БІР ҚОЛЫМЕН БЕСІКТІ, БІР ҚОЛЫМЕН БИЗНЕСТІ ТЕРБЕТКЕНДЕР

28 мамыр күні Іле ауданы Байсерке ауылында «Әйел үшін бизнес пен отбасын қатар алып жүру оңай ма?» атты маңызды қоғамдық шара – әйелдер форумы өтті. Бұл форум аудан әйелдерінің кәсіпкерлік тәжірибесін бөлісіп, бизнесті отбасылық міндеттермен үйлестіру жолдарын талқылауға арналған ашық пікір алаңына айналды.
Шараға ауданның белсенді кәсіпкер әйелдерімен қатар, көпбалалы аналар, қоғамдық ұйым өкілдері мен жастар қатысты. Форум аясында қатысушылар табысқа жету жолдарын, отбасымен тепе-теңдікті сақтаудағы әдістерін ортаға салды. Қоғам белсенділері – облыстық мәслихат депутаты Меруерт Сағындықовна, аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Бақытұлы, Байсерке ауылдық округінің әкімі Мұрат Бақытжанұлы да форум жұмысына белсене қатысып, ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелеріне назар аударды.
Қонақтар ойы – ортақ мақсатқа үндейді
Форумның шымылдығын Алатау қалалы мәслихатының төрайымы Роза Абилова ашты. Ол әйелдердің бірлігі мен іскерлігін, отанға деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтіп, форумға жиналған қонақтарға ризашылығын білдірді.
– Бұл жиын – көп жылғы еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің жемісі. Осында отырған әр азаматтың ауданның дамуына қосқан үлесі зор. Ләйлә Кеңесқызының бастамаларының арқасында ауданда мемлекеттік тілде білім беру сыныптары ашылып, ауыл әйелдерінің танылуына жол ашылды, — деді ол.
Сондай-ақ, Роза ханым еліміздегі шағын және орта бизнестің 70 пайызын әйелдер басқарып отырғанын атап өтіп, «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген халық даналығына сүйене отырып, батыл әйелдердің ел дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Форумда Іле аудандық мәслихатының төрағасы Мұхит Бақытұлы сөз сөйлеп, азаматтық белсенділік пен әлеуметтік жауапкершілікке тоқталды.
– Мұнда жиналған әйелдер – білімді, іскер, өз ісінің шебері. Қоғамның ілгерілеуі үшін дәл осындай тұлғалар қажет, – деді ол.
Мұхит Бақытұлы іскер әйелдердің ел экономикасы мен әлеуметтік тұрақтылыққа қосып жатқан үлесін ерекше атап, олардың еңбегін қолдау – ортақ міндет екенін жеткізді.
Кәсіпкер әйелдер – қоғам тірегі
Жиын барысында облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ойқарағай» көмір шығару мекемесінің басшысы Ляззат Қайсарқызы кездесудің маңызын атап өтті. Ол екі жыл бұрын Ләйлә Кеңесқызымен ауылдық жердегі өнімдер көрмесінен басталған әріптестік бүгінде халықаралық деңгейге ұласқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ауыл әйелдеріне қолдау көрсету – басты мақсаттарының бірі екенін жеткізіп:
– Бірі тігін тігеді, бірі ас дайындауға шебер. Біз оларға бағыт-бағдар ұсынып, шабыт береміз. Осындай кездесулердің күші – бірлікте, – деп атап өтті.
Ләззат ханымның айтуынша, кәсіпкерлікті бастаған әйелдерге бағыт-бағдар беру – олардың басты миссияларының бірі. Форум аясындағы өнімдер көрмесі де осы еңбектің нақты айғағы болды.
Өнімдер көрмесі – ауыл әйелдерінің шеберлігінің
айғағы
Көрмеге қойылған күміс бұйымдар, ұлттық киімдер, қолөнер туындылары, қолдан жасалған киіз үй, табиғи бал және биогумус сынды өнімдер ауыл әйелдерінің кәсіби шеберлігін көрсетті. Қауымдастық орталығының өкілі былтырдан бері қолға алынған «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында қыздардың жетістіктерін атап өтіп, қоғамдық жұмысқа келу жолын баяндады. Оның айтуынша, рухани қанағат сыйлайтын бұл қызмет арқылы ауылды көркейту жолында нақты істер атқарылуда.
Форумда шеберлер де өз пікірін ортаға салды. Қолөнер шебері Дулат Жанатайұлы өзінің тері мен жүннен жасалған ұлттық туындыларын таныстырып, туындыларының сатылу жағынан қолдау таппай жатқанын айтып, бұл салада бағалау тетіктерін дамыту қажет екенін жеткізді. Киіз үй жалға берумен айналысатын жобаның өкілдері де ұлттық дәстүрді жаңғыртудағы бастамаларын баяндады.
Кәсіп пен отбасы арасындағы нәзік тепе-теңдік
Форумның маңызды бөлігі – кәсіпкер әйелдердің отбасы мен кәсібін қатар алып жүру мәселесіне арналды. Еркін форматтағы пікір алмасуда қатысушылар әйелдердің өмірлік жолы, кездескен қиындықтар және оларды еңсеру тәсілдері туралы сұрақтар қойды.
Кәсіпкер Ләззат Қайсарқызы аудан орталығынан шалғайдағы еңбек жолын еске алып, 25 жыл бойы кәсіпкерлікте үздіксіз қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жолда табандылық, жанкешті еңбек пен отбасының қолдауы аса маңызды.
Ал Роза Михайылқызы әйелдің отбасындағы және қоғамдағы рөлін үйлестірудің маңызын айтты. Ол әйел – тәрбиеші, психолог, бухгалтер мен аспаз рөлін қатар атқаратын тұлға екенін айтып, әйел өзін-өзі дамытпаса, өмірден шет қалуы мүмкін екенін ашық жеткізді. Форумға қатысушылар да бұл ойды қолдап, отбасындағы тыныштық кәсіптің табысты болуына тікелей ықпал ететінін алға тартты.
Сонымен қатар, форумға Жастар ресурстық орталығының басшысы Марьям Айдарқызы да қатысып, өзінің «Алтын ханым» байқауындағы тәжірибесін мысалға келтірді. Ол ауыл әйелдерінің іскерлікке деген құлшынысын жоғары бағалап, әйел – батыл, қайсар әрі ел игілігі үшін еңбек етуге әрқашан дайын тұлға екенін ерекше атап өтті.
Қорытынды және алғыс
Іс-шараның қорытынды бөлімінде кәсіпкер Ләззат Қайсарқызы Райымбек ауданының ұлы тұлғалар мекені екенін айрықша атап өтті. Ол Мұқағали Мақатаев пен Заманбек Нұрқаділов сынды елге еңбегі сіңген азаматтарды құрметпен еске алып, әсіресе Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдық мерейтойына орай жарық көрген кітаптың қайта басылып шығуын жас ұрпаққа үлгі болар тағылымды бастама ретінде бағалады. Форум аясында бұл кітап қатысушыларға естелік сый ретінде тарту етілді.
– Биыл 80 жасқа толған қадірлі ағамыздың құрметіне өнер мектебіне оның есімі берілді. Ол кісінің 1996 жылы жарық көрген кітабы бар еді. Сол еңбекті жаңартып, қайта басып шығардық. Бүгінгі жиында сіздерге осы кітаптан бір-бір данадан табыстағым келеді, – деді Ләззат Қайсарқызы.
Іс-шараның қорытынды сөзінде Роза Михаил кизи әйелдердің ел экономикасы мен қоғамдық өмірдегі маңызды рөліне тоқталып, олардың еңбегіне қолдау көрсету – ел дамуының басты кепілі екенін ерекше атап өтті.
Бұл форум – әйелдердің бірлігі мен әлеуетінің, кәсіпкерлік пен отбасын қатар алып жүру жолындағы қажырлы еңбектің жарқын көрінісі болды.
Диана БАҚЫТҚЫЗЫ