ҚАЙТАРЫЛҒАН АКТИВ ТЕРДІҢ ҚАЙЫРЫМЫ БОЛМАЙ ТҰР

Іле ауданында 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» орындалу барысы бойынша жұмыстар пысықталуда. “Жол картасына” бөлінген қаржы қайтарылған активтердің есебінен елді мекендердің дамуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған. Биылғы орындалмай қалу қаупі бар нысандардың жағдайын зерделеу мақсатында «AMANAT» партиясы Іле аудандық филиалының төрағасы Алмасбек Сатибаев, Іле аудандық партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Аазамат Қожатаев, аудандық мәслихат депутаттары Ащыбұлақ округіне қарасты құрылыс нысандарын зерделеді. Жапек батыр ауылы, «Береке»саяжайында және Көкқайнар ауылында фельдшерлі-акушерлік пунктінің ғимараты тұрғызылған, кірпіштері қаланған, сылақ жұмыстары жүргізілмеген. Бүгінгі таңда әлі қаражат аударылмаған. Құрылыс жұмыстары мүлдем тоқтап тұр. Осы құрылыс бойынша қаражаттың бөлініп, аударылуы бойынша тиісті орындарға сауал жолдау бақылауға алынды. Ащыбұлақ ауылдық округінде есепке алынғандар мен алынбағандарды қосқанда жүз мыңға жуық тұрғын тұрады. Алматы облысы бойынша ең халқы тығыз орыналасқан округ ретінде танылған. Сондай-ақ округте он мектеп,
төрт ауылдық амбулатория жұмыс жасап тұр. Бірақ осы амбулаториялардың аясы өте тар. Көпшіліктің сұрауы бойынша қайтарымды активтердің қаржысына жаңа амбулатория салып беруін аудан әкімінің есептік кезеңінде сұралған еді. Өкінішке орай құрылыс жұмысы керегесін көтерумен ғана аяқталған. Құрылысқа тапсырыс беруші «Алматы облыстық құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі аталған құрылыстың не үшін тоқтап тұрғаныны дөп басып айта алмады.
Аталған жобалар «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру — «Заң мен Тәртіп» идеологиясын тиімді ілгерілетумен үйлеседі. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің назарында.
Өз тілшіміз