ҚЫРБАСТЫҢ ҚЫЗЫЛЫНАН ШАБЫТ АЛҒАН (Шынәділ Мұқанұлы – 75 жаста)

Ақын – ел ырысы. Ол елін арқа тұтып, туған жерін тұғыры санайды. Еліне сыйынып, жеріне сүйінеді. Ұлылықты, асыл қасиетті сол тұғырдан алады. Халқының қамы үшін қабырғасы қайысады. Тілі үшін тас түнекке түсуге дайын. Алаш қайраткері Халел Досмұхаммедов «Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. «Көп берілгеннен көп сұранады» деген нақылды ескертіп, аяғына дейін түзетуге керек еді. Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш» — деп, ақынның қоғамдағы орнын айшықтап, ақынға артылар жауапкершіліктің мол екенін білдіреді. Жергілікті ақын, сазгер, журналист, Қазақстан журналистер одағының, халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Шынәділ Мұқанұлы – осындай үдеден шығып, елінің жыры мен сырына айналған арынды ақынның бірі.
Тарихқа сәл шегініс жасап, ақынның өмір жолы жайлы айта кетсек, Шынәділ Мұқанұлы 1950 жылы 5 желтоқсанда Алматы облысы, Балқаш ауданының Қарой ауылында, Балқаш көлінің жағасында Қалдаяқ деген түбекте дүниеге келген. 1957 жылы осындағы «Үлгілі» аталатын орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1968 жылы бітірген. 1968-1970 жылдарда Кеңес армиясының қатарында әскери борышын өтеп, 1977 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің (ҚазМУ) журналистика факультетін тәмәмадады. Ш. Мұқанұлы еңбек жолын 1970-1982 жылдар аралығында Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінің редакциясында журналист болып бастады. 1982 жылы Балқаш аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1984-1997 жылдары Алматы облысының Күрті ауданындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшарда инженер, бригадир, цех бастығы болып еңбек етті. Ал 1997 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Іле ауданында түрлі шаруашылық және білім саласында еңбек етті. Ақши ауылындағы №8, №41 мектептерде мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде үш публицистикалық, бес жыр жинақтары мен өз сөзіне жазылған әндерден тұратын екі ән кітабы жарық көрген. Ақынның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында журналистика саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақтан журналистер одағы басқармасының шешімімен «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілген болатын.
Шынәділ ағамыз зейнетке шықса да шығармашылық тоқырауға ұшырамай, көптеген қоғамдық ұйымдармен шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеді. Оның ішінде соңғы бес жылда «Әлем халықтары жазушылар одағы» арқылы алыс-жақын шет елдерге де таныла бастады. 2019 жылы 27 тілде шығатын «Әлем әдебиеті» журналына Қазақстан жазушылары атынан өлеңдер топтамасы жарық көрді. Сол жылы «Бейбітшілік жасасын» атты онлайн халықаралық байқауына қатысып, арнайы дипломға ие болды. Сондай-ақ, Қырғыз жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырылған «Заңғар жазушы» атты Шыңғыс Айтматов атындағы конкурста жүлделі үшінші орынды иемденді. Қазақ, қырғыз, өзбек ақындарының арасында жарияланған әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған онлайн конкурстарда да жүлделі болды. Бірнеше өлеңі ағылшын және қырғыз тіліне аударылған.
Көңілдің әр алуан сәті жағдайға, уақытқа, мезгілге байланысты құбылып, өзгеріп, алмасып отырады. Ол иесінің қалауына бағынбайды. Көңіл бірде көтеріледі, бірде басылады, бірде қуанады, бірде қайғырады. Көңілдің түрлі сәті ақын жүрегін тербеп, соған орай табиғаты түрлі өлең тууы ақынның сол мезеттегі көңіл күйіне байланысты екенін аңғару қиын емес. Шінәділ Мұқанұлы бүгінге дейін 15 кітап шығарған болса, оның жетеуі жыр жинақтары екен.
2014 жылы сол кезде Іле ауданы әкімінің орынбасары болып істеген Ахметжан Кушеновтың бастамасымен аудандағы ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау, қолдау мақсатында Іле ауданының әр округінде әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып, өткізілген болатын. Ашық аспан астында әр ауылда өткізілген осы кештердің гимні сияқты ән керек болғанда Ахметжан Рахымбайұлының идеясымен Шінәділ Мұқанұлының «Іленің сырлы кештері» әні өмірге келді. Бұл ән қазір Іле ауданының әнұранына айналды десек, қателеспейміз. Шынәділ ағамыз Балқаш ауданында өмірге келсе де, жалынды жастық шағы, есею жылдары, шығармашылық өрлеу шақтары Ақши, Іле аймағында өтті. Өзін қалыптастырған, шыңдаған жеріне жалынды жыр жолдарын арнап, әнінен шашу шашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасы аясында 23 сәуір «Ұлттық кітап күні» деп бекітілді. Елімізде алғаш рет атап өтілетін атаулы күнге орай ауданымыздағы барлық кітапханаларда ұлттық кітап апталығы ұйымдастырылып, ашық есік күні өтіп жатыр. Шара аясында иллюстрациялық кітап көрмесі мен «Коворкинг» орталығының ашылуы, сондай-ақ сиясы кеппеген жаңа кітаптың таныстырылымы жасалды. Бұдан бөлек әдеби кештер мен шеберлік сағаттары және тағы да басқа инновациялық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
«Ұлттық кітап күні» аясында Өтеген батыр ауылындағы Іле аудандық кітапханасында Шынәділ Мұқанұлының 75 жас мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Қырбастың қызылы» және «Балқашым, қамал түбегім» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Әдеби шараның басты мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру, 2020 жылы жарық көрген «Өлара», «Сүмбіле», «Іленің сырлы кештері» атты кітаптарын оқырман қауымға таныстыру, жас ұрпақты Шынәділ Мұқанұлының шығармашылығы арқылы Отанды, туған жерді сүюге баулу, адамгершілкке, адалдыққа шақыру. Шара барысында кітапхана қорындағы өлкетану бағытындағы әдебиеттерді, өлкемізден шыққан шығармашыл тұлғалардың кітаптарын оқырмандарға кеңінен насихаттап жүрген кітапханашылар көрермендерге ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасы мен ақын шығармашылығына арналған «Ауылым алтын бесігім» кітап көрмесі таныстырылды.
Мәдени шараны Іле аудандық кітапхана директоры Бұдұғұлова Қарлығаш Тұранқызы ашып, ақынның Іле ауданына сіңірген еңбегі туралы кеңінен толғап сөз сөйледі. «Уақыт деген зымырап, жылдар жылжиды. Соның куәсіндей кеше ғана ауыл мен ауданның тыныс тіршілігіне талмай араласып, еңбек еткен журналист, ақын әрі сазгер Шынәділ Мұқанұлы ағамыз бүгін 75 жасқа толып отыр. Ақын ағамыздың осы уақытқа дейін оннан аса кітабы жарық көріп, оқырмандардың сүйікті кітабына айналды. Шынәділ ағамызды мерейлі мерекесі 75 жасымен және кезекті жыр жинақтарының жарық көруімен құттықтап, қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз таусылмасын дегіміз келеді» — деп ағынан жарылды.
Шара барысында аудандық Аналар кеңесінің төрағасы, Іле ауданының «Құрметті азаматы», мәдениет майталманы Жабиева Мейрамкүл Түйебайқызы да Шынәділ Мұқанұлының өнері мен шығармашылығы, еңбек жолы туралы айта келіп, Ақшиден шыққан тұлғалар туралы көптеген тың ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар осы тұлғалар туралы ой толғап, туған өлкенің тарихын тереңнен зерттеп жазу, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру керектігі жайлы сөз қозғады.
Ақынның ауылдасы, ақшилік әнші, Мәдениет саласының ардагері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Ахметбаева Гүлнар, Іле аудандық Мәдениет үйінің қызметкері, Іле ауданының «Құрметті азаматы» Ержан Исатаев, Іле аудандық Мәдениет үйінің директоры Ахметбаева Қарлығаш Ұланқызы мен әнші Ғылымжан Жеңісұлы да өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, ақынның сөзіне жазылған әсем әндерден шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әдеби кеште №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің 5 сынып оқушылары Шінәділ Мұқанұлының жалынды жырларын жатқа оқып, ақынның мерейін үстем етті. Мәдени шарада ақынның ауылдасы, Ақши ауылының тұрғыны Амиров Серік ізгі лебізін айтып, «Қырбастың қызылы» және «Балқашым қамал түбегім» атты кітаптарының тұсауын кесіп, Шынәділ ағамызға шығармашылық табыс тіледі.
Қырбастың қызылынан шабыттанып, туған жері Балқашын жадынан шығармай, өскен өңірі Іленің нұрлы таңы мен сырлы кешін жырға қосқан Ақшидің абыройлы азаматы, Ақсақалдық жасқа толып отырған ағамызға біз де редакция ұжымы атынан шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілей отырып, қаламыңыз мұқалмасын, жырыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыз көп болсын дегіміз келеді. Жаңадан жарық көрген қос кітабыңыз халықтың сүйікті кітабына айналып, елдің алақанында болыңыз, Шын-аға!
А. ЕРЖАНОВ