Без рубрики

Білім мен белсенділік — табыстың қос қанаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — тек Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі. ҚазҰУ классикалық зерттеу университеті ретінде білім беру, ғылым және инновацияны ұштастыра отырып дамып келеді. Осындай қара шаңырақта білім алу — әрбір жас түлектің арманы.

Мен, Сарқыт Айым, білім жолындағы алғашқы белесімді Алатау қаласындағы №4 орта мектепте бастадым. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, 2022 жылы ҚазҰУ-дың «Экономика» мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Қазіргі таңда 4-курс студентімін. Менің ғылыми ізденістеріме бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп келе жатқан кураторым әрі диплом бойынша ғылыми жетекшім — Есенгелдиева Гульмира.

Университет қабырғасында тек теориялық біліммен шектелмей, ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік алдым. Атап айтқанда: «Әл-Фараби» атындағы халықаралық ғылыми конференция мақалаларының авторымын. «Экономикалық теория» пәні бойынша өткен қалалық олимпиадада жүлделі ІІ орынды иелендім. Оқудағы озаттығым мен ізденімпаздығым үшін э.ғ.д. Гульмира Амангельдиева атындағы атаулы стипендияның иегері атандым. Оқу процесінде RStudio, SmartPLS сияқты заманауи ғылыми-талдамалық платформаларды қолдануды меңгердім.

Менің студенттік өмірім тек дәрістермен шектелмейді. Университет қабырғасында нағыз «активист» ретінде студенттік ұйымдардың мүшесімін. Көптеген лидерлік лекциялар мен түрлі конкурстардың ұйымдастырушысы болып, белсенділігім үшін бірнеше алғыс хаттар мен марапаттарға ие болдым. Бұл тәжірибе маған көшбасшылық қасиеттерді дамытуға үлкен септігін тигізді.

Экономика мамандығы — заманауи нарық талаптарына сай ойлайтын, стратегиялық шешім қабылдай алатын білікті мамандарды даярлайды. Студенттер микроэкономика, макроэкономика, қаржы, халықаралық және цифрлық экономика сияқты іргелі пәндерді меңгереді.

Бүгінде ҚазҰУ түлектері мемлекеттік басқару, банк және қаржы секторы, консалтинг пен ғылым саласында табысты еңбек етіп жүр. Мен де алған білімім мен жинаған тәжірибем арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосатын кәсіби экономист болатыныма сенімдімін.

Сарқыт Айым,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Экономика» мамандығының 4-курс студенті

Басқа жаңалықтар

Back to top button