Без рубрики

Буллингке жол жоқ – бірлігіміз күш

Қазіргі таңда жастар мен оқушылар арасында кездесетін ең өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Бұл — адамның ар-намысын аяққа таптайтын, психологиялық қысым көрсететін, кемсітіп, қорқытып-үркітетін қауіпті әрекет. Мұндай жағдай әрбір жастың ішкі жан дүниесіне ауыр жара салады және оның болашаққа деген сеніміне кері әсерін тигізеді.

Алатау қаласының жастары үшін басты құндылық — бірлік, сыйластық және өзара қолдау. Біз бейжайлыққа жол бермеуді мақсат тұтамыз. Әрбір жас өзін қауіпсіз сезінетін, еркін ой айтып, талантын дамытатын орта қалыптастыруға міндеттіміз. Сол себепті жастар ұйымдары мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер, ашық пікірталастар, тренингтер ұйымдастырып, буллингке қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Буллингтің алдын алу — тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Себебі мәселені елемеу — зорлыққа үнсіз келісім беру деген сөз. Біз жастарды бір-біріне түсіністікпен қарап, әлсізге қолдау білдіруге, әділетсіздікке төзбейтін азамат болуға шақырамыз.

Әрбір жас біліп жүруі керек: қысымға ұшырасаң — бұл сенің кінәң емес. Көмек сұраудан ұялмау қажет. Жетекші ұстазға, психологқа, ата-анаға немесе достарыңа жүгіну — батылдықтың белгісі.

Алатау қаласының жастары зорлық-зомбылықсыз, мейірімді, ашық қоғам құруды қолдайды. Біз бір-бірімізге тірек болып, сенім білдірсек — буллингке орын қалмайды.

Әрбір жас — қамқорлыққа лайық тұлға.
Буллингке жол жоқ! Бірлігіміз — күш!

Даутқан Тоқжан Мейрамбекқызы
Алатау қаласы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button