Аудан жаңалықтарыҚоғамМәдениетМерекелерТұлға

Ұлы абай – қазақ әдебиетінің шамшырағы

Құрметті
Іле ауданының тұрғындары!
Сіздерді ұлтымыздың ұлы ойшылы, кемеңгер ақыны, ағартушысы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының құрметіне арналған 10 тамыз – Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ғана емес, адамзат өркениетінің рухани биігіне көтерілген бірегей тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері ұлттың болмысын, дүниетанымын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін, рухани құндылықтарын терең танытып, бүгінгі күнге дейін өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Абай мұрасы – елді бірлікке, жастарды білім мен ғылымға, адал еңбек пен адамгершілікке үндейтін сарқылмас қазына.
2020 жылдан бастап 10 тамыздың ресми түрде Абай күні болып белгіленуі – ұлы ақынға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі. Бұл – қазақ руханиятының мәртебесін көтеріп, ұлт құндылықтарын ұлықтайтын тарихи шешім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», – деп атап өтті. Бұл – Абай тағылымының қазіргі қоғам үшін де өзектілігін айқындайтын маңызды тұжырым.
Хакімнің «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Ұлы ақынның асыл мұрасы өскелең ұрпақты елін сүйетін, білімді, еңбекқор әрі отаншыл азамат болып қалыптасуға жетелейді.
Осынау мерейлі күні барша Іле ауданының тұрғындарына рухы мықты, Абай айтқан «толық адам» болып қалыптасуларыңызды, шаңырақтарыңызға амандық, бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Ұлы Абайдың рухани мұрасы әрдайым халқымыздың бірлігіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне қызмет етіп, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына жол көрсете берсін.
Абай күні құтты болсын!

Қайыржан Жақсымбетов,
Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button