БАУРЖАН РАМАЗАНҰЛЫ: ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ БАЙЛАНЫС – СЕНІМДІ АРТТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ

Заң үстемдігін қамтамасыз ету – кез келген қоғамның тұрақтылығының кепілі. Осы мақсатта Іле ауданының прокуратурасы да күнделікті жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап бұл жауапты қызметті Тулендинов Бауржан Рамазанұлы атқарып жүр. Біз аудан прокурорымен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында сұхбаттасқан едік.
– Бауржан Рамазанұлы, аудан прокуратурасының негізгі құзыреті қандай? Халық көбіне прокуратураға қандай жағдайда жүгіне алады?
– Прокуратура органдарының құзіреті ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясының 83-бабымен және «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңымен бекітілген. Прокуратураның негізгі міндеттері – адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылады.
– Сотқа дейінгі тергеу амалдарының әділ әрі заңды өтуін қамтамасыз ету үшін прокуратура қандай қадағалау тетіктерін қолданады?
– Қазақстанда 2020 жылдан бастап «Қылмыстық процестің үш буынды моделі» енгізілді. Оның негізгі мақсаты – өкілеттіктердің нақты бөлінуін қамтамасыз ету, тергеудің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Яғни прокурор тергеу барысында маңызды процессуалдық шешімдерді келіседі немесе бекітеді. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы 7 айында аудан прокуратурасымен 398 сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімін үзу туралы шешім келісіліп, 161 шешімге келісім берілмеді. Сонымен қатар, 855 істі тоқтату туралы қаулы бекітіліп, 132 шешімге бас тартылды. Сотқа 107 тұлғаға қатысты 100 қылмыстық іс жолданып, барлығына айыптау үкімі шықты. Бұдан бөлек, Полиция басқармасымен жасырылған 5 құқықбұзушылық фактісі анықталып, прокуратура араласуынан кейін азаматтардың құқықтары қорғалды. Сондай-ақ тәуліктік тексеру барысында 14 қылмыстық істің құрамы жоқ екені анықталып, прокурор қаулысымен тоқтатылды. Жергілікті прокуратура органдарында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау үшін тәуліктік «кезекші прокурор» міндеті бекітілген. Мысалы, биылғы 7 ай ішінде аудандық Полиция басқармасының қызметтік бөлмелерінде заңсыз ұсталған 4 азамат кезекші прокурордың қаулысымен босатылып, олардың құқықтары қалпына келтірілді.
– Кейде сот барысында азаматтар «тергеу кезінде кей айғақтар ескерілмеді» деген наразылық білдіреді. Мұндай жағдайда прокуратура қандай шара қолданады?
– Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін прокурор ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен бекітілген нұсқауға сәйкес, арыз тіркелген сәттен бастап сот үкімі шыққанға дейінгі процесті қадағалайды. Егер айғақтардың ескерілмеуі сияқты жағдай орын алса, прокурор қылмыстық істің толықтығы мен объективтілігін бағалап, дәлелдемелердің заңдылығын тексереді. Қажет болған жағдайда қосымша тергеу амалдарын талап етіп, сот үкіміне жоғары тұрған сотқа шағымданамыз.
– Сіздің тәжірибеңізде аудан тұрғындары прокуратураға көбіне қандай мәселелер бойынша жүгінеді?
– Көбіне жер мәселесі, әлеуметтік төлемдер, еңбек құқығы, құқық қорғау органдарының әрекеттеріне қатысты шағымдар түседі. Сондай-ақ азаматтар қарыз өндіру және сот орындаушыларының жұмысы бойынша да жиі жүгінеді.
– Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында прокуратура тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Прокуратураның басты міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осы мақсатта аудан прокуратурасы алаяқтардың құрбаны болмау, есірткіге қарсы күрес, кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг және бизнес субъектілеріне әкімшілік кедергілердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар өткізуде.
– Мемлекет басшысы инвестициялық климатты жақсарту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осы бағытта аудан прокуратурасы қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Иә, Президентіміз инвестициялық климатты жақсарту мен бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын үнемі атап келеді. Осыған сәйкес, біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды заң аясында қолдау. Биылдың өзінде Іле аудандық прокуратурасы төрт инвестордың құқығын қорғады. Атап айтқанда, ірі инвестициялық жоба заңсыз қылмыстық қудалауға тартылып, қызметі тоқтатылған еді. Прокурорлық қадағалау актісінен кейін кәсіпорын жұмысы қайта жандандырылды. Сонымен қатар, су жеткізуші компания негізсіз тарифті көтерген, біздің араласуымыздан кейін тариф заңнамаға сәйкестендірілді. Бұдан бөлек, екі инвестициялық жобаға көші-қон қызметі заңсыз араласқан болатын, тексерулердің заңсыздығы анықталып, олардың құқықтары қалпына келтірілді.
– Аудан прокуратурасы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға айрықша көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы және заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Әрине. Биылғы жылы медициналық ұйым тарапынан босанған әйелдерге жаңа туған сәбилерге арналған қажетті жабдықтардың уақытылы берілмеуі фактісі анықталды. Біздің араласуымыздан кейін 1000-нан астам ана тиесілі дәрі қобдишаларын алды. Сонымен бірге, кейбір жұмысшыларға жалақы алты айдан астам уақыт бойы төленбеген жағдай тіркелді. Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 100-ден астам қызметкер еңбекақысын толық көлемде алды. Бұдан бөлек, прокуратура органдары заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару ісіне де белсенді қатысып келеді. Қайтарылған қаражаттың есебінен денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым саласындағы маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Мысалы, Алматы облысы Іле ауданында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Ол заманауи жабдықтармен қамтылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетеді. Нәтижесінде Көктөрек ауылының 2000-нан астам тұрғыны аудан орталығына бармай-ақ, сапалы медициналық көмек ала алады. Қазіргі уақытта аудан аумағында тағы бір медициналық мекеме құрылысы жүргізілуде.
– Соңғы жылдары ауданда қандай заңсыздық түрлері жиі тіркеліп, оларды болдырмау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
– 2025 жылдың өткен кезеңінде аудан прокуратурасына барлығы 1489 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 1065-і тергеу бағыты бойынша, ал 424-і қоғамдық мүдделерді қорғауға қатысты болды. Өтініштердің ішінде 109-ы қанағаттандырылды, 444-іне түсініктеме берілді, 288-і мәні бойынша шешілді, 46-сы қанағаттандырылмады, қалғаны құзыретті органдарға жолданды. 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 1728 өтініш тіркелген болатын. Яғни, биыл өтініштердің азайғаны байқалады. Негізінен, ауданда жер қатынастарына байланысты заңсыздықтар, экология талаптарының бұзылуы, интернет алаяқтық және меншікке қарсы қылмыстар жиі кездеседі. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық тексерулер мен талдаулар жүргізіледі, мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар енгізіледі. Сонымен қатар, тұрғындар арасында заң нормаларын түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайтуда прокуратураның атқарып отырған жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл бағыт біздің басым міндеттеріміздің бірі. Себебі жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруы – болашаққа тікелей қауіп. Сондықтан біз мектептермен, жастар ұйымдарымен, ата-аналармен бірлесіп тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе әлеуметтік желілерде кибербуллингтің, нашақорлықтың зияны мен құқық бұзушылықтың салдары туралы ақпараттық шаралар ұйымдастырамыз. Аудан прокуратурасының бастамасымен мектептерде арнайы QR-кодтар орнатылды. Бұл жүйе арқылы оқушылар немесе ата-аналар кез келген құқық бұзушылық туралы жедел хабар бере алады. Мұндай тәсіл жасөспірімдердің құқықтарын қорғауға және заңсыздықтың алдын алуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
– Сот орындаушыларының әрекетіне байланысты шағымдар түсіп жатады. Мұндай жағдайларда прокуратура қандай рөл атқарады?
– Азаматтардан түсетін шағымдардың бір бөлігі сот орындаушыларының әрекеттеріне байланысты. Бұл бағытта біздің міндет – олардың тек заң аясында әрекет етуін қадағалау. Егер келіп түскен шағымдар негізді болса, прокуратура заңсыз шешімдердің күшін жоюға бастамашы болады немесе тиісті органдарға тәртіптік шара қолдану жөнінде ұсыныс енгіземіз. Яғни, басты мақсатымыз – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және сот орындаушылар тарапынан заңсыздыққа жол бермеу.
– Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаралар қолға алынған? Оның алдын алуда прокуратураның үлесі қандай?
– Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кедергі келтіретін басты факторлардың бірі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргіземіз. Егер кез келген мемлекеттік органда немесе лауазымды тұлғаның әрекетінде заң бұзушылық анықталса, прокуратура дереу шара қолданып, тиісті уәкілетті органға заңды шара қабылдау үшін жолдайды. Бұған қоса, алдын алу жұмыстарын да ұмытпаймыз. Халықпен ашық кездесулер өткіземіз, мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, семинарлар ұйымдастырамыз. Мұндай алдын алу шаралары мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, қоғамда заңға деген сенімді нығайтады.
– Әлеуметтік осал топтар (жеке басты аналар, мүгедектер, зейнеткерлер) құқықтық тұрғыдан жиі қорғалмай қалып жатады. Осындай азаматтардың құқығын қорғауда прокуратура қалай көмектеседі?
– Прокуратура органдарының негізгі қызмет бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтарын қорғау, ал әлеуметтік осал топтағы азаматтар ерекше назарда. Мысалы, өткен жылы жеке басты аналарға, мүгедектер мен зейнеткерлерге арналған 240 пәтер сатып алынған болатын. Тексеру барысында оның 28-і заңмен белгіленген талаптарға сай еместігі анықталды, яғни тұруға жарамсыз болып шықты. Осыған байланысты аудан прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, нәтижесінде 110 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бұл қаржыға басқа сапалы пәтерлер сатып алу көзделуде.
– Жергілікті полиция мен басқа да құқық қорғау органдарының жұмысына қадағалау қалай жүргізіледі?
– Біз олардың әрекеттерінің заңға сай болуын күнделікті бақылауда ұстаймыз. Әсіресе азаматтарды ұстау, қамау және тергеу кезінде заңсыздыққа жол бермеу – басты назарымызда. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса, дереу шара қолданылады.
– Аудан прокуратурасының жұмысына қоғамның сенімін арттыру үшін қандай ашықтық шаралары қарастырылған?
– Басты мақсатымыздың бірі – халықпен ашық байланыс орнату. Сол үшін аудан прокуратурасының бастамасымен жергілікті атқарушы органдар мен полиция басшылығының қатысуымен ауылдық округтерді аралап, азаматтарды жеке қабылдаулар өткіземіз. Сонымен қатар прокуратура ғимаратында аудан прокуроры мен оның орынбасарлары күнделікті қабылдау жүргізіп отырады.
– Алдағы уақытта аудан прокуратурасының басты басымдықтары қандай болмақ?
– Алдағы кезеңде басты басымдық – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, экология және жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлеміз. Сондай-ақ халықпен тұрақты байланыс орнатып, прокуратураның жұмысын барынша қолжетімді ету жоспарда бар.
– Сұқбат бергеніңізге рақмет!
Диана БАҚЫТҚЫЗЫ

