Референдум күні Боралдай кентінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Өткізіліп жатқан референдум аясында Боралдай кентінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке Бостанова көшесі бойында орналасқан №338, №339 және №346 референдум учаскелерінің маңында өтуде.
Жәрмеңкеде тұрғындарға жергілікті өндірушілердің жаңа әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Мұнда ет және сүт өнімдері, көкөністер, жеміс-жидектер, сондай-ақ басқа да тұрмысқа қажетті азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау және тұрғындарға табиғи әрі сапалы өнімдерді тиімді бағамен ұсыну. Сонымен қатар, референдум күні тұрғындарға қосымша қолайлы жағдай жасау көзделген.
Бурундай кентінің тұрғындары жәрмеңкеге белсенді қатысып, ұсынылған өнімдерді сатып алып жатыр. Көпшілік мұндай шаралардың халық үшін тиімді екенін айтып, жергілікті шаруалардың өнімдерін тікелей сатып алу мүмкіндігіне оң бағасын беруде.
Айта кетейік, жәрмеңке күні бойы жұмыс істейді. Тұрғындар қажетті өнімдерін сатып алып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерімен таныса алады.



