Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысы

Іленің ізімен жазылған тағдырлар кітабы

Көктемнің шуақты күні Іле төрінде ерекше рухани сәттің куәсі болғандай әсер қалдырды. Ауданның мәдени өміріне серпін берген бұл жиын – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Өнер мен тағдыр, тарих пен тағылым тоғысқан бұл кеш жүрекке жылу, ойға тереңдік сыйлады.

Іле аудандық мәдениет үйінің төрінде өткен тағылымды шара – Іле аудандық тілдерді дамыту орталығының директоры Бақытгүл Бектенқызы Каршалованың “Іленің ірі тұлғалары” атты кітабының тұсаукесері болды. Бұл – жай ғана кітап таныстырылымы емес, тұтас бір өңірдің рухани шежіресін жаңғыртқан мәнді кездесу.

Жиынға елге белгілі тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері жиналды. Қазақстанның құрметті жазушысы, ҚР педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор, қоғам қайраткері Марат Байділдаұлы Тоқашбаевтың қатысуы кештің маңызын айшықтай түсті. Сонымен қатар, Іле аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдибекұлы Исаев, Алматы облысы “Тіл оқу-әдістемелік” КММ басқарма басшысының орынбасары Индира Рақымқызы Ұзақ, Іле аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Мейрамкүл Түйебайқызы Жабиева және өзге де қонақтар игі тілектерін арнады.

Шара барысында Индира Рақымқызы авторға арнайы құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Бұл – еңбектің еленіп, ізденістің бағаланғанының белгісіндей көрінді. Ал Аналар кеңесінің төрайымы Мейрамкүл Түйебайқызы ақ жаулығын жауып, Бақытгүл апаймен бірге өткен еңбек жолдарын еске алып, жүрекжарды лебізін білдірді.

Тұсаукесердің тағылымды сәті – ақсақалдар батасымен өрнектелді. Әмзе Әлдибекұлы Исаев ақ батасын беріп, кітаптың тұсауын кесті.

“Іленің ірі тұлғалары” кітабы – туған жердің қадірін арттырып, ел есінде қалған тұлғалардың өмір жолын дәріптейтін құнды еңбек. Кітап мазмұны екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім – “Өнер тарландары” деп аталып, қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан азаматтардың тағдырын арқау етеді. Мұнда тұңғыш кәсіби режиссерден бастап, күй өнерінің құдіретін жеткізген саңлақтар мен театрға адал тұлғалардың өмірі баяндалады.

Екінші бөлім – “Қоғам қайраткерлері” деп аталады. Бұл бөлімде қарапайым еңбеккерден бастап, ел басқарған азаматтарға дейінгі түрлі тағдыр иелерінің еңбегі көрініс табады. Әрбір кейіпкер – Іле өңірінің мақтанышы, елдің тірегі болған жандар.

Кітап авторы Бақытгүл Бектенқызы өз сөзінде: «Бұл кітап – жүрегімнен шыққан еңбек. Іле өңірінің ірі тұлғалары туралы деректерді жинақтау мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Осы кітаптың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға және бүгінгі жиынға келіп, қолдау көрсеткен қонақтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деп ағынан жарылды.

Жиын барысында қатысушылар өз тілектерін білдіріп, кітаптың маңыздылығына тоқталды. Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ардақ Ахметжанқызы да ізгі лебізін жеткізіп, мұндай еңбектердің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше екенін атап өтті. Бұл кеш – тек бір кітаптың таныстырылымы ғана емес, тұтас бір өңірдің рухани байлығын дәріптеген мазмұнды басқосу болды. Кітап арқылы Іленің кешегісі мен бүгіні, тұлғалары мен тағдырлары қайта жаңғырып, оқырманға жол тартты.

Шара соңында қонақтарға кітаптар таратылып, дастарқан жайылды. Жиналған қауым жылы әңгіме өрбітіп, рухани кештің әсерімен тарқасты. Осындай еңбектер – ел жадын жаңғыртып, ұрпаққа өнеге болар рухани мұра. “Іленің ірі тұлғалары” – тек өткеннің шежіресі емес, болашаққа бағыт берер құнды қазына болары сөзсіз. Автор Бақытгүл Бектенқызына қаламыңыз қарымды, еңбегіңіз жемісті болсын деп тілеймін! Іле руханиятына қосқан үлесіңіз үшін алғысымыз шексіз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button