Заңның кері күші болмайды – құқықтық әділеттіліктің басты қағидаты

Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабында азаматтардың құқықтық жағдайына қатысты маңызды қағида бекітілген: азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Бұл норма – құқықтық мемлекет қағидаттарының негізін құрайтын әділеттілік пен құқықтық сенімділіктің кепілі.
Аталған талаптың мәні – заң қабылданғанға дейін орын алған қатынастарға ол заңның талаптары қолданылмайды, егер ол азаматтардың жағдайын ауырлататын болса. Яғни мемлекет жаңа талаптар енгізсе, олар тек болашаққа бағытталып әрекет етеді. Бұл – азаматтардың құқықтық тұрақтылығын қорғауға бағытталған маңызды тетік.
Құқықтық жүйенің өзегі болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты орынға қояды. Заңдардың кері күшінің болмауы қағидаты – құқықтық айқындықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік шешімдердің болжамдылығын арттырады. Азамат заң талаптарын алдын ала білуге және өз әрекетін соған сәйкес жоспарлауға құқылы.
Бұл норма кәсіпкерлік қызметте де, әлеуметтік салада да, әкімшілік немесе өзге құқықтық қатынастарда да маңызды рөл атқарады. Егер жаңа заң азаматтарға қосымша міндеттер жүктесе немесе жауапкершілікті күшейтсе, ол тек заң күшіне енгеннен кейінгі жағдайларға қолданылады.
Осылайша, заңның кері күші болмайтыны туралы қағида – әділеттілік пен тұрақтылықтың кепілі. Бұл талап азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, құқық үстемдігін қамтамасыз етеді. Құқықтық мемлекетте әрбір шешім айқын, түсінікті және болашаққа бағытталған болуы тиіс – Конституция бекіткен осы қағида соны қамтамасыз етеді. Алатау қаласының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тоғжан Дауытхан



