«Фирма БЕНТ» бастауыш партия ұйымында облыстық көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

Алматы облысы Іле ауданындағы «Фирма БЕНТ» ЖШС аумағында «AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткен бұл шара еңбек ұжымымен ашық әрі мазмұнды диалог алаңына айналды.
Қоғамдық қабылдаудың шымылдығын Іле аудандық мәслихат депутаты Кузиев Дінмұхамет Ділмұратұлы ашып, партияның еңбек адамына көңіл бөлуін жоғары бағалады.
– Партиямыздың еңбек адамымен бірлесе жұмыс істеуі – құптарлық бастама. AMANAT партиясының өңірлік филиалының халықты қабылдауын дәл біздің өндіріс орнымызда өткізіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Дінмұхамет Ділмұратұлы.
Ал «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов еңбек адамы – ел дамуының өзегі екенін атап өтті. Ұжыммен тығыз байланыс орнатып, ұсыныс-тілектерді тікелей тыңдау – партия қызметінің маңызды бағыты екенін айтты. «Фирма БЕНТ» басшылығына ашық қабылдау ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Қоғамдық қабылдауға 40-қа жуық қызметкер қатысып, жалақы, еңбек қауіпсіздігі, медицина қызметінің сапасы, жолдар мен қоғамдық көлік мәселелері туралы ойларын ортаға салды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін жедел әрі тиімді шешуге ықпал етеді.
Кездесу барысында Жайнақ ауылының тұрғыны Гүлжан Дильдаева да сөз алып, көше жарығының жоқтығы, қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі, жолдардың нашарлығы мен кәріз жүйесінің тозғаны жайлы айтты. Балалардың мектепке жаяу қатынауы қауіпсіздікке әсер етіп отырғанын жеткізді.
Іле аудандық мәслихат депутаты Даурен Иманалиев тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.
– Жаз айларында ауыз судың қысымы төмендеп, жиі үзіліп қалуы – өзекті мәселе. Сонымен қатар, жолдардың сапасы мен қосымша емхана қажеттілігі де жиі көтеріліп отыр. Бұл бағытта тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жасаймыз, – деді Даурен Иманалиев
Қабылдау барысында азаматтар жеке сот орындаушыларының қызметі туралы да сауал қойды. Мүлікке арест қою, алимент өндіру, заң шеңберінде әрекет ету тәртібі сияқты тақырыптар талқыланды. Жеке сот орындаушысы Бағынұр Чельдебаева тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, олардың сұрақтарына нақты жауап ұсынды.
Қабылдау қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселе партиялық бақылауға алынып, тиісті органдарға ұсынылатын болды. Партия өкілдері мұндай қабылдаулар басқа да өндіріс орындарында жалғасатынын хабарлады.
Көшпелі қоғамдық қабылдау – азаматтардың үні естілетін, мәселесі назарға алынатын, нақты шешім қабылданатын ашық диалог алаңы.