ӨМІРІН ЕҢБЕКПЕН ӨРНЕКТЕГЕН

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, еліміздің өркендеп өсуіне арнап, аянбай тер төгіп келе жатқан Ибраймова Табиғат Төлеуқызы жайлы әңгіме қозғамақпыз. Қасиетті де киелі Абай жерінде өмірге келіп, білім алып, үлкен өмірге еліміздің тәуелсіздік алған жылымен бірге аяқ басты.
Балқаш қаласындағы педогогикалық училишесін және Алматыдағы қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық институтын бітірген.
Жалпы еңбек өтілі – 32 жыл. Біліктілік санаты – «Педогог зерттеуші», «Басшы – менеджер»
Үлкен өмірге аяқ басуы еліміздің тәуелсіздік алу кезеңімен бірге келіп тұруы бұл үлкен сәттілік. Еңбек жолын 1991 жылы Семей облысы Шұбартау ауданы Бақанас орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Арманы асқақ, алдына қойған мақсаты ұшан-теңіз, жас маман жас ұрпақты ұдайы жаңашылдықты талап ететін замана көшіне ілестіруді мақсат етті.
Жас маман деп қарамай, пәндік жүктемелері мен қатар қоғамдық жұмыстың да тізгінін ұстатып, үлкен сеніп артты. Жаратылысынан ізденімпаздыққа жаны құштар жалынды жас өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, абыроймен атқаруға білек сыбана кіріскен сол бір кез 1991 жылдың қоңыр күзі екен. 2001 жылы жаңа XXI ғасырда жер жәннаты Жетісу жеріне отбасымен қоныс аударып, Алматы облысы Іле ауданы №3 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасты. Кейін 2006 жылы Іле ауданының №39 мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарды. Осы кезеңдерде білімінің тереңдігі, ой өрісінің кемелдігі, ізденімпаздығы, жаңашылдығы арқылы шәкірттерінің талабын ұштап, жүректеріне жол таба білген Табиғат Төлеуқызын аудандық білім бөлімінің ұсынысымен 2007 жылы Байскерке ауылындағы жаңадан ашылған №12 мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызыметіне бекітті. Ал, 2016 жылдан 2022 жылға дейін осы №12 мектептің директоры болып қызмет жасады. Осы жұмысында да үнемі шығармышылықпен жұмыс істеуді басты назарда ұстаған мектеп басшысы өзіне қойған талаптарды әріптестеріне де қойып, мектептің жетістігін арттыруға кеңінен жол ашқаны өзімен қатар еңбек еткен ұстаздар қауымының есінен шыға қойған жоқ. Сол ұстаздар Табиғат Төлеуқызының білімі мен ізденгіштік қасиетін, талапшылдығын әлі күнге дейін өнеге етіп айтып отырады.
Көп жағдайда адамның нағыз азамат болуы атқарған қызыметіне немесе жоғары мансабына емес, адамгершілігіне, ұстамдылығына, қарапайымдылығына кезі келгенде әділдікті бетке айтатын турашылдығына, қай орта болсын тіл табыса алатын икемділігіне байланысты. Ақиқаттың ақ жолынан тоймай, өмір жолы тек ізгілікпен өріліп ұлағаттықпен астасқан жан ол – Табиғат Төлеуқызы дер едім.
Ана – бақыты отбасының татулығы мен амандығы десек бұл жерде де Табиғат Төлеуқызының бағы жанған. Директор Табиғат қызмет пен отбасын қатар алып келе жатқан аяулы ана, адал жар.
Еліміздің дамуына, үлес қосып, өз ортасына балғын балауса бүлдіршіндерге білім беруден еңбек жолын бастаған, сөзімен де ісімен де талап биігінен шыға білген.
Табиғат Төлеуқызының ең басты қағидаты, ол тәртіп.
Тәртіп болмаған жерде
Жұмыста өз нәтижесін бермейді.
Ер азаматтардың өзі жүрексіне атқаратын шаруаны бұрымдылардың бұйым құрлы көрмей тындыра қоятыны бар. Бұл нәзікжандарды ерлерден биік қойғанымыз емес, керісінше қазақ қызының ерге бергісіз қабілетіне, талайды тамсандырған қасиетіне қарап айтқанымыз.
Біреуді жөнсіз мақтау мен іс-әрекетіне сүйсініп, дәрежесін көтере сөйлеуді шатастырып алмағанымыз дұрыс. Ұстаз қызметінің мақсаты өз пәнін үйретуден гөрі тереңіректе, ол жаңа – адамды жасаушы адам.
Ел болашағының кілтін ұстайтын жас ұрпақ еліміздің басты құндылығы. Олардың толыққанды білім алып, білімді де білікті азамат болып қалыптасуына ықпал ету – басты міндет.
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» — дейді халқымыз. Білім айдынында талмастан жүзіп келе жатқан ауданымыздағы іргелі мектептердің қатарына Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясы да кіреді.
Гимназияда оқу-тәрбиелік қызмет жүйесінің негізгі мақсаты – өмірлік ұстанымы бар, жан-жақты, ішкі дүниетанымдық және қандайда жағдайға төтеп бере алатын қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жағдай жасау.
Биылғы оқу жылының басында мектеп ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту жобасы аясында білім беру саласын тұрақты дамыту қоры есебінен мектептің толық материалдық базасы қайта жаңартылды. Көптеген оқу кабинеттері интербелсенді тақтамен және арнайы зертханалық-практикалық құрылғыларымен жабдықталып, мұғалімдердің жаңаша сабақ берулеріне жағдай жасалды. Жалпы №28 мектеп-гиназиясының ауласы ауыл мектептерінің арасындағы көркімен көз тартатын, жасыл желек пен әсем гүлдерге оранған керемет мекемелердің бірі әрі бірегейі деп ауыз толтырып айта аламын. Осындай мектепте оқыған білім алушылар жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғарғы балл жинап, 90 пайыз шәкірттері мемлекеттік гранттың иегері атанады. Жыл сайын «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлерінің санының да өсіп келе жатқанының куәсі болып жүрмін. Бұл ұжымды айрандай ұйытып, өзі атқарған жұмысының ілгері басуына жол көрсетіп отырған білікті басшы Ибраймова Табиғат Төлеуқызының және әкімшілік мүшелерінің ерен еңбегі деп білемін. Білікті басшысы бастаған, қалған ұжым қолдаған мектеп ұжымы биік-биік нәтижеге қол жеткізіп отыр. Осы тұста айта кетер бір жай – сапалы білім бере отырып биік мақсатқа жету жолындағы ұжым бірлігі мен еңбекқорлығы үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып бір қуантса, I жартыжылдықтың соңына қарай мектеп үштік одақтың ұйымдасқан жұмысының нәтижесінде облыстық «Жемқорлыққа қарсы үздік мектеп – 2024» байқауында 19 команданың ішінен оза шауып, жүлделі I орынды қанжығасына байлап, 250 000 теңге қаржылай сыйлық ұтып алды. Ұжымның мұндай жетістігі – ұстаздардың ерен шығармашылығы мен талмай еткен еңбегінің жемісі.
Мектептің басты мақсаты – жас ұрпақтың терең білім алып, ой-өрісін өсіріп, шығармашылықпен жұмыс істей алуына жағдай туғызу, сөйтіп әр оқушының өзін – өзі дамытуына, өз мүддесі мен қызығушылығынынталандыру, бойындағы қабілетіне сай білімін ұштауына ықпал жасау. Бала бойына адами құндылықтарды қатар сіңіру мақсатында ел ішінде аңыз болған Мұхтар Шаханов, Асылы Османова, Күләш Ахметова сынды жастарға айтары бар, әр істері мен салиқалы сөздері өнегеге толы жандармен жарқын жүздесулер болды. Өмірдің сара жолы мен түрлі қағидаттарын оқушы санасына көркем де көсем сөздерімен үлгі етіп, болашаққа бағыт берді. Мектеп оқушылары танымал түлғалардың ақыл-кеңестерін тыңдау арқылы өмір еңбексіз ештеңе бермейтінін, оқу – білім адам өміріндегі тамаша байлықтардың бірі екенін түсінді. Дана жазушыларымыз білімнің күнделікті тәжірбиенің ұсақ түйірлерінен құралатынын айтқан болатын. Осындай күнделікті тәжірбиенің ұсақ түйірлерінен құралатынын айтқан болатын. Осындай кунделікті қоғамдағы негізгі мәселелерге барынша ден қоя отырып, жұмыс жасап отырған ұжымымыздың жетістіктері де аз емес. Халықаралық байқаулар мен жарыстарға қатысқан шәкірттеріміз де биіктерден көрінуде.
Музыка пәнінің мұғалімі Габбасова Гулжазира Жанибековна жетекшілк еткен «Балдәурен» тобы Түркия елінде болған Халықаралық байқаудан бас жүлде алып, Грузияның Батуми қаласында өтетін байқауға жолдама алып бір қуантты. Өнерлі шәкірттер тәрбиелеуге жалықпайтын, шәкірттерінің өзіне өза шауып бәйге алуына бар жағдайын жасайтын Гүлжазира Жәнібековнаның тәрбиелеген оқушылары қазіргі таңда Республика көлемінде танымал. Жаңа оқу жылында білім беру қара шаңырағының 10 жыл толу мерекесі қарсаңында халық қалаулысы және жастардың ерекше ықыласына бөленіп жүрген Аяу қызымыз өзі түлеп ұшқан мектебіне әуелеген әнмен шашу шашып, өзінен кейнгі шәкірттерге үлгі көрсетті. Аяудай танымал шәкірттерінің мектеп табалдырығынан түлеп ұшса да жүрегінен шығармауының өзі бір ғанибет емес пе?!
Келесі бір мектеп мақтанышы болған бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Гулмира Байдаулетовнаның шәкірті «Тәуелсіз елім – тірегім» атты халықаралық Дубай қаласында өткен жас өнерпаздар арасындағы өнер додасында «Бейнелеу өнері» жанры бойынша 3-сынып оқушысы Күмісбек Айдана бас жүлде иеленді.
Мектеп мақтанышы Сабыр Ерасыл Астана қаласында өткен Халықаралық Джиу-джитсу «Айге» чемпионатында қатысып, әлем чемпионы атанды. Спорт саласындағы тағы бір айта кететін мақтанышымыз 9-сынып оқушысы Асанбай Әнуар Сингапурда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 5-сынып оқушысы Жұмаділ Ерсұлтан дзюдодан Іле ауданының ашық біріншілігінде – орын алды. Бұл жетістіктер басқа да оқушыларға үлгі болады деп ойлаймын.
Еліміздің ілгері дамуын қамтамасыз ететін – білім саласы. Сол білім саласында шығармашылық бағытта жұмыс жасап, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілеттерімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Сондай бір жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз шәкірттеріміз облыстық «Зерде» байқауынан Қыдырбай Бейбарыс I орын, Думанқызы Інжу III орын иеленді. Жетекшілер – Тұрсынбек Сара және Нуримбетова Баян.
Ұлтты ұлт етіп оны әлемдік деңгейде көтеретін – дарынды да талантты ұрпақ. Сондықтан әрбір ұстаз алдындағы міндет – өзі оқытатын пәнінен көкірегінде сәулесі бар талапты шәкіртті тани біліп оқушы дарынын ашып дамыта білу. Міне, осындай мектеп мақтаныштары «Айқанат» республикалық олимпиядасының жеңімпазы Әбілқасым Айбек грант иегері, Дөненбай Кәусар жартылай грант иегері атанды. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған пәндік олимпиадасының республикалық кезеңінен – 10-шы сынып оқушысы Бауберік Азамат II орын алды. Жетекшісі – Иманбек Бердіахмет облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Тарих пәні мұғалімі А.Садуақасов республикалық педагогтар мен психологтарға арналған «Олимп шыңы олимпиядасының» III дәрежелі дипломымен марапатталды.
Мына ала шапқан кезде және біздің өңірдегі үш ауысымды мектепті басқару екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес.
Қазіргі таңда №28 мектеп-гимназияда 600 оқушының орнында 1715 оқушы үш ауысыммен білім алып жатыр. Міне, осы тұста тәжірбиелі басшы басшылық қызметін барынша шебер пайдаланып, қат-қабат туындап жатқан қиындықтардың жолын тауып, мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын биікке көтере алды. «Ұстаз түзелмей ұрпақ түзелмейді» деген қанатты қағидаға сай мұғалімдердің алаңсыз қызмет етуіне лайықты жағдай туғызуға Табиғат Төлеуқызы бар куш жігерін жұмсауда.
Табиғат Төлеуқызы қызымет барысында Республика, облыс аудан тарапынан марапаттарға ие болды.
Атап айтсақ:
– 2015 жылы Алматы облысының білім басқармасының «Құрмет грамотасы»;
– 2017 жылы Республикалық «Алаш ұстазы» төс белгісі;
– 2018 жылы «Қазақстан патриоты» төсбелгісі;
– 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
– 2019 жылы Алматы облысы әкімдігінің «Үздік ауыл мектебі» облыстық байқауының II орын иегері;
– 2020 жылы Алматы облысы «Мектеп басшыларына арналған белсенді топ шебері – классалаңы» III – дәрежелі диплом;
– 2021 жылы Республикалық педогогикалық іс-шараларға қатысқаны үшін «Құрмет грамотасы»;
– 2021 жылы Алматы облысы әкімінің «Алғыс хаты»;
– 2022 жылы Іле ауданының әкімінің «Алғыс хаты»;
– 2023 жылы «Алтын глобус» халықаралық білім мен ғылым және мәдениетті дамытудың оқу әдістемелік, ғылыми-инновациялық академиясының «Алғыс хаты»;
– 2024 жылы Алматы облыстық білім басқармасы «Облыстық әдістемелік орталығының «Алғыс хаты»;
–2024 жылы Алматы облысының білім басқармасының «Құрмет грамотасы»;
–2024 жылы Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
Ибраймова Табиғат Төлеуқызының алар асулары алда, сол шыңдарды бағындыруда талмай еңбек етуіне ағалық ақ батамды беремін;
Өміріңді еңбекпен өрнектей бер!
Әр ұжым мүшесі алдында айқын мақсат қойып. Сол мақсатқа жету жолын көздесе ғана мақсатына жете алады дер едім. Болашақта мақсаты айқын, ауызбірлігі мықты ұжымның алар асуы көп болсын, барша ұжым мүшелері еңбектеріңіздің жемісін бірге көре берулеріңізге тілектеспін.
Құрманғали Әбейбеков,
ақсақалдар кеңесінің мүшесі