Алматы облысының жаңалықтарыМәдениетСпортЭнергетический ауылдық округі

«ҰЛТТЫҚ ОЙЫН – ХАЛЫҚ МҰРАСЫ» АТТЫ АУДАНДЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Бүгін Іле ауданының дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде ұлттық спорт пен дәстүрлі ойындарды дәріптеуге бағытталған ерекше іс-шара өтті. «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында өткен бұл турнир Іле аудандық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының бастамасымен ұйымдастырылды.

Турнир аясында спорттың бес түрінен – тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, арқан тартыс және гир көтеруден жарыстар өткізілді. Халықтың қызығушылығын оятқан бұл турнир аудан жұртшылығын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық рухты асқақтатты.

Шараның салтанатты ашылуына «AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сатибаев, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, спорт ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Алмасбек Сатибаев өз сөзінде:

«Ұлттық спорт күні – қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерін жаңғыртып, кеңінен насихаттауға арналған маңызды күн. Бұл — тән мен жанның үйлесімін табуға, халықтың бай мұрасын тануға, бәсекелестік пен сыйластықты ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған мереке. Ұлттық спорт – ұрпақтар сабақтастығының, табандылықтың, жеңіске жету мен құндылықтарды сақтаудың жарқын үлгісі», – деді.

Турнир барысында аудандық спорт басқармасының басшысы Талғат Шәріпұлы:

«AMANAT партиясында халық игілігіне арналған бірқатар жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – бүгін өтіп жатқан «Ұлттық мұра» жобасы. Жастарды тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл шараны біз Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнап отырмыз», – деп атап өтті.

Ал Қапар Тоқтарбайұлы өз сөзінде: «AMANAT» партиясының бастамасымен 2019 жылдан бері іске асып келе жатқан «Ұлттық мұра» жобасы – мәдениет пен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын кешенді бастама. Бұл жобаның түпкі мақсаты – халқымыздың тарихи жады мен дәстүрін сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу», — деді.

Тартысты өткен жарыстарда түрлі жас ерекшелігіндегі спортшылар өзара мықтыны анықтады. Тоғызқұмалақ сайысында І орынды Байдәулетова Мөлдір, ІІ орынды Ерсұлтанова Айгүл, ал ІІІ орынды Тұрысбекова Айжан иеленді. Шахмат турнирінде І орынға Тапар Тохтамбек, ІІ орынға Ахметчин Марат, ІІІ орынға Тарасов Сергей ие болды. Гир көтеру бәсекесінде І орынды Мұхаметолла Алмас, ІІ орынды Айдарқұлов Бағдәулет, ІІІ орынды Тұрғанбаев Сымбат жеңіп алды. Арқан тарту жарысында І орынды Дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы командасы, ІІ орынды Асқар Тоқпанов ауылдық округі командасы, ал ІІІ орынды Қараой ауылдық округі командасы еншіледі.

Жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, үздік спортшылар облыстық деңгейдегі турнирге қатысуға жолдама алды.

Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраларды ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралар жас буынның бойына отансүйгіштік пен ұлттық сана дәнін сеуіп, ұлтжандылыққа баулиды.

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өткізілген бұл турнир – ұлттық болмысты сақтауға және ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге арналған халықтық бастамалардың жарқын көрінісі.

 Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button