АУЫЛ МЕКТЕБІ ҮШІН ЦИФРЛЫҚ СЕРПІЛІС ҚАЖЕТ

Президентіміздің Жолдауында айтылған білім саласына қатысты бастамалар біз үшін үлкен үміт сыйлады. Шын мәнінде, цифрлық заманның талабы – жастарды жаңа технологиялармен ерте жастан таныстыру. Қазіргі балалардың қызығушылығы да, ақпаратты қабылдау деңгейі де өзгеше. Сондықтан мектеп бағдарламасына жасанды интеллект негіздерін енгізу – уақыттың өзі сұрап тұрған қадам. Бұл тек болашақ мамандарды даярлауға емес, сонымен бірге оқушылардың сыни ойлау қабілетін, талдау дағдысын дамытуға сеп болады.
Әсіресе ауыл мектептері үшін «Qazaq Digital Mektebi» жобасы аса маңызды. Себебі шағын жинақты мектептерде оқулық пен мұғалім тапшылығы жиі кездеседі. Егер қашықтан қолжетімді заманауи білім платформасы іске қосылса, ауылдағы баланың да қаладағы құрбы-құрдасынан кем түспейтіндей сапалы білім алуына жол ашылады. Бұл – білімдегі теңсіздікті азайтудың нақты шешімі.
Сонымен қатар педагогтердің өзіне жасанды интеллект құралдарын үйрету де аса қажет. Қазірдің өзінде көптеген ұстаздар электронды журнал, онлайн сабақ, түрлі цифрлық қосымшаларды қолдануды меңгерді. Бірақ жасанды интеллект – мүлде жаңа деңгей. Егер мұғалімдер осы технологияны игерсе, сабақ жүргізу әдістемесі де, оқушылардың қызығушылығы да арта түседі.
Президент атап өткен «Келешек мектептері» мен балаларды дамыту орталықтары – жас ұрпақтың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің серіктестік орнатуы да маңызды қадам деп білемін.
Қорытындылай келе, Жолдаудағы бастамалар – еліміздің білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін нақты шаралар. Мұғалімдер қауымы бұл бағытты толық қолдайды және болашаққа сеніммен қарайды.
Сарсенбаева Ботагоз Серикбатталовна
Директордың ғылыми инновация ісі жөніндегі орынбасары


