РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ АҚСАЙДА ӘЖЕЛЕР АНСАМБЛІ ҰЛТТЫҚ ӘНДЕР ШЫРҚАП, ТҰРҒЫНДАРҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ
15 наурыз күні Қазақстан бойынша өтетін республикалық референдум аясында Ақсай ауылдық мәдениет үйінің ауласында мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Бұл аумақта екі сайлау учаскесі орналасқан.
Шара барысында «Аққабақ» әжелер ансамблі қазақтың ұлттық әндерінен попурри орындап, жиналған тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Әуезді әндер көрермендердің көңілін көтеріп, шараға келген тұрғындар ұлттық өнердің әсемдігін бірге сезінді.
Кеш барысында қазақтың халық әндері әуелеп шырқалып, ұлттық мәдениетіміз кеңінен дәріптелді. Көрермендер өнерпаз әжелерге қолдау көрсетіп, әсерлі сәттердің куәсі болды.
Мәдени іс-шара Іле ауданының Құрметті азаматы, Ақсай ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрайымы Байбосынова Бижамал Қасымбекқызының бастамасымен ұйымдастырылды.
«Ұлттық өнер – халықтың рухани байлығы. Осындай шаралар арқылы ауыл тұрғындарының басын қосып, салт-дәстүрімізді дәріптеуді мақсат еттік», – деді ұйымдастырушы.



