Іле ауданы Қоғамдық кеңесі тарапынан мониторинг жүргізілді

Қазақстанда табиғи байлықты сақтау мен экотуризмді дамыту бағытында жүйелі әрі мақсатты жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, 2025 жылғы 5 маусым мен 5 шілде аралығында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орайластырылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Қоғамдық эко-бақылау» республикалық акциясы ұйымдастырылып отыр.
Аталған шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, қоғамдық кеңестер мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесуімен жүзеге асырылуда. Акция аясында еліміздің әр өңіріндегі туристік және тарихи-мәдени нысандардың экологиялық жағдайына кешенді мониторинг жүргізу көзделген.
Осы бағытта Іле ауданы Қоғамдық кеңесі тарапынан Алматы облысында орналасқан Таңбалы тас тарихи-мәдени кешеніне мониторинг жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған кешен — еліміздің ғана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды археологиялық нысандардың бірі болып саналады.
Мониторинг нәтижесінде бірқатар оң көрсеткіштер тіркелді: экологиялық жағдайы қанағаттанарлық, нысан аумағы таза, қоршаған ортаға зиян келтіретін факторлар байқалмады, жасыл желектер отырғызылған, шырша мен өзге де ағаш түрлері егілген, олар суғарылып, тиісті күтім жасалуда, көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілген, табиғи ландшафт бастапқы қалпында сақталған, арнайы демалыс орындары мен беседкалар орнатылған, бұл туристерге қолайлы жағдай туғызады, нысан экскурсия қабылдауға толық дайын, қажетті инфрақұрылым бар, Таңбалы тас — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, бұл оның халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды.
Қоғамдық кеңестер осындай бастамалар арқылы тек бақылаушы рөл атқарып қана қоймай, қоғам мен билік арасындағы экологиялық жауапкершілікті арттыруға нақты үлес қосып келеді. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қоғамдық сана мен мәдениетті қалыптастырудың тиімді құралы болып отыр.