Ана сүтінде 400 пайдалы қоректік зат бар

Жыл сайын 1-7 тамыз аралығында әлем бойынша Дүниежүзілік бала емізу апталығы аталып өтеді. Осыған орай, Алматы облысысының басты ақпараттық алаңында арнайы брифинг өтті. Баспасөз мәслихаты барысында, Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Мақпал Қамбарбекова, ата сүтінің артықшылықтары мен, апталықтың маңызы жайында баян етті.
«Дүниежүзілік бала емізу» апталығының мақсаты – ана сүтінің маңызын, оның бала денсаулығы мен дамуына қосатын ерекше үлесін қоғамға түсіндіру.
Ана сүті – нәресте өмірге келгеннен кейінгі ең алғашқы әрі ең маңызды тағам. Ол нәрестенің алғашқы қорғаныс жүйесі болып табылады.
Мамандардың айтуынша, ана сүтінің құрамында 400-ге жуық пайдалы қоректік зат бар. Сонымен қатар, ана сүті иммундық және биологиялық белсенді заттарға бай. Олар ішек жұмысын реттеп, баланың ағзасын түрлі аурулардан қорғайды.
«ЮНИСЕФ пен ДДСҰ ұсынған ұсыныстар бойынша, сәбиді 6 айға дейін тек ана сүтімен қоректендіріп, кейін қосымша тағамдар енгізе отырып, кемінде 2 жасқа дейін емізу ұсынылады»,-дейді спикер.
Ана сүті – тек тағам емес, ол – мейірім мен қауіпсіздік белгісі. Сондықтан қоғамда ана сүтімен қоректендірудің маңызын насихаттап, аналарды барынша қолдаған жөн. Емізуді жалғастыру – болашақтың дені сау ұрпағын қалыптастырудың басты кепілі.