ақын шығармашылығына деген құштарлығын арттыру, шығармашылық әлеуетін көтеру және өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасауды, мәнерлеп оқу шеберлігін дамытуды, Төлегеннің рухани, мәдени мұраларын келешек ұрпақтың санасында жаңғыртуды және тәуелсіз елдің дарындарын қалыптастыра отырып, талантты шәкірттерді анықтауды мақсат етеді.

Шараны Алматы облысының білім басқармасының «Жас дарын» ғылыми-практикалық  орталығының директоры – Асильбаева Ардақ Мырзамұратқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. А. Асильбаевадан кейін сөз алған асылдың тұяғы, ақынның қызы Айбергенова Салтанат Төлегенқызы әкесіне деген ыстық сағынышын айта келіп, ақын өлеңдерінің жас ұрпаққа беретін тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.

Байқау қатысушылары 5 бағыт бойынша сынға түсті. «Өз ғасырым өзімнің иінімде…» айдарында  үміткер  Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, «Барады кең дүние әнге айналып» бағытында  ақын өлеңдеріне жазылған 1 әнді  ұстаз-шәкірт боп дуэт орындады. Ал «Жүрегімнің лапылдаған отымен»  номинациясында оқушы ақынға арнаған бір өлеңін және еркін тақырыптағы бір өлеңді қазылардың сұрауымен жатқа оқыды. «Толқиды бір кеудемде кернеген шер» бағытында қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған тақырыпта эссе жазып, ақынның шығармашылығы мен ақындық әлеуеті, оның қазақ поэзиясына қосқан үлесі туралы тебірене толғанды. Байқаудың соңғы бағыты «Шын дос болсаң бір келіп сырласып кет» деп аталды. Бұл бағытта қатысушылар Т. Айбергеновтың бір өлеңіне үйден қолөнер немесе бейнелеу өнері жанрында илюстрация жасап әкеліп, қазылар алқасының алдында өз жұмысын қорғады. Сайыс болған соң біреудің бабы шабады, біреудің бағы шабады. Байқау соңында ақын-жазушы, әнші-сазгер, өнер тарландарынан құралған қазылар алқасы жеңімпаздарды жеңісімен құттықтап, облыстық Білім басқармасының басшысы Беспаева Салтанат Дауыспекқызының арнайы дипломдарымен марапаттады.

Әдеби байқауда Төлегеннің ақындық, азаматтық болмысы жан-жақты сипатталды. Әр ауданнан іріктеліп шыққан жүйріктер өз өнерлерін ортаға салып, Екпінді ауылының аспаны Төлегеннің жырымен дүрілдеп, ақынның тойы, жыр тойы жоғары деңгейде өтті. Өз өлеңінде:

Мен сөйтіп, бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп, рахаттанып бір күлемін.

Кім білсін талай түнгі тілегім ед,

Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның, — деп тебіренген ақын рухы бір түлеп, «О, адамдар, біргемін мен сендермен!» деп халқымен қайта қауышты. Иә, орда бұзар отызында жалғаннан жалт беріп, бақиға аттанған ақынның сағыныш тұнған жырлары жүректермен сырласып, жырсүйер қауыммен бірге жасай бермек.

 

 

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button