Без рубрики

Іле ауданында жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

Іле ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін қуанышты күн болды. Бүгін аудан тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталып, көптеген отбасының баспаналы болу арманы орындалды.

Салтанатты рәсім Іле ауданы аумағындағы Galamat тұрғын үй кешені алаңында өтті. Іс-шараға аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Өз сөзінде әкім тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бастама халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстардың нәтижесі екенін айтты.

«Galamat» тұрғын үй кешенінде барлығы 174 пәтер бар. Бүгін оның 82-сі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Қалған пәтерлерді кезең-кезеңімен Отбасы банк арқылы үлестіру жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Іле ауданында баспанаға мұқтаж 5430 азамат тіркеуде тұр. Олардың қатарында 1888 көпбалалы отбасы, 2030 әлеуметтік осал топтағы азамат, 802 жетім бала мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ 710 бюджеттік сала қызметкері бар.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жыл басынан бері кезекте тұрған азаматтардың 144-і жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізді. Ал 88 азамат жалдамалы пәтерге орналастырылды.

Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, аудан тұрғындарына қосымша 311 пәтер жалға беріліп, тағы 25 несиелік тұрғын үй халық игілігіне ұсынылмақ.

Осылайша, Іле ауданында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып қала бермек. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button