Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамЭнергетический ауылдық округі

ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ: ӨҢІРЛІК МӘСЕЛЕЛЕР НАЗАРДА

Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын талқылау жөніндегі IV шақырылған Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: Өңірлік мәселелер және шешу жолдары» көшпелі отырысы өтті. Отырысқа жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерімен және ауыл тұрғындары қатысты. Модератор ретінде ұйымдастырушылардың бірі болып саналатын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Дауталиев Қазыбек Нұрсейітұлы жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстелде алғысөзді  Іле ауданы әкімінің орынбасары Сұлтанов Азамат Жақсылықұлы алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысына тоқталды. Сөзді Алматы обылсы Қоғамдық кеңес мүшесі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрымбетов Ерболат Сапарұлы алып, «Жергілікті қоғамдастық жиналыстарының қалыптасу тарихы және тәжірбиесі: Іле ауданының мысалында» тақырыбы бойынша сөз сөйледі:  — Іле ауданы бойынша жергілікті қоғамдастықты құру осыдан он шақты жылдар бұрын пилоттық жоба ретінде қабылданып, жұмыстар жүргізілген. Сол жұмыстардың нәтижесінде халықтың көкейіндегі жанайқалар мен түйінді мәселелер өзара оңай шешіліп отырды. Өкінішке орай соңғы жылдары жергілікті қоғамдастықтың жұмысы дұрыс бағаланбай қалды. Пилоттық жобамызда сиырқұйымшақтанып жұмысы тұралап тұр. Көптеген ауылішілік проблемаларды аудан және округ әкімдіктерінің жиынына араластырмай шешіліп отырды. Есептік кезеңде у-шусыз тыңдалым  болатын еді. Өйткені халық өзара шешу жолдарын біліп отыратын. Көше-көше бойынша бір-бір қоғамдық кеңес мүшелері тағайындалып, сол көшенің жолының жөнделуі, тазалығы, қоғамдағы болатын қордаланып қалған мәселелер мен ақыр аяғы тұрмыстық кикілжіңдерге де араласып ауыл болып талқыланып шешілетін еді. Міне жергілікті қоғамдық кеңестің атқаратын істері осындай болған. Менің ұсынысымда осы жергілікті қоғамдастың кеңесін жандандыру, — деді.

Негізі көтерілген мәселе де дұрыс бағыт бағдары қойылған. Әлемдік жаһандану процесінің даму үдерістері қарқынды жүрген шақта әлемде түрлі геосаяси ойындар белең алып, жер шарының түкпір-түкпірінде соғыс өрттері тұтанып, адамзат баласын алаңдататын жағдайға жетті. Осы тұста «Қоғамдық келісім» мүшелерінің жұмысы маңызды болмақ. Бұл тұста аудан халқын топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, патриотизмді, аудан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде тұрғындардың біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде этносаралық келісімді қамтамасыз ету. «Қоғамдық келісім» бөлімінің негізгі жұмысы, этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, аудан көлемінде ауыл тұрғындарының  бірлігін нығайту, қоғамның негізін қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтарының бірі ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Таңбалы тас» мемлекеттік тарихи — мәдени және табиғи мүзей -қорығының директоры Бибігүл Дандығараева: — Еліміздегі мәдени мұралар жайындағы болып жатқан әңгімені қозғамағанда Алматы облысында орналасқан «Таңбалы тас» табиғи қорығы ЮНЕСКО бойынша қорғалады. Соның өзінде вандализім іздері сарнап жатыр. Қазіргі күні қорыққа сыныптарымен келіп тарихи құндылықты насихаттап жатқан мектеп ұстаздары мен қызығушылық танытып отырған оқушыларды көрмейміз. Құрылтайдың негізгі мақсаттарының бірі елжандылық пен еліміздің табиғи құндылықтарын сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. Мен Ұлттық құрылтайда да осы мәселені көтердім. Әр ауданға барған сайын аудан әкімдігінен бастап жергілікті қоғамдық келісім, мектеп басшыларына, облыстық білім бөлімі мамандарына барынша түсіндіріме жұмыстарын жүргізе беремін, — деді.

Дөңгелек үстелде көтерілген мәселе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндалды. Баяндаушы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мамыт Айдос Жанұзақұлы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің және оған төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың өзекті мәселелері: Іле ауданы мысалында» тақырыбында «Құрылтай алаңында адам құқықтарын қорғау мәселелері де жиі көтеріледі. Сөз бостандығын қамтамасыз ету, сот жүйесінің әділдігін арттыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында бірқатар реформалар жүргізілді. Біздің ауданда қазіргі мыңнан астам бейне камералар қойылып, көшедегі және қоғамдық орталықтардағы тыныштықты сақтап отыру үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып отырмыз. 200 мыңға жуық аудан тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлықтың  алдын алу шараларын жүргізудеміз»,  — деді.

Ауыл тұрғындарының құқығын қорғау бойынша да отырыс барысында сөз етілді.  Алматы облысы қоғамдық кеңес мүшесі, адвокат Арман Шәріпов: «Алматы облысындағы прокуратурамен ішкі істер органдары қызметіндегі адам құқықтарының сақталуы үлкен сұрақтар туғызып отыр.  Сөздің шынына келсек заң жүзінде адамның құқықтары сақталмайды демеймін сақталады бірақ өкінішке орай ел сеніміндей емес. Бізде заңда көзделгендей тәжірибеде мүлдем басқаша болып көрсетіледі. Өкінішке орай елімізде қылмыстық іс жүргізу кодексінің жиырма төртінші бабында көзделген,  әрбір іс, арыз түскеннен бастап арыздың логикалық шешіміне жететін күнге дейін заңды және әділ болу керек. Оның барлығы заңда көрсетілген, жиырма төртінші бапта көзделген. бірақ өкінішке орай біздің азаматтарымыз ондай әділ шешімдерге жетпейді әрбір іске егер резонанс тудыратын болса ғана бұл іс әділ болады. Осы орайда сапалы жергілікті қоғамдық кеңес құрамы қажет-ақ» — деді.

Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі медицина ғылымдарының кандидаты Куштекова Зинаш Көпжасарқызы «Ауылдық жерде денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің және санитариялық-эпидемиялық қызметтің мәселелері»  тақырыбында облыс  көлеміндегі медициналық жедел жәрдем саласының жұмыстарын сынға алды. Баяндамаға сүйенбеймін егер басяндамамадағы мәселелерді алсам,  үш сағат уақыттарыңызды аламын деп ескертіп, көптеген аудандық мемлекеттік ауруханардың жұмыс жүйелерінің нашарлығына көңілі толмайтынын жеткізді.

Дөңгелек үстел соңында жиналғандар тарапынан ұсыныстар мен бірқатар ескертпелер назарға алынды. Ұсыныстар көп-ақ. Жаңа идеялар Жаңа Қазақстанмен енді қайта қалыптасып келе жатқан облысымыздың жүгін көтере ала ма? Уақыт көрсетеді.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button