Еркін жүріп-тұру – конституциялық кепілдік

Елден шығу және Отанға оралу құқығы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағы әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығу құқығын бекітеді. Бұл норма – адамның жеке еркіндігін, қозғалыс бостандығын және халықаралық қатынастарға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін маңызды конституциялық кепілдік.
Аталған тармаққа сәйкес, әр адам Қазақстан Республикасынан еркін түрде тыс жерге шығуға құқылы. Бұл құқық азаматтарға шетелде білім алуға, жұмыс істеуге, саяхат жасауға, емделуге немесе туыстарымен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қазіргі жаһандану дәуірінде бұл құқықтың маңызы арта түсуде, себебі халықаралық байланыстар жеке және кәсіби дамудың ажырамас бөлігіне айналды.
Сонымен қатар, Конституция бұл құқықтың абсолютті емес екенін де айқындайды. Яғни, елден шығу құқығы заңда белгіленген жағдайларда және көзделген тәртіппен шектелуі мүмкін. Мұндай шектеулер ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қолданылады. Мысалы, сот шешімі бойынша немесе заңда көрсетілген өзге де негіздер болған жағдайда уақытша шектеулер енгізілуі ықтимал.
Ерекше назар аударатын мәселе – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз оралу құқығы. Бұл норма азамат пен мемлекет арасындағы тұрақты құқықтық байланысты білдіреді. Қандай жағдай болмасын, Қазақстан азаматы өз еліне қайтып оралу құқығынан айырылмайды. Бұл – азаматтықтың мәнін айқындайтын және мемлекеттің өз азаматтарына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды қағида.
Қорытындылай келе, Конституцияның 24-бабының 2-тармағы – халықаралық еркін қозғалыс құқығын және азаматтардың Отанымен ажырамас байланысын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық норма. Ол адамның еркіндігін, құқықтық қорғалуын және мемлекеттің конституциялық кепілдіктерін нақты айқындайды. Алматы облысы қоғамдық келісім және даму бойынша Алатау қаласы бойынша жетекші сарапшы
Қазақстан Респубилкасының мәдениет саласы үздігі Қоғам қайраткері Сембиев Ғабит Ибайдуллаұлы



