Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениетЭнергетический ауылдық округі

ӘЛІБЕК НҰРҚОЖАНЫҢ ӨМІРІ – ҮЛГІ, ӨНЕРІ – ӨНЕГЕ

Қазақ халқы өнер мен мәдениетті ерекше қастерлеп, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған дана ел. Осындай рухани құндылықтардың жаршысы, ұлттық өнердің шынайы жанашыры болған тұлғалардың бірі – Әлібек Нұрқожа. Оның өмірі мен шығармашылығы – қазақ өнерінің жарқын беттерінің бірі. «Өмірі үлгі, өнері өнеге» деген сөз дәл осы азаматқа арналып айтылғандай. Әлібек Нұрқожа 1937 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Көктөбе ауылында дүниеге келді. Кішкентайынан өнерге, сазға, суретке, сахнаға бейім бала алғашқы білімін 1955 жылы Есік қаласындағы «Молотов» атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Талғар қаласындағы «Механизация» техникумына түсіп, оны 1959 жылы бітірді. Еңбек жолын Талғардағы механизация техникумында оқып, өмір жолын ұстаздықтан бастады. Бұл жылдар оның тек кәсіби емес, азаматтық қалыптасуына да үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында комсомол комитетінің аппаратында қызмет атқарған.

МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕРГЕ АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

Әлібек ағаның өнер жолындағы шын мәніндегі ірі қадамы 1961 жылы басталды. Ол Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияға әнші ретінде қабылданып, көп ұзамай республика көлемінде өнерімен таныла бастады. 1962 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысып, қазақ мәдениетінің абыройын асқақтатты. Оның шығармашылығы сан қырлы: әнші, сазгер, ақын, режиссер, суретші және ұйымдастырушы. Әлібек Нұрқожа – нағыз көпқырлы талант иесі. Ол «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек» сынды әйгілі қойылымдарды халық театры сахнасына шығарып, өзі басты рөлдерді сомдаған. Ол – 200-ден астам әннің авторы. Әндері сырлы, жүрекке жақын, ұлттық рухқа толы. Оның шығармаларын Қазақстанның белгілі әншілері орындап, үлкен сахналарда паш етті. Оның әндері арқылы талай жүрек тебіренді, қаншама адам шабыт алды, үміттенді. Қылқалам иесі – табиғатпен үндес суретші Әлібек Нұрқожаның өнері тек музыкамен шектеліп қалған жоқ. Ол – табиғатты сүйген суретші. Оның «Көктем суы», «Аңырақай шайқасы», «Көкпар» сынды туындылары – тек көркем бейне емес, рухани тереңдікке толы шығармалар. Жалпы саны 200-ден аса сурет салып, халық назарына ұсынып үлгерді. Өмірінің соңғы жылдарында ол «Ардагерлер» ансамблін ұйымдастырып, оған жетекшілік етті. Бұл ұжым – оның өнерге, халыққа деген шексіз сүйіспеншілігінің дәлелі. Ансамбль облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, Әлібек ағамыздың есімін қайта-қайта биікке көтерді. Ә. Нұрқожа жасынан өзі шығарған әндерінің өлеңін өзі жазып жүріп, кейінде үлкен-үлкен тақырыптарға қалам тартқан әйгілі ақын. 2003 жылы оның Отанға, туған елге, жерге арналған көптеген өлеңдері, әндері мен ән мәтіндері «Өмірім – өнерім» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Ол саяси сауатты, білімді, білікті ұйымдастырушы болды. Құрметті демалыста жүрсе де, аудан көлемінде өткен мәдени іс-шаралардың барлығына да тікелей өзі қатысатын. Өмірінің соңғы жылдарында өзі ұйымдастырып, оның көркемдік жетекшісі де өзі болған «Ардагерлер» ансамблі 2002 жылы сәуір айында Талдықорған қаласында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында 1-ші орынға ие болды. 2003 жылдың шілде айының 3-ші күні Есік қаласында Алматы облысы көркемөнерпаздарының конкурсы өтті. Осы конкурста «Ардагерлер» ансамблі халық әні «Ләтипа», «Еркем-ай», Әлібек Нұрқожаның «Талдықорған вальсі», «Ақ қала, арман қала – Астана», «Немере», «Өтеген батыр» әндерін орындап, «Халық ансамблі» атағын жеңіп алды. Көздеген мақсатымызға жетіп қайтқанымызбен, бұл күн Әлібекпен қоштасуымыздың басы еді. Көп кешікпей «Іле ауданының Құрметті азаматы», жеті өнер иесі – әнші, актер, режиссер, дирижер, ақын, сазгер, суретші Әлібек Нұрқожа мәңгілік сапарға аттанды. 2003 жылы облыс орталығы Талдықорған қаласында ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың туғанына 90 жыл толуына орай әуесқой сазгерлер шығармаларының байқауы өткізілді. Әлібек Нұрқожаның өзі армандап кеткен бұл байқауға «Ардагерлер» ансамблі қатысып, «Өз елім – өзегім» номинациясы бойынша Ә. Нұрқожаның «Талдықорған вальсі», «Ақ қала, арман қала – Астана», «Өтеген батыр» әндерін орындап, байқаудың 1-ші орынын иеленіп, Алматы облыстық мәдениет басқармасының 1-ші дәрежелі дипломымен марапатталды. Өр тұлға сонымен қатар халқымыздың мәдениеті мен өнерін өркендетуге сүбелі үлес қосқан. Оның шығар машылығы тек сахнамен ғана шектеліп қалмады. Ол кісінің ақындық, сазгерлік, режиссерлік қырлары ұлт руханиятын байытуға бағытталған еді. Әлібек аға туған өлке тарихын тереңнен зерделеп, сол арқылы ұрпақ санасына отансүйгіштік сезімін дарытуға тырысты. Оның туындыларынан туған елге деген махаббаты мен шексіз сүйіспеншілігі айқын аңғарылады. Сондай-ақ, Әлібек Нұрқожа жастарға қамқор ментор бола білді. Ол көптеген жас өнерпаздарға жол сілтеп, олардың сахнаға деген сүйіспеншілігін оятты. Ауылдар мен аудандарда өнердің дамуына, көркемөнерпаздар үйірмелерінің жандануына ықпал етті. Әсіресе, ел ішіндегі талантты жастардың кәсіби деңгейде өсуіне жағдай жасауы – оның ерекше еңбектерінің бірі..

ӨМІРШЕҢ ӨНЕРДІҢ ИЕСІ

Әлібек Нұрқожа – ел есінде өнердің шын жанашыры ретінде қалған, руханиятқа бүкіл ғұмырын арнаған қайраткер. Оның есімі тек Іле өңірі мен Алматы облысы көлемінде ғана емес, күллі қазақ жұртының жүрегінен орын тапқан. Бұл – оның өнерінің өміршеңдігін, адамдық болмысының асқақтығын айғақтайтын айқын дәлел.

Ол өз шығармашылығы арқылы ұлттық болмысты сақтауға, халықтың рухани дүниесін байытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты. Оның әндері мен өлеңдері – елге, жерге, ата-анаға, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі. Әр туындысында туған өлкенің табиғаты, қазақы болмыс, салт-дәстүр, елдік рух терең сезіледі. Бұл – нағыз халықтық өнердің үлгісі. Сонымен қатар, Әлібек Нұрқожа – өнердегі ізін жалғастыратын шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Оның өмірінен өнеге алып, шығармашылығына еліктеген жас буын өкілдері – бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүрген өнерпаздар Бұл – шын мәніндегі рухани мұрагерлік. Ол өнердің уақытша қызығы үшін емес, оның мәңгілігі үшін еңбек етті. Міне, осындай біртуар азаматтың есімін ел жадында сақтау – бәріміздің парызымыз. Оның атында мәдениет үйі, көше, ескерткіш немесе арнайы стипендия тағайындалса, бұл – келешек ұрпақтың өнерге деген құрметін арттырары сөзсіз. Өйткені Әлібек Нұрқожа – өнердің ғана емес, елдік рухтың да символына айналған дара тұлға.

 

 

Г.М. Туреханова,

«Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ

Іле филиалының директоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button