Алматы облысының жаңалықтары

ҚАУІП ПЕН ҮМІТТІҢ АРАСЫНДА: ХИРУРГ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

15 маусым – ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі – Медицина қызметкерлері күні. Бұл күн – адам өміріне араша түсіп, денсаулық күзетінде жүрген дәрігерлер мен мейірбикелерге деген ерекше алғыс пен құрметтің белгісі. Осы атаулы күнге орай, біз Іле аудандық орталық ауруханасында табанды еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты хирург дәрігер Оразбек Арыс Асланбекұлымен сұхбаттасқан едік.
— Арыс Асланбекұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Хирургия саласына қалай келдіңіз?
— Хирург болып еңбек етіп жүргеніме тоғыз жылдан асты. Бұл мамандыққа деген қызығушылығым бала кезден басталды. Мектепте оқып жүргенімде-ақ медицина саласына, әсіресе хирургияға ерекше ықылас таныттым. Сол бала арманыма жету үшін үнемі ізденіп, білім алып, тәжірибе жинауға тырыстым. Бұл – менің өмірлік мақсатым. Сондықтан да күн сайын өзімді дамытып, кәсіби білімімді жетілдіріп келемін.
Еңбек жолымды 2016 жылы қалалық №4 аурухананың базасындағы хирургиялық аурулар кафедрасында бастадым. Ал 2019 жылдан бері Іле аудандық орталық ауруханасында хирург ретінде қызмет етіп келемін.
— Ауруханада қай бағыттағы хирургиялық оталар жиі жасалады? Аудан тұрғындары қандай оталарға жиі жүгінеді?
— Біздің Іле аудандық орталық ауруханасында бүгінде 15 хирург стационарда жұмыс істейді, екі хирург амбулаториялық қызмет көрсетеді. Егер жедел жағдайлар жөнінде айтсақ, соңғы жылдары ең жиі кездесетін аурулар – жедел аппендицит, өт тас ауруы, жарық (грыжа), асқазан мен он екі елі ішектің жарасы, жараның тесіліп кетуі, ішкі қан кету, панкреатит сияқты аурулар. Мұндай жағдайлардың көбі дұрыс тамақтанбау, режим сақтамаудан туындайды. Сонымен қатар ішек өтімсіздігі, іш жарақаттары сияқты ауыр жағдайлар да жиі кездеседі. Мұның бәрі – жедел түрде ота жасауды қажет ететін аурулар. Кейде бір адамда бірнеше патология қатарынан болуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір науқастар өтінде тас бар екенінен хабардар болса да, тек ауырған кезде ғана дәрігерге келеді. Осы себепті жедел түрде ауруханаға түсетіндер саны айтарлықтай көп. Ал жоспарлы оталарға келетіндер салыстырмалы түрде аз. Бұл жерде де әртүрлі себептер бар: біреу уақыт таппайды, біреу отадан қорқады, тағы біреулер қажетті тексерістен өтпей жатады. Дегенмен, жалпы алғанда, соңғы жылдары шұғыл жағдайда ота жасалатын науқастар саны басым.
— Жоспарлы және шұғыл операциялардың үлесі қандай? Жол-көлік апаттары, өндірістік жарақаттар бойынша жиі қандай операциялар жасалады?
— Жалпы, бізде шұғыл операциялардың үлесі жоспарлы операциялардан әлдеқайда жоғары. Көбіне науқастар шұғыл жағдайда, ауырсыну күшейген кезде ғана келеді. Сондықтан жоспарлы оталарға қарағанда жедел оталар жиі жасалады. Жол-көлік оқиғалары мен өндірістік жарақаттар, әрине, кездесіп тұрады. Бірақ ондай жағдайлар күн сайын емес, аптасына бір-екі рет тіркелуі мүмкін. Әсіресе қыс мезгілінде көлік апаттарынан жарақат алғандар көбейеді.Хирургиялық бөлімге келетін жарақаттар негізінен ішкі ағзалардың зақымдануымен байланысты. Мысалы, іштің жабық жарақаты, ішкі қан кетулер сияқты. Ал сүйек сыну, жұмсақ тіндердің беткі жарақаттары секілді жағдайлар көбіне травматология бөліміне жатады.Біздің тарапымыздан көрсетілетін көмек – ішкі ағзаларға зақым келген кезде жасалатын шұғыл операциялар. Мұндай оталар адам өмірін құтқарып қалуға тікелей әсер етеді.
— Жұмысыңыздың бір күнін сипаттап берсеңіз?
— Біздің жұмыс күніміз таңертеңгі қабылдаудан басталады. Ең алдымен реанимация бөліміндегі ауыр науқастарды қараймыз. Кейін жалпы хирургия бөліміндегі пациенттерге кезекпен қараймыз – кімнің жағдайы қандай, кімге қандай ем тағайындалған, кімге операция қажет – соны нақтылап аламыз. Таңертеңгі тексерістен кейін жоспарлы және шұғыл операцияларға кірісеміз. Егер алдыңғы күні науқас жоспарлы отаға дайындалған болса, сол бойынша жұмыс жүргіземіз. Ал егер түнгі кезекшілікте жаңа түскен шұғыл науқас болса, соған да дереу көмек көрсетіледі. Операциялардан кейін таңу, бақылау, науқастың жағдайына байланысты жазбалар толтыру секілді жұмыстар жалғасады. Жұмысымыз өте тығыз, кейде таңертең қалай кіргенімізді, кешке қалай шыққанымызды да байқамай қаламыз. Себебі күн ішінде шұғыл жағдайлар жиі түседі – мысалы, аппендицит, ішкі қан кетулер, панкреатит секілді диагноздармен. Кейде диагноз бірден қойылмайтын күрделі жағдайлар болады. Ондай кезде қосымша зерттеулер жасап, динамикалық бақылауға аламыз. Қажет болса, бір ем тәсілін екіншісімен ауыстырамыз. Хирургтың жұмысы – тек ота жасау емес. Бұл – біртұтас үдеріс: диагноз қою, емді дұрыс тағайындау, нәтижесін бақылау, қайта қарау, шешім қабылдау. Сондықтан клиникалық ойлау мен үздіксіз ізденіс – біздің негізгі құралымыз.
— Хирургиялық бөлім қазіргі заманға сай медициналық жабдықтармен қаншалықты қамтамасыз етілген?
— Иә, қазір медицинаның дамуына байланысты хирургия саласында да көптеген заманауи технологиялар енгізілді. Бұрынғыдай үлкен тілік жасап ота жасау міндетті емес. Қазіргі таңда лапароскопиялық және эндоскопиялық әдістер кеңінен қолданылуда. Бұл – іш қуысын толық ашпай-ақ, бірнеше шағын тілік арқылы жасалатын операциялар. Мұндай операциялар науқасқа жеңіл тиеді, ауырсыну аз болады, әрі тез сауығып кетеді. Көпшілік бұл әдісті «лазермен ота жасайды» деп айтып жатады. Негізінде ол – электрокоагуляция мен бейнебақылау жүйелері арқылы жүзеге асатын лапароскопиялық операциялар. Бұл әдіспен біз аппендицитке, өт жолындағы тас ауруларына, жарық (грыжа) секілді ауруларға ота жасаймыз. Сонымен қатар, лапароскопиялық жолмен ішкі ағзаларға диагностикалық тексерулер де жүргіземіз. Біздің бөлімде лапароскопиялық құрылғылар, бейнебақылау жүйелері, коагуляторлар, УДЗ аппараты, эндоскопиялық құралдар бар. Олар бізге көптеген оталарды заманауи әрі тиімді тәсілмен жасауға мүмкіндік береді. Дегенмен, кейбір құралдар жаңартуды қажет етеді. Жаңа технология неғұрлым көп болса, көрсетілетін медициналық көмек те соғұрлым сапалы әрі қауіпсіз болады. Бұрын, мысалы, ішкі ағзаларда қан кетсе, ашып барып күйдіріп тоқтату керек болатын. Қазір оны лапароскопиялық жолмен, ішке кішкентай бейнекамера кіргізіп, нақты жеріне электрокоагуляция арқылы әсер ету арқылы емдеуге болады.
— Есте ерекше сақталған, кәсіби тұрғыдан күрделі немесе эмоционалды ауыр операциялар болды ма?
— Шын мәнінде, хирургияда «жеңіл» операция болмайды. Әрбір операция – өзінің күрделілігімен, тәуекелімен ерекшеленеді. Мәселен, жақында бір апа келіп түсті. Жасы үлкен, жағдайы ауыр болды. Операция шұғыл түрде жасалуы керек еді. Алдымызда екі таңдау тұрды: не стома қоямыз, не толыққанды ішекке анастомоз жасап, қалпына келтіреміз. Екінші жол – әлдеқайда күрделі, тәуекелі жоғары. Бірақ біз науқастың жағдайына қарап, анастомоз жасадық. Себебі оның кейінгі өмір сапасы үшін бұл әлдеқайда дұрыс шешім болды. Бұрынғы оталардың салдарынан іш қуысында біраз жабыспалар болған, оларды ажырату да ұзақ әрі мұқият жұмыс талап етті. Бұл операция физикалық тұрғыдан да, эмоциялық жағынан да күрделі өтті. Бірақ, бәрі сәтті аяқталды, науқас аман-есен үйіне шықты. Тағы бір есте қалған кез – бір тәулік ішінде 7-8 ота жасауға тура келді. Бірінен соң бірі түсіп жатқан науқастар: аппендицит, ішек өтімсіздігі, асқазан тесілуі, ішкі қан кетулер… Арасында перитонитпен келгендер де болды. Таңертеңгі 8-де бастаған операцияларымыз түнгі 3-4-ке дейін жалғасты. Шаршайсың, бірақ науқасқа көмек қажет, соны ойлаған соң бәріне төзесің. Мұндай сәттер адам ретінде де, маман ретінде де шынықтырады.
— Жалпы, отаға кірмес бұрын арнайы дайындықтан өтесіз бе?
— Әрине, ота алдында дайындық міндетті. Бірақ әрбір жағдай әртүрлі. Кей операцияға мұқият дайындаласың: науқастың жағдайын толық қарап, талдайсың, анализдеріне, қосымша патологияларына мән бересің. Ал кейбір жағдайларда, әсіресе шұғыл науқастарда, көп ойлануға уақыт болмайды – тез шешім қабылдап, тез әрекет ету қажет. Дегенмен, қандай ота болмасын, біз әрқашан науқастың жалпы жағдайын, жасын, ауру тарихын, қосымша сырқаттарын ескеріп, қандай әдіс тиімді – соны шешеміз. Бұл да бір күрделі ойлау процесі. Шынымды айтсам, кейде алдыңда күрделі жағдай тұрған сәтте ішкі бір жауапкершілік пен қобалжу болады. Бірақ бұл қобалжу – кәсіби сезім. Ол сенің жұмысыңа бейжай қарамайтыныңның белгісі. Ота – тек физикалық еңбек емес. Бұл – ой, сезім, жауапкершілік, тәжірибе және шешім қабылдай білу. Жақсы хирург болу үшін осының бәрі керек.
— Сіз бұған дейін бір күнде 7-8 операция жасаған кезіңіз болғанын айттыңыз. Жалпы, ең аз дегенде бір күнде неше ота жасалады?
— Жалпы, хирургия саласында әр науқасқа бірден операция жасалады деген түсінік дұрыс емес. Алдымен науқастың жағдайын толық зерттеп, тексеріп аламыз. Егер жағдайы отасыз емдеуге келсе, алдымен сол жолды қарастырамыз. Себебі операция – әрқашан соңғы, ең күрделі шешім. Сол себепті кей күндері бірде-бір ота жасалмайтын кездер де болады. Ал керісінше, науқастар көп түсіп, шұғыл жағдайлар туындаған сәттерде аурухана қабырғасында бір күнде 7-8 емес, тіпті 18-19 ота жасалған кездер болған. Әрине, мұндай күндер физикалық жағынан да, эмоционалдық тұрғыдан да өте ауыр өтеді. Дегенмен, бұл – біздің мамандығымыздың табиғаты. Біз осы жолды саналы түрде таңдадық, сондықтан әр науқасқа көмектесу – біздің басты міндетіміз әрі жауапкершілігіміз.
— Сіздің ойыңызша, жақсы хирург болу үшін қандай қасиеттер керек?
— Жақсы хирург болу үшін ең алдымен адамға деген жауапкершілік керек. Хирургия – бір жағынан өте игі, бір жағынан өте ауыр мамандық. Мысалы, бір күнде он науқасты емдеп жазасың, бірақ біреуі сауығып кете алмай қалса, бүкіл көңілің соған ауады. Он адамның тоғызын құтқарып, біреуіне көмектесе алмасаң – соны өзіңе қатты қабылдайсың. Бұл мамандықта өзіңді ұмытып, бар күш-жігеріңді өзгеге арнауға тура келеді. Бұл – адамдарға шын жүректен көмек көрсетуді қажет ететін сала. Сондықтан адам бойында мейірім, шыдамдылық, табандылық болуы шарт. Кейде өз денсаулығыңды, көңіл күйіңді кейін ысырып қойып, өзгенің өмірі үшін шешім қабылдауға тура келеді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Мен өзім алғаш рет студент кезімде операцияға қатыстым. Сол кезде алғаш рет қанды көріп, өзімді жайсыз сезіндім. Тіпті көзім қарауытып, сыртқа шығып кеттім. «Мүмкін менің қолымнан хирург болу келмейтін шығар?» деген ой да болды. Бірақ кейін үйрендім. Ең бастысы – адам өзінің әлсіз тұстарын жеңе білуі керек. Жалпы, хирургия – тек техникамен, құралмен жұмыс істеу емес. Бұл – адамның өміріне, тағдырына тікелей әсер ететін сала. Хирург болу – күн сайын маңызды шешім қабылдау, күн сайын біреудің үмітіне айналу деген сөз. Сондықтан бұл мамандықты жүрекпен таңдап, жүрекпен атқару қажет.
— Хирург мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу, оқыту курстары сияқты шаралар ұйымдастырыла ма?
— Иә, ондай мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, 2024 жылы Түркияға екі аптаға барып, біліктілігімді арттырып келдім. Ыстамбұл қаласындағы «Medicana» атты ірі жеке медициналық орталықта тәжірибе жинадық. Онда заманауи технологиялармен және озық операциялық әдіс-тәсілдермен танысуға мүмкіндік туды. Бұл мен үшін өте пайдалы әрі мазмұнды тәжірибе болды.Түркиядағы клиникалардың басты ерекшелігі – толықтай жоғары технологиямен жабдықталғаны және роботтандырылған медицинаның кеңінен қолданылуы. Әр медициналық қызмет түріне арналған арнайы құрылғылар бар. Осындай клиникалардың жұмысын көріп, бізде де сол технологияларды қалай енгізуге болады – соны саралай бастайсың. Күнделікті тәжірибеңе не алуға болатынына назар аударасың.. Бұл – үйренуге тұрарлық әрі болашақта отандық медицинада қолдануға болатын құнды тәжірибе.
— Ауданымыздағы хирургиялық қызмет сапасын одан әрі жетілдіру үшін қандай ұсыныс, ой-пікіріңіз бар?
— Иә, енді біз жаңа ғана сөз еткеніміздей, ең бастысы – заманауи технологиямен жабдықталу. Әсіресе аудандық деңгейде бұл аса маңызды. Қазір біз эндоскопиялық операцияларды жасап жатырмыз, дегенмен, өкінішке қарай, мұндай мүмкіндіктер еліміздің барлық өңірінде бірдей қолжетімді емес. Әдетте, заманауи медициналық технологиялар алдымен ірі қалаларға келеді, сол жақта игеріліп, кейін аудандарға тарайды. Бірақ бұл процесс баяу. Менің ойымша, еліміздің барлық өңіріне, соның ішінде аудандық ауруханаларға да жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар жеткізіліп, теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Себебі кез келген пациент сапалы медициналық қызметке лайық. Шетелде көрген тәжірибемнен кейін, біз әлі де біраз дүниеде артта келе жатқанымызды байқадым. Бірақ бұл – ұят немесе кемшілік емес, даму қажет екенін көрсететін көрсеткіш. Сондықтан шетелден көрген тиімді тәжірибені бөліп алып, соның озық тұстарын бізге де енгізуге тырысуымыз керек. Мысалы, олардың кейбір клиникаларындағы қызмет көрсету деңгейі, ұйымдастыру жүйесі, дәрігерлердің қолындағы құрал-жабдықтары – барлығы өте жоғары деңгейде. Біз де сол бағытта ұмтылуымыз керек. Әрине, оны толық көшіру емес, бірақ сол үлгілерді аудандық деңгейге бейімдеп, шағын масштабта болса да енгізу маңызды. Техникалық база жаңарса, хирургиялық қызметтің сапасы да артады. Бұл – науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін шешуші фактор. Сол үшін де біз тек қолда бармен шектеліп қалмай, жаңашылдыққа, білім мен технологияны игеруге әрдайым ұмтылуымыз қажет.
— Алдағы Медициналық қызметкерлер күніне орай, әріптестеріңізге қандай құттықтау тілегіңізді жолдар едіңіз?
— Мен барлық әріптестерімді, денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп жүрген абзал жандарды кәсіби мерекеміз – Медициналық қызметкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жылына бір келетін ерекше күн, барлығымыз үшін қадірлі мереке. Сол күнге аман-есен, ауырмай-сырқамай, жақсы көңіл-күймен жете берейік! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Елімізде ешқандай қиындық болмасын, халқымыз ауырмасын, әр адам бейбіт күннің шуағында өмір сүре берсін!

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button