Адалдық – абыройдың бастауы

Мемлекеттік қызмет – ел алдындағы зор жауапкершілік пен сенімнің өлшемі. Мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан оның әрбір сөзі мен іс-әрекеті қоғамның назарында, ал мінез-құлқы мен өмір салты – халықтың бағалау өлшемі.
Бүгінгі таңда қоғамда алаңдатарлық құбылыстардың бірі – құмар ойындарға әуестену, яғни лудомания дерті. Өкінішке қарай, мұндай әдет кейде мемлекеттік қызмет өкілдерінің арасынан да кездесіп жатады. Құмар ойын – тек жеке адамның емес, отбасының да тыныштығына, материалдық әл-ауқатына қауіп төндіретін зиянды тәуелділік. Ол адамның ерік-жігерін әлсіретіп, рухани құндылықтарын жояды.
Мемлекеттік қызметшінің мұндай әрекетке баруы – оның жеке беделіне ғана емес, тұтас мемлекеттік аппараттың имиджіне нұқсан келтіреді. Сондықтан әрбір қызметші қоғам алдында үлгі болып, бос уақытын өзін-өзі дамытуға, отбасына, спортқа, мәдени шараларға арнағаны жөн.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру – бүгінгі мемлекеттік аппараттың басты міндеті. Сыбайлас жемқорлық – әділдік пен сенімділікке селкеу түсіретін, ел дамуын тежейтін қауіпті індет. Әр мемлекеттік қызметші адалдық пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алып, өз жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Менің тарапымнан ұжымдарда тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
Мемлекеттік қызметші үшін заңдылық пен Әдеп кодексін сақтау – міндет емес, өмірлік ұстаным болуы қажет. Әсіресе, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану – заң бұзушылық және этика нормаларына қайшы әрекет. Қызметтік көлік – халықтың қаражатына алынған мемлекет меншігі. Оны тек қызметтік міндеттерді орындау барысында ғана пайдалану – әр қызметшінің парызы.
Мұндай қарапайым қағидаларды қатаң сақтау – мемлекеттің беделін көтеріп, халық сенімін нығайтудың маңызды алғышарты.
Шын мәнінде, мемлекеттік қызметшінің абыройы – оның кәсіби біліктілігімен қатар, мінез-құлық мәдениеті мен өмірлік ұстанымынан көрінеді. Құмар ойыннан, жемқорлықтан және әдепке қайшы әрекеттерден бойын аулақ ұстау – әр мемлекеттік қызметшінің азаматтық борышы.
Ел алдындағы адалдық пен жауапкершілік – абыройдың бастауы. Егер әрбір қызметші осы қағидаларды берік ұстанып, ел мүддесі үшін адал еңбек етсе, қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімі арта түсетіні сөзсіз.
А. САДЫҚОВ,
Іле ауданы әкімі аппаратының
әдеп жөніндегі уәкілі

