*Алматы облысында ашық есік күні өтті*

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы облысы филиалында дәстүрлі ашық есік күні өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының 2-курс курсанттары қатысты.
Ашық есік күні аясында курсанттар филиалдың зертханалық және инженерлік қызметімен жан-жақты танысты. Іс-шараны зертхана меңгерушісі Аманжол Нұрғұлан мен мемлекеттік есеп инженері Дархан Сибатов жүргізді.
Курсанттар ең алдымен зертханадағы заманауи құрал-жабдықтармен танысты. Инертті материалдарға арналған сынақ жабдықтардың жұмыстары көрсетілді. Кейін битум зауыттарында қолданылатын құрамдық рецептерді таңдау процесі, битум қоспаларын дайындау және оларды сынақтан өткізу тәртібі, сондай-ақ оған қолданылатын нормативтік құжаттар туралы ақпарат берілді. Үшінші кабинетте курсанттарға битум өнімдеріне жүргізілетін сынақтар таныстырылды. Оның ішінде битум маркасын анықтау, пенетрация көрсеткіші, түрлі температура жағдайларындағы төзімділік, су ішіндегі тұтқырлық деңгейі нақты құралдар арқылы көрсетілді.
Зертхана бүгінде еліміздегі ең озық техникалармен жабдықталған. Төртінші кабинетте битум қоспалары мен жолдан алынған керн үлгілеріне жүргізілетін сынақтар көрсетілді. Сонымен қатар Қазақстан аумағында сирек кездесетін жол табанының калибрленуін есептейтін арнайы аспап – «колееобразование» құрылғысының жұмысы түсіндірілді.
Сапар барысында курсанттар инженерлердің жұмысында қолданылатын аспаптармен де танысты. Атап айтқанда, жолдың тегістігін өлшеуге арналған үшметрлік рейка, жүктемесіз әдіспен жол тығыздығын анықтайтын құрылғылармен жіте танысты. Барлық аспаптар студенттерге жеке көрсетіліп, олардың қолданылу әдістері үйретілді.
Іс-шара соңында Сибатов Дархан курсанттарға жылжымалы жол зертханасының жұмысын таныстырды. Бұл құрылғы жолдың параметрлері мен пайдалану сипаттамалары және болашақта қажет болатын жөндеу түрлері жайлы толық ақпарат берілді. Аталған құрал инженерлердің жұмысын жеңілдетіп, жол сапасын жедел түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Осындай шаралар курсанттардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, болашақ инженерлік қызметтеріне тың серпін беретіні анық.