Медиасауаттылықтың төмендеуіне кім кінәлі?

Соңғы жылдары әлеуметтік желілердің әсері мен жалған ақпараттың, яғни фейк жаңалықтардың көбеюі қоғамдағы медиасауаттылық деңгейінің төмендеуіне жеткізіп отыр. Көптеген адамдар ақпаратты талдамай қабылдап, оны тексермей таратып жатыр. Бұл құбылыс қоғамдық пікірдің бұрмалануына, жастардың ойлау қабілетіне әсер етіп жатыр. Сондықтан медиасауаттылықтың төмендеу тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның ақпараттық қауіпсіздігіне төнген қатер ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл мәселені уақытылы шешпесек, болашақта дамудың орнына кері қарай құлдырау қаупі бар.
Ақпаратты сыни талдай алатын адам әр жаңалықтың қайдан шыққанын тексереді. Ол факті мен пікірді ажырата біледі. Сондай-ақ эмоционалды манипуляцияға берілмейді әрі ақпараттық манипуляция мен пропаганданың құрбаны болмайды. Медиасауаттылық – адамның ақпараттық қауіпсіздігінің негізі. Медиа тренер Динара Бердібаева:«Бүгінгі медиамәдениет тек хабарламаны оқу емес, оны түсіну, салыстыру және контексті анықтау. Сыни ойлау-ақпарат дәуіріндегі ең күшті қорғаныс» — дейді.Жастардың жылдам контентке үйренуі, яғни әлеуметтік желілерден (Tik Tok,Instagram)қысқа видио көріп шектеліп қалуы әрі жаңалық көзін алмастыруы, сонымен қатар білім беру бағдарламаларында медиасауаттылық сабағының болмауы медиасауаттылық деңгейінің төмендеуінің ең басты себептері болып табылады.
Белгілі тележурналист Әлішер Ерғали:«Қазіргі жастардың көпшілігі жаңалықты Тик-ток пен Инстаграмнан алады. Ал бұл платформалар ақпарат тексеруге емес, назарды ұстап тұруға құрылған». Осы тұста психолог мамандар әлеуметтік желілердің адам психологиясына қалай әсер ететінін айтты. Психолог Айжан Құрманқызы: «Жылдам тұтынатын контентадамның миын терең ойланудан алыстатады.Соның нәтижесінде адам ақпаратты саралап емес,автоматты қабылдай бастайды». Бұл пікірді БАҚ саласындағы бақылау департаменті өкілдері де қолдайды. Олар соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қоғамда дүрбелең тудыратын ақпараттар жиілегенін атап өтті. Ақпараттық қауіпсіздік маманы Қасымхан Базарбаев:«Жалған ақпарат тек жеке адамға емес, мемлекетке деқауіп төндіреді. Фейктер әлеуметтік тұрақсыздықты көбейтіп, қоғамды бөліп жіберуі мүмкін». Жоғары оқу орындары үшін де бұл мәселе маңызды болып қала бермек. Бұл ұсынысқа Білім және ғылым министрлігі жанындағы сараптау тобы да назар аударып келеді. Олар жалпы білім беру бағдарламаларына медиа білім негіздерін енгізуді қарастырып жатыр. ҚазҰУ оқытушысы, медиа зерттеуші Серік Әйтпенов:«Университеттерде медиасауаттылық міндетті пән болуы тиіс. Бұл-болашақ мамандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың жалғыз жолы»— деп атап көрсетті. Медиасауаттылықтың төмендеу салдарынан қоғамда манипуляцияға бейімділік артады. Жалған ақпарат қорқыныш пен сенімсіздік тудырып, жастар зиянды идеологияларға оңай алданып қалады. Қоғам бірнеше көзқарас пен пікіргелерге бөлініп, қақтығыстар күшейе түседі. Мемлекеттік және қоғамдық тұрақтылық әлсірейді
Медиасауаттылық – әр азаматтың ақпарат әлеміндегі қорғаныш қалқаны. Ақпаратты сүзбей қабылдау қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіреді. Сондықтан мектептен бастап университетке дейін, БАҚ-тан бастап отбасыға дейін – ақпаратты тексеру мәдениетін үйрету маңызды. Дұрыс ақпарат – дұрыс ойлау. Дұрыс ойлау – дұрыс шешім деген ұғым қалыптасады.
Мадреймова Айгерім



